Жауапсыз әке жазаланады
Өңірдегі 22 мың бала алимент ала алмай отыр. Берешек 1,7 млрд. теңгеден асады. Қарағанды облысының прокуратурасы өткізген алимент өндіру жөніндегі жұмысқа қатысты алқа отырысында осындай дерек айтылды. Облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров төрағалық еткен шараға аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев, сондай-ақ уәкілетті және мүдделі органдардың бірінші басшылары қатысты.
Берешек сома артуының басты себебі – алимент өндіретін органдардың өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, борышкерлермен жұмыс істеу, оларды бақылау, жұмысқа орналастыру, сондай-ақ оларға әкімшілік және қылмыстық ықпал ету бойынша өзара іс-қимылдың болмауы
Қадағалау ведомствосы 86 борышкерде электрондық әмияндардан, букмекерлік компаниялардан, бағалы қағаздар биржаларынан және такси қызметтерінен түсетін жасырын кірістер бар екенін анықтаған. Ал, прокурорлар сот орындаушыларының әрекетсіздігі салдарынан өндіріп алынбаған 28 мүлік нысанын, 300-ден астам мал басын және 22 арнайы техниканы анықтады. Мұның бәрі 89% жағдайда мүлікті иеліктен шығаруға әкелді
Алқа отырысында борышкерлерге іздеу жариялаудың өзі тек қағаз жүзінде ғана екені де айтылды. Мәселен, олар қарызы болғанына қарамастан еркін жүріп-тұрады, мемлекеттік қызметтерді пайдаланады. Сәйкесінше, борышкерлерді қылмыстық және әкімшілік қудалау мәселелері де қозғалды.
Облыс прокуратурасы Әділет министрінің атына қадағалау актісін жолдады. Бұдан былай алиментті қасақана төлемейтіндерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешіледі.
Алқа нәтижелері бойынша бірқатар ұйымдастырушылық шаралар қабылданды. Атап айтқанда, облыстың барлық өңірлерінде алиментпен жұмыс жөніндегі ведомствоаралық топтар және жұмыспен қамту орталықтарының базасында алиментшілерді бірінші кезекте жұмысқа орналастыру жөніндегі бөлімшелер құрылатын болады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz