АймақБас тақырыпҚарағанды

Жауапсыз мердігер, сапасыз үй: Қарағанды тұрғын үйлерінің бірінде наразылық акциясы өтті

Бүгінде жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің  мәселесі таусылар  емес. Тұрғындар құрылысы шала салынған баспанадан әбден шаршаған. Қарағандының  Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Inju city» тұрғын үй кешенінің (Республика даңғылы, 23) тұрғындары кеше наразылық акциясын ұйымдастырды.

Суреттерді түсірген: Автор

«Inju city» үй кешені – 17 қабаттан тұратын 5 блокты үй. Тапсырыс беруші ұйым – «Orda minerals» ЖШС. Мердігер ұйым – «Asia Qurilis» ЖШС. «Бизнес класс» санаты ретінде сатып алған  пәтерлеріміздің сапасы сын көтермейді. Пәтер иелері  кілттерін наурыз айында алған. Содан бері 8 ай өтті. Үйдің әлі де бір бөлігі салынып бітпеген. Ал, тұрғындар болса, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, пәтерлеріне кіріп алды. Үйдің әлі техникалық қабаты салынған жоқ. «Қашан аяқталады?»  деген сұрағымызға «1-блокты болған соң» деген жауап алдық. Ал оны қашан салып бітері белгісіз. Барлығы ашық-шашық жатыр. Ашық жерлерден жоғары қабатқа жел үрлеп тұр,– дейді тұрғындар.

– Бұл тұрғын үй – осы жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Содан кейін біз нотариусқа барып, сатып алу жөніндегі келісімшартқа қол қойдық. Бірақ олар  қол қоймастан бұрын бізге барлығын түсіндіру керек еді. Нысанды көрсетіп, акт жасау  керек-тін. Бірақ олар тек  қол қойып келгеннен кейін ғана айта  бастады.

Міне, қараша айы аяқталуға жақын. 8 ай өтті. Олар әлі өздерінің ақауларын жөндей алмай жүр. Біз соңдарынан салпақтап  жүреміз. Ортақ чатқа жазамыз, түсіріп суреттері мен бейнежазбаларын саламыз. Біз ай сайын КСК-ға ақша төлеп отырмыз. Бірақ КСК үмітті ақтаған жоқ. Мұнда, тіпті, ойын алаңы жоқ, подъезд тазаланбайды,  шаң-тозаң, кір. Ешқандай абаттандыру жұмыстары жүргізілмейді. Пәтеріміздің терезелерінен жел соғып тұр. Балаларымыз, өзіміз суық тиіп аурып та жүрміз. Үйде киіммен ұйықтауға мәжбүрміз. Жаз бойы жүгіріп,  олқылықтарын айтып, шаршап кеттік. Біз барлығын  ескерттік. Хат та  да жаздық. Наурыз айында қалай алдық, бәрі әлі сол күйінде,– дейді үйдің тұрғыны Бахтияр Аймұханбетов.

«Арқаның қысы ешкімді аямайды. Оның үстіне суық қала саналатын Қарағандыда мұндай үйде тұру қиындап барады», – дейді тұрғындар.

Кейінірек, жүз рет естігенше, бір рет көрген артық деп, барлығымыз ішке беттедік. Айтқандай-ақ тұрғын үй кешенінің терезелерінен жел соғып тұр. Терезелерді  скотчпен қымтап қойған. Ал кейбіреулері, тіпті, целофанмен орап тастапты. Целофанды жел үрлеп тұр.  Едендері  суық. Подъездің әрбір жерінде шашылған қоқыстар мен  электр сымдары  ілініп-салынып тұр. КСК өз жұмысын дұрыс атқармайтыны кіргеннен белгілі болды. Себебі, расында, шаңнан көрінбейді.

– Көшіп келгенімізге екі ай. Екінші қабатта тұрамын. Қазір күн  суық. Жылу жоқ. Біз егде жастағы адам болғаннан кейін тоңамыз. Далаға шықсақ,  маңай саздан көрінбейді. Аяқ алып жүретін жер жоқ. Жаңбырдан кейін барлығы езіліп кетті, – дейді Айдарханов Өмірзақ есімді тұрғын.

«Жаңа кешеннен үй алдық» деп, қыруар қаржыға сатып алған үйімізге қуанып та үлгермедік. Қонақ шақыру туралы, тіпті, ойламаймыз. Мұның бәрін көрсету ұят,– дейді тұрғындар.

Тұрғын иелері БАҚ өкілдеріне жүгінеміз деген шешімге бір күнде келмеген. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, арыз-шағымдарына ешқандай жауап  алмағаннан, әбден күйінгеннен осындай амалға  барған екен.

– Мердігер ұйыммен танысқан күні олардың айтуымен бәрі ұнады. Бірақ кейінірек шындықтың беті ашыла бастады. Үйімізде терезелерден суық соғады. Жылу   нашар. Жылу бар,  бірақ әлсіз. Үйді жылытпайды. Мердігер ұйымның көмекшілеріне, КСК-ға, жауапты мамандарға да айттық. Келеді. Бірақ ешқандай жұмыс бітірмейді. Терезелеріміз көгере бастады. Кеше терезелерді жөндеуге басқа бригадалық ұйымды жіберіпті. «Терезелеріңізді ауыстырамыз» деп айтты. 17 қабатта төбеде нөсер кәрізі бар. Сол жерде төбеден бірнеше мәрте су ақты. Мердігер мекеменің көмекшісіне айттық. Ол жасағандай болды. Бірақ жаңбыр жауғанда қайтадан су кетті. Біз қайтадан шағымдансақ, «бұл үйге әлі 70-80 адам қоныстанған жоқ» , дейді. Сонда осында тұрып жатқан 30 тұрғын  адам емес сияқтымыз. Үйіміздің қабырғасы сөгіліп, көктің иісі шығып жатқаны оларға бәрібір. «80-90 тұрғын кіргенде  сіздерде барлығы болады», дейді. Бізге сатқанда подъездді ғана айтқан. «100 тұрғынға толғанда ғана подъездді жөндеп береміз. Ал қалғанының бәрі жасалады» деп уәде берген. Бізге ойын алаңы тамызда, одан кейін қыркүйекте ашылады деп  сендірді. Оған да көндік. Кейінірек жиналыста келер жылдың сәуіріне қалғанын білдік.  Бізде әлі 5 блок салынып жатыр.Ал  ойын алаңы 5 блокпен бірге ашылмақ екен. Біз бұл үйді сатып алмай, жалдап тұрып жатқан секілді сезінеміз. Бізге құжаттар жөніндегі есеп берілмейді, –  дейді Айдана есімді тұрғын.

«Orda minerals» директорының орынбасары Елнұр Жарылғапов тұрғындардың сөзін жоққа шығаруға тырысты.

– Бұл блокта 79 пәтер бар. КСК-ны бұл үйден 50 адамы да төлемейді. Төлейтін адамдардың ақшасы бұның барлығын түзеуге жетпейді. Мысалы, біз осы айда екі рет кәріз тазарттық. Бұның бәрі үлкен қаржыны талап етеді. Жақында есік алдына тұрғындар тастаған қоқыстан тышқандар пайда болды. Біз оларды уладық. Әйтпесе тазалық жұмыстары жүргізіледі. Ешқандай жел соғып тұрған жоқ. Мысалы, жоғары қабаттағы бір тұрғын едендегі жылу беретін төсенішті жөндеу жұмыстары кезінде алып тастады. Біз ол кісіге оны алмаңыз,  жылу береді, деп ескерткенбіз, тыңдамады, –  деді Елнұр Жарылғапов.

Одан кейін тұрғын үйдің жанында орналасқан сату бөліміне бардық. Сату бөліміндегі мамандармен де сөйлесіп, тілдесіп көрген едік…

– Бұл үй жобасы негізінен 5 блок үйден тұрады. Қазіргі уақытта 3 үй пайдалануға берілді. Екеуі әлі салынып бітпеді. Біз үйлерді сатып алушыларға басында түсіндіріп айтқанбыз. Барлық 5 блокты салып біткен соң ғана бір-бірімен біріктіреміз. Ал ойын алаңына келсек, тапсырыс беруші ұйым қыркүйек айында орнатпақшы еді. Одан кейін біз тұрғындарды жинап, жиналыс өткізгенбіз. Біз ойын алаңына қажетті төсеніштерге тапсырыс бердік, кешігіп жатыр. Сондықтан күн жылығанда орнатайық деп келіскенбіз. Күн суықта біз абаттандыру жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Себебі барлығы сәтсіз орнатылуы мүмкін. Есік алдына құм, тас сеуіп қойдық. Тұрғындарға көліктерімен, балалар арбасымен өтуге ыңғайлы болуы үшін, –   деп ақталды сату бөлімінің басшысы Ерлан Шайкенов.

Осылайша БАҚ өкілдерін жинаған тұрғындар осы талап-тілектерінің жергілікті биліктің құлағына жетеді деген үмітте.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz

Суреттерді түсірген: Автор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button