Қарқаралыда Кеңестер Одағы халықтарының ІІ Дүниежүзілік соғыстағы жеңісінің 80 жылдығына орай осы ауданнан майданға аттанған жауынгерлер туралы кітап шығару қолға алынды. Батыр бабалар мен аталардың ерліктері арқау болған жинақ архив құжаттарының, музей мұрағаттарының және майдангерлер ұрпақтарының естеліктері мен әңгімелері негізінде жазылуда.

Соғысқа Қарқаралы ауданынан шақырылғандардың өмірбаяндарын жинастыру жергілікті тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің бастамасы. Отан үшін от кешкен сарбаздардың тарихын жинап, сұрыптап, жүйелеуді олар 2015 жылы – Жеңіс мерекесінің 70 жылдығы қарсаңында бастаған болатын.
Арада он жыл өткеннен кейін сол кездері жиналған материалдарды толықтырып, кітап етіп басып шығару туралы шешім қабылданды. Осы жоба бойынша музей қызметкерлерімен белгілі өлкетанушы Саят Оспанов жұмыс істеуде.
– Қазіргі күнге дейін бізге 124 майдангер туралы деректі шығармалар келіп түсті. Бірақ, жауынгерлердің ұрпақтары айтқан естелік әңгімелерді ғана қабылдаумен шектелмей, әскери комиссариаттан құжаттарды сұратамыз, майдангерлер өмірбаяндарын, фотосуреттерді, басқа да айғақтарды ұсынуды өтінеміз. Бұл деректі кітапты жарыққа шығару, қан майданның өтінде болған ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпау – маңызды, – дейді Саят Қуанышбайұлы.
Екінші ғаламдық қырғынның жауынгерлері туралы материалдар жинастыру наурыз айының соңына дейін жалғасады. Кітапты мамыр айының бас кезінде – Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жарыққа шығару жоспарланған.
Қарқаралы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі берген ақпарат бойынша 1941-1945 жылдар аралығында майдан даласына 2 178 адам аттанып, олардың 737-сі ғана аман оралған екен.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»