Белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков дүниеден өтті
22.02.2025
0
Оқылды:60
Белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков 82 жасында өмірден өтті. Бұл туралы ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook-тегі парақшасында жазды.
Сурет massaget.kz
– Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, 10-15 минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын…
Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын, – деп жазды Қасымхан Бегманов.
Дулат Исабеков – 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1963-68 жж. Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-70 жж. «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-76 жж. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-80 жж. «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі, 1980-88 жж. ҚР Мәдениет минстрлігі репертуарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, 1988-97 жж. Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылдан Мәдениеттану ғылыми институтының директоры болған. Бүгінгі таңда республикалық мәдени-сараптамалық «Мәдениет» журналының бас редакторы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры.
Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуелсіз Қазақ ПЕН-клубы мен платиналы «Тарлан» сыйлықтарының, «Достық», «Құрмет» орденiнің иегері. Қазақстанның Құрметті жазушысы.