Карантин талаптары мен қауіпсіздікті берік ұстанудың індетке тосқауыл қоятындығы әлдеқашан дәлелденген. Дүние жүзінің көптеген елдері осындай темірдей тәртіпке мойынсұнып, індетті аластатқаны да шындық. Әр қала, ауданда құрылған мобильдік топтар бұл талаптардың бұлжымай орындалуын қадағалайды. Әсіресе, қызыл аймақтағы біздің облыс үшін мұның мәні зор. Теміртау қаласында да бақылау күшті. Мобильдік топ кәсіпкерліктегі қауіпсіздікті ұдайы тексеруде. Жыл басынан бері дербес топтар 3 мыңнан астам нысанға барған. Қазір де күніне бірнеше рет бақылауға шығады. Құрамында БАҚ өкілдері бар мобильдік топ «Афган», «Городок» кафелеріндегі, «Әлем» сауда-ойын-сауық орталығындағы карантин талаптарының орындалысына көз жеткізді.
Теміртау қаласында 16 мобильдік топ құрылған. 50 адамнан жасақталған оның қатарында санитарлық дәрігерлер, полиция қызметкерлері, еріктілер және әкімдік өкілдері бар. Жыл басынан бері карантинді бұзған 72 әкімшілік хаттамасы толтырылыпты. 34 кәсіпкерге айыппұл салынған.
«Афган» кафесінде рециркулятор күн ұзақ жұмыс істейді. Дәмхана күндізгі сағат 12:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Сол уақыт аралығында тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық норманы қатаң ұстанамыз. Бізде ешбірзаң бұзушылық болған жоқ. Бірде-бір айыппұл салынбады. Банкет өткізбедік. Мобильдік топтар күніне екі рет, аптасына үш рет келуі де мүмкін», – дейді дәмхананың басшысы Инна Юферова.
Дәмханадағы рециркулятордың кварцтан айырмашылығы оны адам отырғанда қосуға болады. Ағзаға зияны жоқ. Сол себепті, күні бойы қосулы. Ол вирустарды жояды. Дәмханада санитарлық тазалау жұмыстары күніне үш рет жүргізіледі. Асханада – кварц. Кафе 50 адамға шақталған. Соған байланысты 30-ға толар-толмас адамға қызмет көрсетеді екен.
«Городок» кафесіне карантин оңайға соқпағанын айтады иелері. Карантин шараларын сақтамағаны үшін де айыппұл салынған. «Қазіргі уақытта дәмхана қауіпсіздіктің талаптарын берік ұстануға кірісті», – деді кафе басшысы Екатерина Богданова.
Теміртау қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Абдрахманова мобильдік топтардың жұмысы жазалауға емес, түсіндіруге негізделгенін жеткізді.
– Тіпті, санитарлық талаптарды үнемі бұзатын нысандар бар. Мобильдік топтар барған сайын бұған дейінгі заң бұзушылықтарды жоймайды. Бір заң бұзушылықты кәсіпкер жиі қайталаса, ол ескертулерді орындамаса, нысанның жабылу қаупі бар. Мобильдік топтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі үшін арнайы семинарлар өткізіледі, – дейді Айнагүл Абдрахманова. Топтар тұрғындар көп жиналатын қоғамдық ұйымдардағы қауіпсіздіктің сақталуына ден қоюда. Ондай орынның бірі – сауда-ойын-сауық орталықтары. Теміртауда мұндай – бесеу. «Әлем» сауда үйінің басқарушысы Елена Джаугашеваның айтуынша, орталықта санитарлық нормалар қатаң сақталған.
– Кіреберісте антисептиктер, температураны өлшеу құралы, кілемшелер бар. Сонымен қатар, күзетшілер тұр. Олар сауда үйіне келген қала тұрғындарынан бетперде киюді сұрайды. Бетпердесіз сауда үйіне кіруге рұқсат жоқ. Санитарлық нормаларды, арақашықтықты сақтауды талап етеді. Мұның бәрін өзіміз ұстануға тиіспіз. Денсаулығымыз өзімізге байланысты, – дейді сауда үйінің басқарушысы Елена Джаугашева.
Қызғалдақ АЙТЖАН.
ТЕМІРТАУ қаласы.