АймақБалқаш

Жаяу жарыстың жүйріктері анықталды

Мыс шаһарында күз айының басты спорттық шарасы – жүгіруден жаппай жарыс өтті. Бұл жарыс дәстүрлі додаға айналған. Марафонның басты демеушісі – «Kazakhmys Smelting» ЖШС. Биылғы марафонында 500-ге жуық желаяқ бақ сынады. Балқаш – көлімен, өндірісімен ғана емес, спортшыларымен де әлемге мәлім тарихи қала. Даңқты спортшы, бокстан Атланта Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері Василий Жировтың туған өлкесі. Бұл жарысқа даңқты боксшының өзі қатысып, марафоншылармен қоса жүгірді.

Сурет автордан

Дүбірлі дода «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабеловтің сөзімен басталды.

– Осыдан бір апта бұрын дәл осындай марафонды Жезқазғанда өткіздік. Оған 350-ге жуық адам қатысты. Балқашта жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Келесі жылы бұл санды екі есеге арттыруды мақсат етеміз, – деді Жәнібек Байғабелов.

Сонымен қатар, Cuprum Run жарысының басты қонағы Олимпиада чемпионы, Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген спорт шебері және Балқаш қаласының Құрметті азаматы Василий Жиров та марафоншыларға сәттілік тіледі.

– Менің ойымша, бұл шара бірлікке ықпал етеді. Қайырымдылық шарасы мұқтаж жандарға көмектеседі және бұл қажет. Ең бастысы – халықтың бірлігі, – деді ол.

Айта кету керек, Балқашта екінші рет өткізіліп отырған жарысқа қатысу үшін 1000 теңге төлеу керек болған. Әрбір қатысушыға арнайы футболка мен рюкзактар, сонымен қатар, ауыз су берілді. «Kazakhmys Smelting» компаниясының спорт жаттықтырушысы Евгений Боровицкий қатысушыларға дене шынықтыру жаттығуларын жүргізіп, бір ширатып алды. Жарысқа қатысушылар алдын ала жаттықтырушыға дайындыққа жазылып, қажетті нұсқаулықтарды алған. Ал, жиналған қаражаттың барлығы қайырымдылыққа жұмсалады.

Жарыс барысында 1, 5 және 10 шақырымдық қашықтықты спортшылар уақытынан бұрын бағындырды. Cuprum Run жаппай жүгіру марафонының қорытындысы бойынша абсолютті қашықтықта жүгірген 50 жастан асқан қатысушылар арасында III орынға Дмитрий Ким ие болды. Нұрлан Мұқаш II орынды, Аманқайыр Наурызбаев I орынды жеңіп алды. Ал, 18-39 жас аралығындағы әйелдер арасында 10 шақырымдық жарыста III орынды Татьяна Байкина иеленді. II орынға Ирина Боевой, ал, I орынға Гүлім Совет ие болды. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға ақшалай жүлделер мен сыйлықтар табысталды.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button