Бас тақырып

Жауапкершіліктен жалтарғандар жазаланады

Жиында осы жылдың бірінші тоқсанындағы тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың нақты саны 201 болса, оның 141-і жергілікті атқарушы орандар өкілдері екендігі мәлім болды. Қызметтік этиканы бұзғандар – 7 адам. Өткен кезеңдермен салыстырғанда тәртіп бұзғандардың көрсеткіші едәуір артқан. Өсім – 11%. Есесіне, бір атап өтерлігі, осы жылы мемлекеттік қызметкердің бірде-бірі шенеунік мемлекеттік қызметкер абыройына кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жауапкершілікке тартылмаған. Салалық департамент өкілдері түрлі мемлекеттік ұйымдардан келген есептер легін саралай отырып, осындай қорытынды жасады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Мамандар дәйектеріне сүйенсек, қыз­метшілердің жауапкершілігін қарауды рәсімдік бұзу фактілері жиілепті. Егер қызметкер жауапкершілігін қарастыру кезінде процедуралық бұзушылықтар фактілері көптеп анықталса, бұл қызметкер үшін де, тәртіптік комиссияның өзі үшін де, жалпы ұйым үшін де сын туғызады. Мұндай сипаттама белгіленген үдеріс­тер легін себепті-себепсіз елемеуді, оларды қорғау құқықтарын сақтамауды және тиісті тергеуді, сондай-ақ, негізсіз шешім қабылдауға апарып соқтыруы кәдік.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғар аталған бағытта профилактика шараларын күшейту қажеттігіне баса мән берді.

– Бұған себеп не? Алдымен әдеп жөніндегі уәкілдер жұмыс жүйесіне маңыз беру керек деген тұжырымға келеміз. Қызметтік жағдаяттар өзімізге таңсық емес. Тек, істі қалыпты бір сарынға келтіру мәселесі тұр. Әсіресе, өңірлердегі көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Демек, бақылауды күшейту қажет, – деді Ербол Қабдығалиұлы.

Мәселен, ақпан айында Теміртау шаһарының тұрғындары суық судың жоқтығына шағымданды. «Тұрғын үй инспекциясы қызметінде бұқара халықты хабарландыру ісі бәсең» деген хабарламалар жергілікті әлеуметтік желілерде тосын таңданыс тудырғаны да айтылды кеңес отырысында.

– Былтыр прокуратура тарапынан тексеріс шаралары өтті. Қорытындысында бізге бірқатар ұсыным легі келеді деп болжануда. Әсіресе, «Е-өтініш» жүйесінде бірқатар түйткілдер сұрақ тудырады. Мұнда, шынымен-ақ, түсіндіру ісі кемшін. Біз өз тарапымыздан тиісті ұсынымға сәйкесінше шара қолданамыз, – деп мәлімдеді Теміртау қаласы әкімі аппаратының басшысы Рауан Таран.

Уәкілетті тұлға, иә, болмаса, кадр қызметкері жазаға тарту үдерісін өрескел бұзу арқылы осындай жағымсыз жайттарға жолығып жатады. Көбіне бұл талдау барысында анықталады. Нақты жүйе бұзылған соң әдетте жауапкершілікке тартылған тұлға жауапкершіліктен жалтарып кететін фактілер көбеюде. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы алдағы уақытта мұндай істер қатарын «Жауапкершіліктен жалтару» ретінде қарастыратын боламыз, «Мұндай іске мұқият болыңыздар!» деп ескертті.

Иә, технология қарқынды дамып, әлеу­меттік-мәдени нормалар үнемі өзгеріп отыратын қазіргі қым-қуыт әлемде этикалық дилеммалар теңізінде жүзуге көмектесетін құралдар мен механизмдердің болуы әбден маңызды. Осындай тетіктің бірі – әдеп жөніндегі уәкілдердің қалт­қысыз қызметі. Әдеп кеңесінің негізгі міндеттеріне этика мәселелері бойынша керек кеңес пен ұсыныс беру кіреді. Бұл қабылданған шешімдердегі нормалық аспектілерді бағалауды, саралауды, мінез-құлық нұсқаулықтарын әзірлеуді, мұнымен бірге, этикалық мінез-құлықтың маңыздылығы туралы стейкхолдерлерді оқытуды және хабардар етуді қамтуы мүмкін.

Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшелері бір ауыздан қалыптасқан жағдай бойынша жекелеген жайттарды мұқият саралап, түсіндірме жұмыстарын арттыру қажеттігіне назар аударды. Бағдары айқын, қызметі елеулі институт халықтың сенімін ақтауға бар күшін жұмылдыра бермек десті олар. Себебі, бұл орган жазалаушы емес, кез келген келеңсіздіктің алдын алуға мүдделі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button