Жаяу жүріп өтті
Соңғы уақытта Ақтоғайда веломарафон, жаяу марафон кең үрдіс алып келеді. Осыдан бірер жыл бұрын жерлесіміз, ағылшын тілінің маманы Ернат ҚАШҚЫНОВ астанадан Ақтоғайға дейін 600 шақырымдай қашықтықты велосипедпен бағындырған еді. Жуырда ақын Асхат ҚАЖЫТАЙ Қарағанды-Ақсораң бағытында 300 шақырымға жуық аралықты жаяу жүріп өтіп, теңіз деңгейінен 1565 метр жоғары орналасқан шыңға шықты. Міне, сол үрдіс күні кеше Қарабұлақ ауылында жалғасын тапты.
Қазан айының 17-і күні Манарбек Ержанов атындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі Тілек Сопыжанов ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Манарбек Ержановтың туғанына 120 жыл толуына орай Балқаш-Қарабұлақ бағытында 100 шақырымды 12 сағатта жаяу жүріп өтті. Бұл сапарға марафоншының әріптестері – жоғарыда аталған мектеп ұжымы демеушілік еткенін атап өткен жөн. Марафоншыны ауыл тұрғындары үлкен қошеметпен қарсы алып, сый-сияпаттар жасап, құрмет көрсетті.
Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.
АҚТОҒАЙ ауданы.