Жауын мен жыр жарыса нөсерлетті

Абай күні қарсаңында Қарағандының орталық саябағында «Адамзаттың Абайы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Мәдени шараға шаһардың ақындары мен әншілері, көркемсөз оқу шеберлері қатысты.

Сол күні қала көгіне бұлт аялдап, ақ жауын құйды. Жылғаларынан көптен бері жаңбыр суы ақпаған Қарағандыға ұлы ақынның туған күнінде табиғат-ана осындай сый жасады. Ұзақ жауды. Соған қарамастан жұрт саябақтағы сахнаға қолшатырымен келіп, өнерпаздардың өнерін тамашалап, ұлттың асыл перзентіне құрмет көрсетті. Кештің шымылдығын ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы ашты. Тұрғындарды мерекемен құттықтап, хәкімге арнаған өлеңін оқыды.

– Абай – адамзаттың ақыны. Абай – Алаштың үні. Шығармаларында қазақтың бар мұңын, қайғысын айтып кеткен. Хәкімнің туындыларына үңіліп, қазақтың ұлы халық екеніне көзің жетеді. Қазақтың сөз өнерін шыңға шығарған ұлы тұлға. Баршаңызды хәкімнің туған күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Жанат Жаңқашұлы.

Одан кейін есімі мәлім Саян Бөдесов, Қуандық Төкенов бастаған әншілер Абай әндерін орындады. Талантты әнші Арайлым Жүкенова да эстрадалық жанрда «Көзімнің қарасын» айтты. Сұлтан Дәулетхан, Эльмира Сайлау, Салтанат Қайырбек есімді ақындар өз шығармашылығынан өлең оқыды.

– Абай дүниеге келген күн – қазақ поэзиясы мен тұтас әдебиетінің һәм дүниетанымының мерекесі. Сол мереке күні Қарағанды орталық саябағында нөсерден кейін ашық аспан аясында дүркіреп ән мен жыр төгілді. Өлең оқып қайтып бара жатқанда, өлеңің туралы жылы лебіз есту, тіпті, ғажап. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан, даламызды думанға бөлейтін осындай игі шараға қатысқаныма қуаныштымын, – деді Салтанат Қайырбек.

Ұлы ойшылдың қара сөздері де ұмыт қалмады. Республикалық, облыстық, қалалық байқауларда жүлде алып жүрген Бектас Жұман мен Мәди Бижан қара сөздерді жаңғыртты.

– Сахнаға сұранып, Абайдың өлеңін жатқа оқыған көрермендер де болды. Бұл – әдеби-сазды кештің өз мақсатына жеткендігін көрсетті, – дейді ұйымдастырушылар.

Бұл шараны Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырды. Айта кетейік, жаз бойы орталық саябақта «Қарағанды – қара өлең» атты әдеби-сазды кештер өтті. Ал, бұл шара солардың нүктесі іспетті.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.