Ресми

Жазатайым жағдайда қайтпек керек?

Қарағанды қаласындағы Отбасын қолдау орталығы көпбалалы аналарға жазатайым оқиғалар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету жөнінде тренинг өткізді. Тренерлер, атап айтқанда, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері, медицина және апаттар орталығының дәрігерлері, психологтар биіктен құлап жарақат алғанда, улану, суға бату және құрысулар кезінде қалай әрекет ету керектігін айтты. Ал, тыңдаушылар білімдерін тәжірибелік сабақтарда тексеруге мүмкіндік алды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

– Жаз кезінде балалар көп жағдайда өз беттерімен жүреді. Түрлі оқиғаға ұшырайтындары да дәл осы кезде. Мәселен, жаз басталғалы елімізде жүзден астам бала терезеден құлап кетті. Ал, Қарағанды облысында 14 бала. Олардың екеуі, өкінішке қарай, қайтыс болды. Осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тренинг өткізіп отырмыз. Тренинг барысында көпбалалы аналарға қандай да бір жағдайда өзін қалай ұстап, қалай әрекет ету керектігін көрсеттік, – дейді Қарағанды қаласының төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Петимат Якубова.

Төтенше жағдайдағы ең маңыз­ды ереже – сабырлылық сақтау және жағдай туралы құтқару қыз­метіне жедел хабарлауға тырысу керек екенін айтады тренерлер. Бұл, әсіресе, өмірге қауіп төніп, әр сәт санаулы болғанда маңызды.

– Мамандығымызда ең өкін­ішті сәт – құтқаруға уақыт жетпей қалатыны. Біз дер кезінде көмек көрсетіп үлгеруіміз үшін оқиға куәгерлері төтенше жағдай туралы дереу хабарлауы тиіс. Балаларға өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін немесе олардың көз алдында біреу батып жатса, не істеу керектігін үйреткен дұрыс. Бұл дағдылардың барлығы әркімге өте қажет, – дейді Апаттар медицинасы орталығының дәрігері Алмагүл Алдабекова.

Сонымен қатар, тренинг барысында аналарға жанама жүрек массажын жасау көрсетіліп, ұстама кезінде адамды қалай дұрыс жатқызу керектігі айтылды.

«Мұндай практикалық сабақтар тұрақты негізде өтеді», – дейді Отбасын қолдау орталығының қызметкерлері.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button