Жазғы демалыс: қауіпсіздікті күшейту қажет
Қарағанды облысындағы 172 мың оқушы 1 маусымнан бастап, жазғы демалысқа шығады. Облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.
– Балалар жазда таза ауада көп уақыт өткізеді. Оларға барынша қауіпсіз жағдай жасау қажет. Жолдағы, су айдынындағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мүмкіндігінше балалардың көпшілігін мәдени-бұқаралық іс-шараларға тарту, оларды үйірмелер мен секцияларға жұмылдыру, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі туралы ата-аналармен әңгіме жүргізу керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жазғы демалысқа шығатын 172 мың оқушының 7 мыңнан астамы 11-сынып бітіреді. 150 мыңға жуық кәмелетке толмаған оқушы лагерьлерге барып, жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 7 мыңнан астамы қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі. Ауыл мектептерінің 500 оқушысы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен жазғы лагерьлерде демалады.
Сондай-ақ, өңірде 5 маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайды. Облыста алғаш рет олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар 360 балаға арналған арнайы мектеп-интернаттар базасында жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, маусым айында өңірде «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь», «Қауіпсіз алаң» ауқымды профилактикалық акциялары өтеді.
Аппарат кеңесінде Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов биылғы түлектердің 40%-дан астамы қарағандылық екенін атап өтті. Осы жылы Қарағандыда 3 мыңнан аса оқушы 11-сынып бітірсе, 6 536 оқушы 9-сыныпты аяқтайды. Сонымен қоса, қала әкімі 1 маусым – Балаларды қорғау күні, яғни жаздың бірінші күні қалалық төрт алаңда аталатынын айтты.
Мейрам Қожуховтың айтуынша, 1 маусымда күзет іс-шараларына ішкі істер бөлімінің 158 қызметкері жұмылдырылады. Қарағанды бойынша әрбір оқу орнына қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін екі полиция қызметкері бекітіледі.
– Балаларды қорғау күні мерекесіне арналған негізгі қалалық іс-шаралар төрт алаңда өтеді. Олар – Қарағандыдағы орталық саябақ, Майқұдық саябағы, теміржолшылардың мәдениет сарайы және Жастар мәдениет үйі. Сондай-ақ, барлық мерекелік іс-шаралар аяқталғанға дейін саябақтарда тәртіп сақшылары, ТЖБ және жедел жәрдем қызметі кезекшілік етеді, – деді қала басшысы.
Сонымен қоса, Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков аппарат кеңесінде металлургтер қаласының балалары мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде жазғы демалысын өткізіп, «Жасыл ел» көгалдандыру жасақтарына және басқа да пайдалы жобаларға қатысатынын атап өтті.
– Мектептерде мектеп жанындағы лагерьлер екі ауысыммен жұмыс істейді, онда 3 400 баланы қамтимыз. Жазғы демалыс кезінде 4 580 бала қосымша білім беру ұйымдарына, үйірмелерге қатысады. 450 бала «Жасыл ел» ұйымына қатысып, жұмыспен қамтылады, – деді Ораз Қайсаұлы.
Теміртау қаласы әкімінің айтуынша, былтырдан бастап Теміртауда «Aulafit» республикалық әлеуметтік жобасы қарқынды іске асырылуда. Бұл жоба тұрғындардың үй ауласында спорттық-сауықтыру жаттығумен айналысуын көздейді және әр адам үшін үйден жаяу қашықтықта спортпен шұғылдануға тегін мүмкіндік беруді мақсат етеді. Мұнда, спорттық инфрақұрылым бойынша аулаларда спорттың әр түрімен айналысуға мүмкіндік болады.
– Бұдан басқа, бізде аула клубтарының желісі ашылды. Мұнда аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар жұмыспен қамтылып, қауіпсіздігін бақылау қамтамасыз етіледі. Ата-анасы жоқ және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға келетін болсақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ демеушілік қолдауымен және қалалық мәслихат депутаттарының көмегімен 150 бала қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бірнеше есеге арттырып, 15 мыңға жуық баланың еріктілік қызметке, түрлі фестивальдар мен көшпелі лагерьлерге қатысуын қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Теміртау әкімі.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz