Ресми

Құжат қабылдау басталды

Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 13 шілде күні басталып, 20 шілдеге дейін жалғасады. Алыс аймақтарда тұратын талапкерлердің ыңғайы үшін жоғары оқу орындарында виртуалдық қабылдау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейнебайланыс арқылы кеңес береді. Сонымен қатар, құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бакалавриатқа түсу үшін 2022-2023 оқу жылында 73 мыңнан астам грант бөлінді. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 17 794 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 10 810 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 9 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 6 288 грант тиесілі. Осылайша, техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60%-ға дейін ұлғайды.

ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарына, кемінде 50 балмен басқа жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл ретте «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» білім беру салалары бойынша шекті балл кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауылшаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балды құрайды.

Егер, талапкер «Алтын белгі» иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай басымдық қарастырылған.

Биыл алғаш рет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру грантының жаңа түрі анықталды: «Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты».

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтілді. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы көзделген. Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін жеңілдік гранттар санының 1%-ын құрайды. Жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматы емес ұлты қазақ азаматтарға (қандастарға) гранттардың 4%-ы беріледі.

Басқа материалдар

Back to top button