Жаз жауапкершілікті күшейтеді
Биыл облыста 16 мыңнан астам оқушы 9-сыныпты аяқтайды. Сондай-ақ, 11-сыныпты 8 267 түлек бітіреді. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 222 оқушы болса, 9-сынып түлектерінен 858 оқушы үздік аттестат алады. Бұл жайлы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова облыс әкімінің аппарат жиынында баяндады.

Соңғы қоңырау қалай өтеді?
Гүлбақыт Жүнісованың айтуынша бүгінде облыста 175 мың (175 162) оқушыны қамтитын 404 мектеп жұмыс істейді. 9-сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихандар 2025 жылғы 29 мамыр-10 маусымда, ал, 11-сынып түлектері үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау 30 мамыр-16 маусым аралығында өтеді. 9-сынып оқушылары жалпы орта білім беру бағдарламасын меңгерген соң 4 емтихан, 11 сынып оқушылары 5 емтихан тапсырады.
Жалпы білім беретін мектептерде соңғы оқу күні – 23 мамыр. Аталған күні мектептерде бірыңғай «Білімім – Отанымa» тақырыбында сынып сағаты өтеді.
– Барлық мектептерде және ата-аналар арасында «Соңғы қоңырау» шарасын өткізу тәртібі мен қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүруде. Бітіру кештерін мейрамханаларда өткізуге, елдімекендерден тыс жерлерге шығуға, экскурсиялар ұйымдастыру, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді шақыруға жол берілмейтіні ескертілді. Бұл шектеулер оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау мақсатында енгізілген, – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы.
Мектеп бітірушілерге аттестаттар 18 – 20 маусым аралығында табысталады.
ҰБТ-ға 7 445 өтініш қабылданды
Биылғы ҰБТ 16 мамырдан 5 шілде аралығында облыстағы 3 тестілеу орталықта ұйымдастырылады. Әр қатысушыға тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік бар. Дегенмен білім гранты конкурсына ең жоғары нәтижесі есепке алынады. Өтініш беруге 12-18 сәуір аралығында – бір рет, 19-25 сәуір аралығында – бір немесе екі рет мүмкіндік болды. Тестілеу күні, уақыты мен орны app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильдік қосымшасы арқылы таңдалды. Екі мүмкіндік үшін бірдей бейіндік пәндер комбинациясы бекітілді.
Айта кеткен жөн, тестіде барлығы 120 тапсырма бар. Ұзақтығы – 240 минут. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар қатысушылар үшін қосымша 40 минут беріледі.
Жұмысшылардың балалары ескеріледі
Гүлбақыт Серікжанқызының айтуынша, облыста «2024-2026 жылдардағы жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтырып, демалысын, бос уақытын дұрыс өткізуге бағытталған шаралар жоспары» бекітілді. Алдын ала жиналған деректер бойынша биылғы жылы 1-10 сынып оқушыларының 152 мыңға жуығының жазғы сауықтыру және бос уақытын ұйымдастыру жоспарланған. Сауықтыру биыл 9 қала сыртындағы, 288 мектеп жанындағы лагерьлерде тамақтандырумен және мектеп жанындағы 311 бейінді алаңдарда тамақтандырусыз өтеді.
– «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры жобасы аясында биыл 970 оқушы (5-8 сынып) Алматы қаласының «Таужанашар», «Бақсы» балаларды сауықтыру орталықтарында демалады.
Бүгінгі таңда лабораториялық зерттеуге 7 лагерь өтінім беріп, қаралуда (Салют, Жас турист, Ақтоғай ауданы, Факел, жекеменшік: Теміртау қаласы, Факел, Орленок, Березняки, Романтик). Зерттеудің оң нәтижелерін алғаннан кейін, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен өртке қарсы қызметтің қорытындыларын алу үшін өтінімдер беріледі.
Былтыр Ақтоғай ауданында бірінші рет киіз үй лагері жұмыс жасады. Биыл жұмысын жалғастырады. 5 маусымда 150 баланы қамту жоспарлануда. 1 киіз үйде 10 бала тұрады, – деді Гүлбақыт Серікжанқызы.
Осы орайда облыс әкімі лагерьлердегі балалар қауіпсіздігі мәселесін ерекше назарға алу қажеттігін атап өтті.
– Жазғы демалысты әсерлі, мәнді ұйымдастырудан бөлек, балалардың қауіпсіз жағдайда демалуын қамтамасыз ету керек. Бұл жерде ерекше қауіпсіздікті бірнеше органдар қамтамасыз етеді. Орталықтардың санитарлық талаптарға сәйкестігі тексеріліп, өрт қауіпсіздігі мәселелері қамтылуы тиіс. Сондай-ақ, көптеген демалыс орталықтарында балалардың суға шомылудағы қауіпсіздігі қарастырылғаны жөн. Ал, полиция органдары қоғамдық тәртіпке мұқият қарауы тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекбаев.
Жиында сондай-ақ, биыл кәсіпорындар қаражаты есебінен «Қармет» және «Қазақмыс» кәсіпорындарының мыңнан астам жұмысшы балалары демалатыны айтылды. Аумағында лагері жоқ Шахтинск, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра аудандарының білім бөлімдері Алматы, Көкшетау, Түркістан облыстарының лагерьлерінде демалу үшін көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 300 балаға жолдама сатып алынған.
– Биыл 140 мыңға жуық баланы оның ішінде, әлеуметтік осал топтарынан 16 мың баланы бос уақытын ұйымдастырумен қамту жоспарлануда. Жазғы кезеңде мыңға жуық жасөспірім түрлі кәсіпорындарда жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр. Мысалы, 4 990 оқушы «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Жазғы кезеңде барлық 45 қосымша білім беру ұйымдары бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді, – деп атап өтті білім басқармасының басшысы.
Мектеп жанындағы лагерьлер 2 маусымда жұмысын бастайды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Дәрігерге дейін алғашқы көмек көрсету» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлердің педагогтарына балалардың қатысуымен болған оқыс жағдайларда алғашқы көмек көрсету үйретіледі.
«Салют» сауықтырады
Биыл жылдағы дәстүрмен «Салют» балалар лагерінде әрқайсысының ұзақтығы 12 күн болатын 4 ауысым өткізу жоспарлануда. Жаз бойы 7-13 жас аралығындағы 1440 бала демалыспен қамтылады. Олардың басым бөлігі әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балалар, көпбалалы, аз қамтылған, жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар.
– Биыл балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 170 төсек, 720 төсек-орын, 360 көрпе және 360 сүлгі сатып алынды. Сонымен қатар, әрқайсысы 20 орынға арналған 3 дәретхана, 2 футбол алаңы салынып, 4 жатын үйдің едендері толығымен ауыстырылды. Балаларды қабылдау күні 10 маусымға жоспарлануда, – деп атап өтті «Салют» лагерінің директоры Гүлмира Алпысбаева.
Орталықта балалардың жан-жақты дамуы үшін 7 үйірме жұмыс жасайды.
Спортпен шұғылдану және балаларды сауықтыру үшін аумақта екі футбол, волейбол алаңы, балалар ойын алаңын қоса алғанда, спорттық инфрақұрылым бар. Сондай-ақ, үстел ойындары (дойбы, шахмат, бадминтон), екі теннис үстелі, доптар, арқан, кегльдер және басқа да спорттық аксессуарлар бар. Барлық спорттық жабдықтар жаңартылған және жұмыс күйінде.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»