Жаужүрек жауынгердің қаламгерлік қырлары
Біз, қазақ деген жұрт, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді қайта тірілтіп жатқан халықпыз. Басымызға түскен қилы дәуреннің салдарынан және өз ұқыпсыздығымыздан тарихымызды қайра жазып, небір дүлүлдерімізбен қайра қауышып жатырмыз. Тіпті, алысқа бармай-ақ өткен ғасырдың 30-40-жылдары, сауатымыз ашылған тұста қалыптасқан өз газетіміздің ақтаңдақтарын әлі күнге дейін толық аша алмай келеміз.
Қаламгер әріптестеріммен бірге газетіміздің төл тарихымен айналысып келе жатқанымызға отыз жылдай болыпты. Нәтижелері газеттің мерейтойлық сандарында жарияланып, «Аймақ өмірінің айнасы» (1997 ж.), «Ақпарат айдынында» (2001 ж.), «Сексен жыл халықпен бірге» (2011 ж.), «Тоқсан жыл топта толғаған» (2021 ж.) жинақтары мен «Орталық Қазақстан» – 80 жыл. Бұрын, кеше және бүгін» (2011 ж.) ақпараттық анықтамалығына топтастырылды. Ізденістер бұдан кейін де жалғасын табуда. Өмір өз өзгерістерін енгізуде. Бізді әсіресе көмескі тартқан ойранды отызыншы жылдар мен қасіретті қырқыншы жылдарға қатысты қаламгерлер тағдыры алаңдатады.
Көзі қарақты оқырманның есінде болар, әріптесіміз, белгілі газетші әрі тележурналист Гүлнар Бұқарбаеваның ізденістері арқасында осыдан төрт-бес жыл бұрын өзінің туған атасы Аманжол Құсайынұлы Бұқарбаевтың Ұлы Отан соғысы жылдары көзсіз ерлік көрсеткені анықталып, алған марапаты – І-дәрежелі Отан соғысы орденінің куәлігі туыстарына тапсырылды, құрметіне Қарқаралы білім бөлімінің ғимараты қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Жаужүрек жауынгер соғыстың алдында Егіндібұлақ және Қарқаралы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған екен. Атасы жерленген Словакия жеріндегі Саса деревнясына барып, тағзым етіп те қайтқан. Ол ол ма, архив құжаттарынан Аманжол ағамыз Қарағанды баспасөзінің қара- шаңырағы – қалалық «Қарағанды пролетариаты», қазіргі облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде 1931-1932 жылдары көмір секторының меңгерушісі болғандығын да анықтайды. Есімін сол кезде газеттің 90 жылдығы құрметіне дайындалып жатқан «Тоқсан жыл топта толғаған» жинағында енгіздіртеді. Тіпті 2021 жылы кезінде газетте өзі көтерген тақырып – жақын туысы Алаш қозғалысының арысы Имам Әлімбеков пен майдангер атасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарыққа шыққан материалдарды құрастырып, «Тағзым» атты жинақ та шығарады. Онда Гүлнардың бастамасымен ертеректе газетке шығартқан Аманжол атасының майданнан отбасы мүшелеріне жазған жүрек тебірентерлік хаттарының аудармасы мен орысша нұсқасы да келтірілген екен. Атасының ерлігін мәшһүр етіп, есімін мәңгі есте қалдыру шаралары жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жайы бар…
Гүлнар қарындасымыздың бұл әрекеттерін өз басым ерлікке баладым. Бірақ газет тарихын зерттеуші ретінде көңілде бір түйткіл қалып қойды. Осы қыста облыстық ардагерлер кеңесінде әжелер байқауын өткізерде әріптесіммен кездесіп қалып: «Атаңыздың газетте қызмет істегеніне қандай дәлелің бар?» деп кәдімгі тергеуші немесе прокурор сияқты сұрақ қойғаным бар. Гүлнар күмілжіп: «Еш дәлелім жоқ, – деді архивтен табылған кадрларды тіркеу жөніндегі парақшадан басқа». Қолыңда газетте жарияланған материалдарының көшірмесі бар ма дегенім ғой. Онсыз қаламгердің еңбегін қалай бағалап, дәлелдейсің?
Ойыма бірдеме сақ ете түсті де, «жарайды, ертең келші, мен үйдегі қағаздарымды қарап көрейін», – дедім. Үйдегі «архивімде» сонау Рамазан Сағымбеков редакторымыз тұсынан сақталып қалған, Мәскеудің В.Ленин атындағы мемлекеттік кітапханасынан аманат етіп алдырған газетіміздің 1932 жылғы 2 қыркүйектегі санының фотокөшірмесі бар еді. Бар үмітім сол. Әйтпесе 1932 жылғы тағы бір-екі санының өзім Алматыдағы Ұлттық кітапханадан түсіртіп алған көшірмелерінде ол кісінің материалдары жоқ екенін білемін. Қарасам, мұндай қуанбаспын, оң жақтағы үш бағана түгел Аманжол Бұқарбайұлының материалдары. Бәрі көмір өндіруге арналғандықтан түгел Аманжол атамыздың қолынан шықты деуге негіз бар. Екеуіне Бұқарбайұлы, біріне Аманжол, енді екеуіне сол кезде қалыптасқан тәртіппен А және Б дейтін инициалдар қойыла салған.
Газеттің Мәскеуден алдыртқан көшірме бетін басылымда, әсіресе мерейтойлық сандары мен жоғарыда аталған жинақтарда және кейбір тарихи мақалаларда талай бергенбіз. Бірақ газет жасаушылар қиып алып, оның тек жоғары жағын жариялап отырыпты. Мысалы, «Алғашқы редакторымыз» деген Е.Лұқпанов екеуміздің газеттің 70 жылдығына арналған санында (4.10.2001 ж.) жазған мақаламыздың етегін көмкергенбіз, сондағы кейіпкеріміздің «2-шахты август айында өндіріс үшін бәлшебектерше күресе алмады» және «12-шахты прогулмен бәлшебекше күреспей отыр» (сол кездің орфографиясын сақтай отырып) деген мақалаларының бас тақырыптары ғана қылтиып тұр.
Ертеңіне Гүлнарға «Жүрегің мықты ма еді»? деп сұрап алдым да, «мен таптым атаңның материалдарын», деп алдына жайып салдым. Гүлнардың қуанышында шек жоқ. «Бұл аздық етеді. Алматыға бір барғанда 1932 жылдың тігінділерін ақтарып көрейін», деп уәде бердім. Уәдемді орындадым да. Сөйтіп, барған сапарым сәтті болып, 1932 жылдың тігінділерінен көбінесе Бұқарбайұлы, сондай-ақ Аманжол, А.Б., Б.А. деп қол қойылған ірілі-ұсақты 55 материал тауып, тізімін Гүлнарға тапсырдым. Олар 1932 жылдың 6 маусымы мен 7 қарашасы аралығында жарияланған. Біразының ксерокөшірмесін түсіріп алдым (суретте), енді біразын телефонға түсірдім, бірақ сапасы нашарлау болды.
Енді Аманжол Бұқарбайұлы газетте қай уақыттан бері қаламгер ретінде жұмыс істеді дегенге келсек, газеттің барлық сандары сақталмағандықтан оны тап басып айту қиын. Ұлттық кітапханада 1931 жылы шыққан 12 саны және 1932 жылдың бастапқы айларының (20, 30 наурыз, 6 сәуір, 11 мамырдан басқа) сандары жоқ, тек 19 мамырдан бастап толығырақ тігілген, онда да кейбір сандары кездеспейді. Ал біздің кейіпкеріміз сақталып қалған сандарда алғаш рет 6 маусымдағы «Көпшілік жұмысының жандануына шахтком, массабектер жауапты» және 10 маусымдағы «Қарақат жинау жоспарын көпшілік болып 100 пурцент орындайық» (сол кездегі орфографиясын сақтадық) деген мақалаларымен көрінген. Содан кейін газет бетінен түспей әр санына екі-үш мақала жариялап отырған, газет бригадасымен бірге үш-төрт рет рейдке де шыққан.
Мақалалары шахталардың өндірістік жоспарын орындауы, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, бұқаралық-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыру, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының жұмысы, еңбектің өнімі, жұмыстың сапасы сияқты сол кездегі өзекті тақырыптарға арналған. Көмір өндіру мәліметін номер құрғатпай беріп отырған. Қарқаралының педтехникумын жақында ғана бітірген қыр баласының тез арада Арқа төсінде орныға бастаған алып өндірістің тынысын тап басып, қалай қадағалап отырғанына, алғырлығына таң қаласың, талантына бас иесің. Тілші ретіндегі соңғы мақаласы 1932 жылғы 26 қыркүйекте шыққан екен («Шахтыны эксплуатацияға беруге дайындық жоқ»). Бұдан кейін газетте көрінбей кетеді де комсомол қызметкері ретінде 7 қарашадағы мерекелік номерге «Комсомол – екпінді құрылыс майданы» деген мақала жариялаған.
Аманжол ағамыз газеттің негізін қалаушы редактор Бәри Мазитов, орынбасары Зияш Алдабергенов, классик-жазушы Ғабиден Мұстафин, іскер журналист Әуезхан Жолымбетов, т.б. қаламгерлермен бірге қызмет етеді. Бір мақаласында («2-шахтыда тұрақты жұмысшылар күші жоқ», 10.07.1932 ж.) Қазақстан орталық баспасөз ұйымының өкілі Өтебай Тұрманжанұлымен бірге өндірісті аралағанын айтады. Мен осы сапарымда көптен таба алмай жүрген байырғы газетші З.Алдабергенұлының екі очеркін, балалар ақыны Өтебайдың өлеңдерін де бір қажеті болар деп түсіріп алып қойдым. Ол туралы әңгіме алда.
Сонымен, Аманжол Бұқарбайұлының газетте 1931-1932 жылдары қызмет еткені толық дәлелденіп отыр. Бүгінде біз ол кісіні облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің негізін қалаушылардың бірі деп атай аламыз. Газет 1931 жылдың 4 қазанынан шыға бастаған болса Аманжол ағамыз бастапқыда газеттің алғашқы сандарын шығаруды ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, кейін өзі де журналистік жұмысқа төселгеннен кейін, 1932 жылдың маусымынан қыркүйек айының соңына дейін көмір секторының меңгерушісі болып жемісті еңбек етті деген тұжырымға келеміз. Оның қалалық газеттегі екпінді жұмысы, орысша, қазақша сауатты болуы қалалық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып ауысуына себеп болады. Алдында басқа да жауапты жұмыстар, ұстаздық жол, Ұлы Отан соғысының қанды шайқастары, қазақ жауынгеріне тән қайсарлық, өшпес даңқ тосып тұрған еді…
Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі, газет тарихын зерттеуші.