Жаза күшейтілді, жаза басу тыйыла ма?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Оған сәйкес, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілік күшейтіліп, отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізіледі.
Бұдан былай отбасында зорлық-зомбылыққа жол бергендер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» делінетін 73-бабы бойынша жазаланбайды. Зорлықшыл тараптың әрекетінде қылмыстық құрамның болуына байланысты тергеп-тексеру органы мұндай іс-әрекетті Кылмыстық кодекс бойынша саралап, сотқа жібереді.
– Заңға енген өзгерістер – маңызды. Ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақатын келтіру бойынша істерді қарау кезінде Қылмыстық кодекс негізге алынады. Яғни, ол 2017 жылы қылмыссыздандырылғанға дейін 108 және 109-бабы бойынша қаралса, заң күшіне енгеннен кейін сол норма қайтып келеді, – дейді «Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығының» жетекшісі, облыстың полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаева.
Заң күшіне енгенде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қасақана ауырлығы орташа және денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жауаптылық күшейтілді. Яғни, сот мұндай қылмыс үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырады.
Одан бөлек, заңда неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке-отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты көзделген.
Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасап қана қоймай, азаматтардың өтініштерін қарау қорытындылары бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат беру міндеті енгізіледі.
Жаңа заңда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмыс істеуі мәселелері заңнамалық түрде бекітілгенін де айту керек.
Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу және жәрдемдесу, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау үшін де енді қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Заң бойынша кәмелет жасына толмағандарға жыныстық сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін де жауапкершілік күшейтіледі. Егер бұған дейін педофилия үшін қылмыстық кодекстің 121-бабы, яғни, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылса, бұдан былай, өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Жас баланы өлтіргені үшін де дәл солай.
Одан бөлек, кәмелетке толмаған баланы ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін де жаза айтарлықтай күшейтілді. Жаңа заңда баланы қорқыту, кибербуллинг үшін де жаза қарастырылған. Кәмелетке толмаған баланы алғаш рет қорқытсаңыз, алдымен Әкімшілік кодекс бойынша жаза аласыз, қайталанар болса, ол – қылмыс.
Ал, білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті.
Жаңа заңда 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларда жолақысы болмаған кезде оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынғанын да айту керек.
Салтанат ІЛИЯШ,
ortalyq.kz