Жаңалықтар

Жауапкершілік жүгі жеңілдемейді

Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен мемлекет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту, сондай-ақ, маңызды әлеуметтік мәселелерді жоспарлы түрде шешу міндеттері Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалының кезекті XXXV есеп беру-сайлау партия конференциясына қойылды. Жиынды Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК өткізді.

Эпидемиологиялық шектеулерге байланысты отырыс онлайн форматта өтті.

– Соңғы жылдар біздің жұмысқа қабілеттілігіміз бен кәсібилігімізді сынға салды. Пандемияға қарамастан, ауқымды саяси оқиғалардың бел ортасында болдық. Елімізде өткен жалпы партиялық праймериз жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Бүгінде адамдар еліміздің қоғамдық және саяси өміріне белсенді қатысуға мүдделі, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова партияның өткен жылдардағы атқарған жұмысына тоқталып, жақын болашаққа жасалған жоспары туралы айтып берді.

– Праймериз ең бастысы – бәсекеге қабілетті және ашық негізде бүкілхалықтық сенімге лайық депутаттар корпусын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Енді тоқсан сайын депутаттар тұрғындарды қоғамдық қабылдауларда қабылдайды, – деді Қадиша Оспанова.

Облыста партияның 23 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Соңғы екі жылда азаматтардан 18 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Өтініштер негізінен әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық мәселелерге қатысты.

Алдағы уақытта облыстық деңгейде 10 Қоғамдық кеңес жұмыс істейтін болады. Олар партияның сайлауалды бағдарламасының нақты бағытымен айналысады. Аумақтық деңгейлерде осындай 108 кеңес болады.

Конференцияда Қадиша Оспанова партияластарына жастармен жұмысты күшейтуге тапсырма берді.

– Жасотандықтар «Жастар – Отанға» Жол картасын жүзеге асыру аясында облыс жастарын біріктіретін және жұмыс әдістері мен нысандарын үнемі жетілдіріп отыратын орталыққа айналуы тиіс, – деп атап өтті ол.

Nur Otan партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов өткен жылдарда атқарған жұмыстарының есебін берді.

– Бүгінде жасотандықтар 9 қалалық және 9 аудандық бөлімшеде және жоғары оқу орындарында белсенді қызмет атқаруда. Қатарымызда 11 мыңнан астам жас бар. 2020 жылы Елбасы мен Мемлекет басшысы бастамашы болған #BizBirgemiz республикалық акциясының белсенділері мен волонтерлерінің жанкешті қайсарлықтары мен үлкен жүректі патриоттықтарына куә болдыңыздар. Сол кезде «Jas Otan» ЖҚ облыс бойынша волонтерлік ұйымдардың басын біріктіріп, партия филиалынан волонтерлік штаб құрды. Жасотандықтар мен еріктілер мұқтаждарға азық-түлік себеттерін, бетперде мен бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізіп берді, – деді Ержан Хамитов.

Жиынға онлайн қосылған Жаңаарқа аудандық мәслихатының депутаты Нұргүл Орынбасарова Nur Otan партиясының Жаңаарқа ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлік саласын жан-жақты қолдай отырып, шағын және орта бизнесті дамытуда бірқатар маңызды шаралар көзделгенін айтып өтті. «Бүгінгі күнде ауданда кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті несиелендіру бағытында едәуір жетістіктерге қол жеткізілуде. Ауданда 2300 жеке кәсіпкер тіркелген, оның ішінде 1406 – шаруа қожалығы, 894 түрлі жеке кәсіпкер және заңды тұлғалар», – дейді Нұргүл Орынбасарова.

Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында көптеген іс-шара жоспарлап отыр. Нақты айтқанда, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының халықпен кездесуі, «30 игі іс» қайырымдылық марафоны, сонымен қатар, бәйге, акция, ардагерлермен кездесу бар.

Конференция барысында Саяси кеңес, Саяси кеңес бюросы және партияның облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссиясы мүшелерінің сайлауы өтті.

– Бүгін біз өңірлік партия ұйымының негізгі бағыттарын, болашақ мақсаттарымыз бен міндеттерімізді айқындадық. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу, олардың қажеттіліктерін ескеру, өзекті мәселелерді шешу және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау қажет, – деп түйіндеді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button