Жаңалықтар

Заңсыз жанармай сатқанға жаза қатаң

Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Шет ауданындағы жанар-жағармай құю бекеттерінің бірінде құжатсыз дизель отынын сатып алу фактісі анықталғанын хабарлады. Жанармай құю бекетінің иесі досынан құжатсыз 23 мың литрге жуық дизель отынын сатып алған. Мұнай өнімдерінің қайдан, қалай өндірілгені белгісіз.

 

«Отын қоймасынан дизельдік отынның шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз заңсыз жөнелтілгені анықталды. Тергеу барысында Шет ауданында мұнай және мұнай өнімдерін шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз «Урал» маркалы көлікпен сатып алып, тасымалдаған иесі анықталды», – дейді Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің мамандары.
Бөлім қызметкерлері жанармай құю бекетінің аумағын және жанармай құю бекеті иесінің гаражын тінту барысында оның ішінде дизель отыны болған тіркеме (цистерна) мен «Урал» автокөлігін (жанармай таситын) тауып, тәркілеген. Жанармайдың орташа нарықтық бағасы 5 248 600 теңгені құрады.

Жанармай құю станциясының иесіне қатысты 197-баптың үшінші бөлігі «Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ олардың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнай өңдеу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, Шет аудандық сотына жіберілді.Сотта 52 жастағы жанармай құю бекетінің қожайыны өз кінәсін толық мойындады. Ол алғаш рет дизель отынын құжатсыз өз қажетіне сатып алғанын айтты. Сот жанармай құю станциясының иесін кінәлі деп танып, тәркілеу арқылы барлық белгіленген мерзімге пробациялық бақылау белгілей отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Істегі заттай айғақтар, атап айтқанда, жанармай құю бекетінде сақталған көлемі 22 880 литр дизельдік отын, «Урал» автокөлігі мен автоцистерна тәркіленді.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button