Жаңалықтар

Құжаты жоқ керуенсарай

Бес жыл бұрын Сарышаған кентінде екі қабатты вокзал ғимараты салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Алайда, вокзал халыққа толыққанды қызмет көрсете алмай отыр. Себеп – ғимарат құжатын ресімдеуде қиындықтар туындауда.

Сарышаған кенті – Ақтоғай ауданындағы халық көп шоғырланған іргелі елді мекен. Қазақстанның әртүрлі аймақтарын байланыстыратын маңызды көлік торабы. Олай дейтініміз, кент үстінен 16 бағытта 46 пойыз, Алматы-Екатеринбург тас жолы өтеді. Сондықтан, күніне еліміздің әр тарапынан сабылған мыңдаған жолаушы, жүздеген техника ат шалдырады мұнда. Сонымен қатар, іргелес жатқан Приозерск, тіптен, Балқаш қаласының тұрғындары да Сарышаған кентіндегі вокзал арқылы пойызға мінеді.

«Жол – өмір өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» деген Елбасы. Батыс пен шығысты байланыстырып, елдің экономикасының күретамырына айналып, сауда-саттығын қыздырған ежелгі Жібек жолының бір тармағы осы Сарышаған жері арқылы өтті десек, бүгінгі теміржол, республикалық маңыздағы автомагистраль сол үрдісті жаңғыртып, жандандырып отыр. Әрине, сол кездің өзінде Жібек жолының бойында кіре тартқан саудагер мен жолаушы түсетін керуенсарайлар болған

Ежелден тоғыз жолдың торабында жатқан аталмыш елді мекеннің жылдан-жылға әлеуеті арта беретіні анық. Дей тұрғанмен жолаушыларға жайлы жағдай жасау – басты міндет. Осы мақсатта 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 262,7 млн. теңгеге қос қабатты теміржол вокзалы салынып, пайдалануға берілді. Нысанның жалпы ауданы 1530 шаршы метрді құрайды. Тапсырысты жүзеге асырған мердігер «Спикер» ЖШС. Тапсырыс беруші – «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы.

Сәулеті келіскен ғимарат сұранысқа орай күніне мыңға тарта адамды қабылдауға жобаланған. Ана мен балаға арналған демалыс бөлмесі, жолаушылар залы, асханасы және жолаушыларға арналған компьютерлік зал қызмет көрсетеді деп күтілген. Алайда, вокзал бүгінде бұл қызметтермен халықты қамти алмай, жолаушы қабылдауға қауқар таныта алмай отыр. Мұнда асхана ашуға, басқа да қосымша қызмет түрлерін қосуға рұқсат жоқ. Басты кедергі – ғимараттың төл құжаттарының реттелмеуі. Жауапты «Қазақстан Темір Жолы» АҚ Жамбыл облыстық желілік бөлімшесі бес жылдан бері құлықсыздық танытып келеді.

Мәселенің мән-жайын білмек үшін Сарышаған станциясының аға вокзал жетекшісі Әсел Төлеуоваға телефон арқылы хабарластық. Оның айтуынша, бүгінгі күні ғимараттың мемлекеттік актісі ғана жасалған. «Қалған құжаттарды жыл соңына дейін бітіреміз. Вокзалдың құжаттары реттелген соң қажетті қызметтерді іске қосамыз» деген уәж айтады аға вокзал жетекшісі. «Ештен кеш жақсы» деп, жауырды жаба тоқуға болады. Алайда, өркениеті мен әлеуеті дамыған заманда халыққа қажетті нысанның нысаналы мақсатта қызмет көрсете алмай тұрғаны көңілге кірбің ұялатады.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button