Жатыр ақын…
«Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасында ІІІ орын иеленген Олжас Қасымның өлеңі.
(Қасым Аманжоловқа)
Жатыр ақын. Тербеп арай,
Түу алыста өлең аулап.
Ғұмырындай – дөңгелеп ай,
Марқа бұлтқа барады аунап.
Жатыр ақын тынып мәңгі.
«Кең көрпесін қырда қымтап»,
Дегендейін құлыптаулы,
Жүрегімнің жұмбағын тап.
Сезеді тек жусан мұңын,
Қап-қара түн күбір етіп.
Ақтарады ол сыр – сандығын,
Төрт мезгілге жырын оқып.
Тербетеді күндер – бесік,
Тыңдап үнсіз жел дұғасын,
«Мінезің ғой бұл – мен» десіп,
Төнеді оған шерлі жасын.
Жатыр алшақ көр көздерден,
Дұшпаны да жоқ күрескен.
Естіместен жел сөзді ерген,
Мақтауды да естіместен.
Уақытты ойлап жылды ұрлаған,
Сағаттардың санап бәрін.
Естиді ол тек судырлаған,
Кітабының парақтарын.
Аялаумен өлеңді асыл,
Түс көреді жиі керім.
Оятады келер ғасыр,
Маңдайынан сүйіп оның.
Олжас ҚАСЫМ.
Нұр-Сұлтан қаласы.