Жауапкершілік жынысқа бөлінбейді
Гендерлік стереотиптер бұл жай ғана түсінік емес, бұл адамның мүмкіндіктерін шектейтін көрінбейтін шекаралар, ерлер мен әйелдердің мінез-құлқына, әлеуметтік рөліне қатысты қалыптасқан біржақты, жеңілдетілген көзқарас екенін мойындайтын уақыт келді. Біз «ер бала жыламайды», «қыз бала ұяң, ибалы болуы керек» деген сөздермен бала кезден бастап-ақ адамның табиғи болмысына шектеу қоя бастаймыз. Бұл ұғымдар уақыт өте келе, адамның мамандық таңдауына, отбасындағы орнына және тұлғалық дамуына тікелей әсер етеді.

Қазақстандықтардың көпшілігі гендерлік теңдік деген ұғымды түсіне қоймайды. Гендерлік құқық, мәселелерді тереңінен ешкім зерттемейді. Қазақстан 2024 жылғы Global Gender Gap Report 2024 есебі бойынша 146 елдің ішінде 76-орында тұр. Бұл рейтингті жыл сайын World Economic Forum жариялайды. Көрсеткіш жаман емес көрінгенімен, бұл – әлеуеті жоғары ел үшін жеткіліксіз нәтиже. Демек, мәселе тек заңда емес, санада жатыр.
ХХІ ғасыр бізден іштегі бұлқынысты шығаруды талап етеді. Гендерлік теңдік – бұл әйелдің еркекке қарсы шығуы емес, бұл – адамның адам ретіндегі құқығының сақталуы. Ер баланың сезімін білдіріп жылауын әлсіздік деп қабылдау жөн емес. Оның ол тірі жан екендігінің белгісі. Қыз баланың басқарушылық тізгінін ұстауы – оның өршілдігі мен біліктілігінің айғағы. Ал рейтингтегі 76-орыннан жоғары көтерілу үшін қайтпек керек? Ол үшін әр үйдің табалдырығынан басталатын тәрбие мен сананы өзгерту қажет. Ұл мен қызды «міндеттер» бойынша емес, «адамгершілік пен өзара құрмет» бойынша тәрбиелегенде ғана нағыз өркениетті қоғам құрылады.
Қазақ қоғамында қыз балаға қатысты айтылатын жылы сөз аз емес. «Қыз – қонақ», «қыздың жолы – жіңішке» деген даналықтар – ұрпақ тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Бұл сөздердің түбінде мейірім мен құрмет жатқанымен, кей жағдайда сол дәстүрлі түсініктер адамның жеке еркіндігіне байқалмай шектеу қоятыны да жасырын емес. Әсіресе тұрмыстық міндеттерді әйелге ғана таңу – бүгінгі қоғамда қайта ойлануды қажет ететін мәселелердің бірі. Біз көбіне міндеттерді адамның қабілетіне емес, жынысына қарап, бөліп үйренген қоғамбыз. Үй тірлігі әйелге тиесілі, ал, ер-азамат сыртқы жауапкершілікті атқарады деген түсінік ұзақ уақыт қалыпты құбылыс саналды. Алайда, бұның астарында маңызды мәселе жатыр. Жауапкершілік тең бөлінбеген жерде түсіністік те толық емес. Бала тәрбиесі дәл осы арадан басталады.
Ұл балаға үй шаруасын үйретпеу, оны қорғау емес, өмір дағдыларына бейімдемеу. Өйткені бала көрген ортасын қалыпты шындық деп қабылдайды. Шын мәнінде, жанашырлық пен жауапкершіліктің жынысы болмайды. Үй шаруасы адамның қадірін төмендетпейді, керісінше, ортақ өмірге деген құрметін көрсетеді. Өз өміріне қызмет ете алмайтын, жауапкершілігі жоқ, дәрменсіздер қоғамда белең алуда. Бұл – қазіргі тілмен айтқанда, «тұрмыстық дәрменсіздіктің» (бытовой инвалид) нақ өзі.
Бұл туралы психолог Серік Инаят былай дейді: «Қоғамда кейде «тұрмыстық мүгедек» деген тіркес қолданылады. Алайда, бұл – медицинада да, заң саласында да ресми термин емес. Бұл ұғым күнделікті тұрмыстық қарапайым істерді орындауда қиналатын немесе жауапкершілікті өз мойнына алуға дағдыланбаған адамдарға қатысты бейресми түрде айтылады. Мұндай жағдайдың қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді.
Біріншіден, жалқаулық, я жауапкершіліктен қашу. Екіншіден, шамадан тыс қамқорлық. Егер бала кезден адамның барлық шаруасы өзгелер тарапынан атқарылса, онда оның өз бетінше әрекет ету дағдысы дамымайды. Нәтижесінде ересек өмірде қарапайым міндеттердің өзі күрделі көрінуі мүмкін. Әрине, кейбір адамдардың физикалық немесе психологиялық қиындықтары болуы ықтимал. Мұндай жағдайда мәселе мүлде басқа қырынан қарастырылады және ол кәсіби көмекті қажет етеді. Сондықтан, біржақты бағалауға болмайды. Дегенмен, көп жағдайда мәселенің түп-тамыры – дағдының жоқтығында. Дағды – адамның туа біткен қасиеті емес, ол тәжірибе арқылы қалыптасады. Мәселен, аспаздық курстарға қатысу, қаржылық сауаттылықты арттыру, күн тәртібін жоспарлау, жеке жауапкершілікті біртіндеп кеңейту – бұл бағыттағы тиімді қадамдар. Өз бетімен дүкенге барып, азықтүлік сатып алу, аптасына бір рет үй жинау, құжаттарды өздігінен рәсімдеу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі – үлкен жетістік. Ең бастысы – әрекет етуге дайын болу және тұрақты түрде тәжірибе жинақтау. Кез келген мәселенің шешімі бар. Тұрмыстық дәрменсіздік – қабілетсіздік емес, көбіне үйренбегендік. Ал үйрену ешқашан кеш емес. Әр адам өзін дамытуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және жауапкершілікті өз қолына алуға ұмтылуы тиіс. Өйткені даму – өмір сапасының негізі».
Теңдік туралы айтқанда біз көбіне үлкен ұғымдарды елестетеміз. Заң, саясат, қоғамдық реформалар туралы ойлаймыз. Бірақ, теңдік ең алдымен күнделікті өмірдегі ұсақ көрінетін әрекеттерден басталады. Бір адамның шаршауын түсіну, міндетті бөлісу, еңбекті бағалау – осының бәрі үлкен өзгерістердің негізі.
Қазіргі әйел қоғамның барлық саласында белсенді. Ол тек отбасының берекесін келтіруші ғана емес, кәсіби ортада да өз орнын қалыптастырған тұлға. Сондықтан, үй ішіндегі барлық жауапкершілікті бір адамның мойнына жүктеу бүгінгі өмір ырғағына сай келмейді, тоқтаусыз тірлік те дәл солай қажытады.
Үй шаруасының жалақысы жоқ болғанымен, оның қоғам үшін маңызы кем емес. Бұл тек әйелге емес, ер-азаматтың да толыққанды дамуына кедергі, тоқтаусыз тірлік те дәл солай қажытады.
Қоғамның өзгеруі әрдайым үлкен реформалардан басталмайды. Ол дастарқан басындағы әңгімеден, отбасы ішіндегі қарым-қатынастан, ата-ананың күнделікті әрекетінен басталады. Ұл мен қызды міндет арқылы емес, адам ретінде тәрбиелей алған кезде ғана болашақта тең ойлайтын, жауапкершілікті бөлісе білетін ұрпақ қалыптасады. Бүгінгі заман бізден дәстүрді жоққа шығаруды талап етпейді. Керісінше, оның мәнін жаңаша түсінуді сұрайды. Өйткені тәрбие өзгермей сана өзгермейді, ал сана өзгермей қоғам алға жылжымайды.
Аружан ДОСЫМХАН



