Медицина

«Жасырын жау» жағадан алмас үшін

Қазақстанда соңғы 20 жылда онкопатология жағдайлары 25%-ға артқан. Денсаулық сақтау министрлігі келтірген статистика бойынша жылына 30 мыңға жуық адамда онкологиялық ауру анықталады екен. Мамандардың сөзінше, бұл ерте анықтау амалдарының арқасында мүмкін болып отыр. Анықталуы да, емі де ертерек басталған дерттен айығу әрі қалыпты өмірге оралу ықтималдығы жоғары. Деректерге сүйенсек, қатерлі ісіктен кейін науқастардың 55%-ы толық бес жыл өмір сүреді. Бүгінгі таңдағы онкологиялық қызметтің жетістігін осымен бағалауға болады. Өмір сүру ұзақтығын көбейту, ерте диагностика – мемлекет баса назар аударып отырған бағыттар. Және осы бағыттағы барлық қызметтерді мемлекет өз мойнына алған.

Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасының (онкодиспансер) амбулаториялық-емханалық қызметінің меңгерушісі Анатолий Красножен қатерлі ісікпен ауырған жаңа науқастардың көбеюінен қорқудың қажеті жоқ деп санайды.

– Бұл ерте анықтау, диагноз қою мәселелерінің дамып келе жатқанын білдіреді. Ем неғұрлым ерте басталса, соғұрлым науқас үшін жақсы. Ерте анықтау бес жыл өмір сүру мүмкіндігін 90%-ға арттырады. Осыдан 20 жыл бұрын онкологиялық ауруға шалдыққандар мұндай ұзақ жасамайтын. Қазіргі медицина науқастардың өмірін сақтап қана қоймай, одан кейін де толыққанды өмір сүруі үшін жағдай жасауда, – дейді Анатолий Красножен.

Әрине, әр адамның өлшенген өмірі бар. Сол өмірді сапалы сүру маңызды. Онкологиялық қызмет дерт анықталғаннан кейін науқас жандардың өмірін барынша ұзартуды көздейді. Әрине, оның ұзақтығы да әртүрлі.

– Ол қатерлі ісік түріне, оның анықталу сатысына байланысты, – дейді Анатолий Красножен. – Ұйқы безі обырымен ауырғандардың 20%-ы ғана бір жылға жетеді. Қуық асты безі обыры да сондай. 5 жылға жететіндері 40% шамасында. Бауырынан қатерлі ісікке шалдыққандардың 40%-ы бір жылға, 10-15%-ы бес жылға дейін өмір сүреді. Мәселен, сүт безі қатерлі ісіне шалдыққан адам 30 жылдан астам өмір сүруі мүмкін. Бізде ондай мысал көп. Онкологияда басты көрсеткіш науқастардың өмір сүру ұзақтығымен өлшенеді.

Бүгінде ауруханада 19 мыңнан астам есепте тұр. Күніне 15-25 операция жасалады. Жылына қанша жасалатынын есептеу қиын емес. Операция қажет болмайтын да кездер бар. Ауру асқынған кезінде ота жасаудың тиімділігі төмен. Мұндай жағдайда емдеудің жаңа әдістері кеңінен қолданылуда.

– Бұрын химиятерапия көп қолданылатын. Халықтың да білетіні осы еді. Қазір тек қатерлі ісік жасушаларына ғана әсер ететін таргеттік терапия, иммундық терапия түрлері қолданыста. Референс орталық бар. Ол жерде қатерлі ісік түрлеріне зерттеу жасалады, мутациялар анықталады. Зертханадағы құралдың бәрі заманауи аппараттар, – деп, ой бөлісті дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, заманауи рентген, маммограф, КТ мен МРТ аппараттарының барлығы бар. Олардың қатары әлі де толығады екен.

– Позитронды-эмиссионалдық томография ПЭТ КТ қатерлі ісікті анықтау мен оның қаншалықты жайылғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінде ол Астана, Алматы, Семейде ғана бар. Одан өту үшін біз науқастарды Астанаға жібереміз. Ол негізінен жоспарлы тәсіл, сол себепті біршама кезек болады. Ал, шұғыл жағдайда бір аптаның ішінде өтуге мүмкіндік бар. Одан өту 400 мың теңге шамасында. Енді, ондай жабдық өзімізде болса, тұрғындарға да тиімдірек еді, – дейді Анатолий Федорович.

Жалпы, онкологиялық ауруларды анықтау, операция жасау, әрі қарайғы еміне қаражат мемлекет есебінен бөлінеді. Ресми дерекке сүйенсек, ел бойынша онкологиялық көмек көрсету мақсаттарына жыл сайын 95 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру бөлінеді. Оның ішінде, дәрілік препараттарға 35 млрд. теңге бағытталды. Бұл ретте дәрі-дәрмектің көлімі мен саны да артып келе жатқанын айта кету керек.

Қазіргі уақытта аурухана жанында операциялық блок құрылысы жүріп жатыр. Ол ашылса, аурухана дәрігерлері ота жасайтын операциялық зал 10-ға жетеді. Онда ота саны да 1,5-2 есеге өседі.

– Халық уақытылы скринингтен өтсе, онкологиялық аурулар тез анықталып, шұғыл емделетін еді. Бірақ, біздің тұрғындар ауырмаса, емханаға бармайды, тексерілмейді. Обыр жасырынған жау сияқты. Ағзада оның пайда болғанын, өсіп жатқанын адам сезбей де қалуы мүмкін. Алдын ала тексеріліп, ешқай жері мазаламаса да, өзі үшін қаралуы тиіс деп қайталайтыным содан, – деді дәрігер қынжылып.

Ол аймақ бойынша өкпе обыры бірінші орында тұрғанын тілге тиек етті.

– Облыс – өңдірісті өлке. Бұған экология да әсер етуі мүмкін. Екінші орында сүт безі және асқазан қатерлі ісігі тұр. Үшінші кезекте – ішек қатерлі ісігі, – деп қайталады онколог.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button