Жауынгерлер жарысты
Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде Ауған соғысының ардагерлері арасында волейболдан IX республикалық турнир өтті. Оған елдің әр өңірінен 11 команда бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Аталған турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілуде. Былтыр Ақмола облысында өтсе, биыл ардагерлер Арқа төсінде бас қосты. Әрі бас жүлде, яғни, облыс әкімінің кубогын сарапқа салды.

Бүгінде аймақта 1 500-ден астам ауған соғысы ардагері бар. Ал, олардың 500-ден астамы кеншілер шаһарында. Бүгінде сол ардагерлер арасында түрлі турнирлер өткізіліп, бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Соның бірі – осы турнир. Биыл кеншілер шаһарында алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, аймақ басшысы арнайы кубок пен бағалы сыйлықтарды ұйымдастырған. Ал, қоғамдық бірлестік ұйымы да қатысушыларға арнайы жүлделер әзірлеген.
– Мұндай кездесулер біз үшін өте маңызды. Бұл – сағынышты басатын, ашық әңгімеге жол ашатын алаң. Турнир аясында түрлі мәселелер талқыланды. Әрі атқарылатын жұмыстарды да ортаға салдық. Жалпы, әр аймақтағы қоғамдық бірлестік өкілдерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Ардагерлерге көрсетілетін қолдау, тіпті, әлеуметтік жағдайларына дейін біліп, хат алмасып отырамыз. Әрі назардан тыс қалдырмаймыз, – деді Қарағанды облыстық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» ҚБ төрағасы Серғали Тоқтабеков.
Аталған жарыс екі күнге созылды. Бірінші күні жарыс жолын Павлодар мен Жетісу командасы бастап берді. Әр команда жоғары дайындықпен келген. Әрі команда қатарында жыл сайын турнирлерді жібермей қатысатын тәжірибелі спортшылар да жоқ емес. Солардың бірі ақтөбелік Түкембай Шалов.
– Өз басым дәл осы турнирге жыл сайын қатысамын. Былтыр Шучинскте жақсы өнер көрсеттік. Биыл Арқа төсіне келіп тұрмыз. Осындай турнирлер тек спорттық сайыс емес, бірлікке, достыққа шақырады. Әрі бұл сайыс өскелең ұрпаққа саламатты өмір салтын сақтауға, спортқа баулуға үлкен насихат, – дейді ардагер.
Павлодар облысы командасының капитаны Мырзабек Абраев сауда компаниясының менеджері. Бұл ардагеріміз аталған турнир алғаш рет ұйымдастырылғаннан бері үзбей қатысып келе жатқан көрінеді.
– Өз басым үнемі қатысуға тырысамын. Жұмыстарым болса да, ертерек бітіріп, осы турнирге қатысуға жағдай жасаймын. Себебі, осындай турнирлер бізді біріктіріп, ауызбіршілігімізді нығайтады. Әр жиналғанымызда өткен өміріміздің қызық сәттерін баяндап, еске аламыз. Әр турнирге қызу дайындықпен келеміз. Осы жолы жақсы өнер көрсеттік. Дегенмен, шамалы қателіктеріміз болды. Бас жүлдеге сәл жетпей қалдық, – деді Мырзабек Абраев.
Сайыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының командасы І орын иеленді. Ал, ІІ орынды астаналық спортшылар жеңіп алса, үздік үштікке павлодарлықтар табан тіреді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»