Абай ауданында жаз мезгілі уақытында бір емес, екі жерде бірдей жүзу бассейндері ашылды. Оның бірі Абай қаласындағы “Жігер” стадионында болса, екіншісі Топар кентінің саябағында орналасқан.

Бұл бассейндердің ені мен ұзындығы 15 метрден де, тереңдігі 1,5 метрді құрайды. Олардың жұмыс істеуі үшін 3 сорғы пайдаланылып, кварц құмымен сүзгіленеді. Ашық аспан астындағы бассейндер суы күн сайын жапырақ пен қоқыстан тазартылып, химиялық препараттар қолданылады.
Жазғы жүзу бассейндері санитарлық дүйсенбіден басқа күндері 11 мен 19 сағат аралығында белгіленген кестемен жұмыс істейді.
Әр бассейнге жүзу жөніндегі нұсқаушы бекітіліп, олар бір мезетте суға түсушілер санының 30-дан аспауы мен олардың суда болуының күніне бір сағаттан аспауын қадағалайды. Сеанстар арасында бассейндер келесі топ жиналғанша жабық болады.
Суға түсу кезінде ережелер сақталынып, 6 жасқа дейінгі балалар үлкендерсіз шомылуға жіберілмейді.
– Сол үшін ересектер медициналық анықтама тапсырып, гигиеналық және эстетикалық талаптарға сай киімде болып,200 теңге төлеулері тиіс, – дейді аудандық Спорт орталығының әдіскері Юлия Герд. – Ал 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер бір реттік ішкиім – памперсте болғаны жөн. Балаларға суға түсетін баскиімдер жалға беріледі. Бассейнге шомылар алдында душ қабылдап, түрлі кремдер мен майларды жақпау керек.
Сонымен, Абай ауданының қос елді мекенінде ашылған жүзу бассейндеріне осы аймақ халқының жаздың ыстығында келіп, суға түсіп,айнала қойылған орындықтарда отырып, демалуларына болады.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы