Жаза жеңілдегенмен, жауапкершілік ауырлайды
Өткен жылы облыста есірткі тарату қылмысын – (закладка) жасап ұсталған 72 адам соттың үкімімен темір торға қамалып, жазасын өтеп жатыр. Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша жаза – ауыр. Мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Әлбетте, заң – бәріне ортақ. «Жаза бастым, жаңылдым немесе, небары бір рет қана есірткі жасырып едім» деп, қанша жерден өкініп, кінәңді мойындағаныңмен, жаза – біреу. Себебі, дәл осы есірткіге қатысты жасалған қылмыстардың халық денсаулығына және имандылыққа қарсы құқық бұзушылықтар ретінде саралануы да оның салмағын ауырлата түседі. Бірақ, өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады десек, қай күні және қашан басымызға қайғының қара бұлты үйірілеріне ешқайсымыз кепілдік бере алмаймыз. Есірткі жасырып ұсталғандардың да әрқайсысының тағдыры – әр алуан. Көбі – небары бір рет жасырып үлгерместен-ақ, полицияның құрығына түскендер. Бірақ, бұдан былай жаза басқанның жазасы жеңілдейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған, биылғы наурыздан күшіне енетін заң негізінде «закладчиктердің» жазасы жеңілдеп, тіпті, бірқатары мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін.
Аймақта өткен жылы есірткіге қатысты қылмыс жасаған 172 адам анықталып, ұсталғанын айтады облыстың полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ғалымжан Бекболатов. Оның алтауы – ТМД азаматы, үшеуі – шетелдік болса, 16-сы – әйел. Есірткі жасыратындар арасында балалардың да бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, 172 адамның 11-і – кәмелетке толмағандар.
Бұл ретте «есірткі жасырушы» санаты бойынша – 36 адам, «оператор-өлшеп-ораушы», «тасымалдаушы», «көтерме сауда курьері» санаттары бойынша 18 адам ұсталған.
– Қылмыс жасайтындардың дені – орта жастағы азаматтар. Атап айтар болсақ, 16-дан 35 жас аралығындағылар. Ал, есірткінің заңсыз айналымын ұйымдастырушылар жасөспірімдерді көп жағдайда өздерінің қылмыстық мақсаттарында пайдаланады, – дейді Ғалымжан Халелұлы.
Наурызда күшіне енетін заң есірткі өндірісіне жауапкершілікті де күшейтетінін де айту керек. Енді бұл үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе мүлкі тәркіленіп өмір бойына бас бостандығынан айыру қаупі бар.
Одан бөлек, лауазымды тұлғалардың есірткі таратқаны үшін жаза тіпті қатаң. Егер бұрын мүлкі тәркілену арқылы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болса, жаңа заң күшіне енгенде жаза мерзімі 20 жылға дейін ұзартылады.
Ал, есірткі жасырушылар, яғни, «закладчиктер» үшін жаза жеңілдейді. Егер бұрын олар бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін болса, енді бес жылдан сегіз жылға дейін азаяды.
Бұл қадам есірткі курьерлерінің негізінен жасөспірімдер екендігіне және олардың өздерінің есірткі дайындамайтындығына негізделген. Бұл ретте есірткі жасырғаны үшін қайта айып тағылған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қаупі бар.
– Жазаны мұндай жеңiлдету жасөспiрiмдердің немесе жастардың, яғни, «закладчиктердің» есірткіні өздері дайындамайтындығына және өңдемейтініне байланысты. Олардың өздерін де құрбан деп айтуға болады. Қаржы тапшылығынан қиналып, табыс табамын деген оларды қылмыстық мақсатта пайдаланып, ақыры түрмеден бір-ақ шығады, – дейді Ғалымжан Бекболатов.
Ғалымжан Бекболатұлы елімізде есірткі қылмысы үшін сотталған 4 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатқанын айтады. Ал, заң күшіне енгенде шамамен 2430 іс қайта қаралуы мүмкін. Оның ішінде 427 адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылса, 894 адам мерзімінен бұрын босауы мүмкін. Ал, 1109 сотталушының жазасы неғұрлым жеңіл жазаға ауыстырылады. Бірақ, ол – соттың құзырында.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»