Қарағандыда «Жасыл ел» жасақтарының жұмысы жаңа деңгейге көтерілген
2005 жылдан бері «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жобасы мемлекет деңгейінде құрылып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Содан бері Қарағанды өңірінде мыңдаған жас аталмыш жоба аясында табиғатты қорғау мен елдімекендерді абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысып келеді. Биыл өңірде жасаққа қатысушылар үшін ашылған жұмыс орындарының саны өткен жылмен салыстырғанда 4 820-дан 5 000-ға артқан. Сәйкесінше, қала мен аудандарда қаржыландыру көлемі ұлғайып, жас сарбаздардың жалақысы да едәуір өсіпті. Күні кеше «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымы қорытындыланды. Маусымның жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей арнайы қатысты.

Әлібек Үсенұлы өз сөзінде табиғат жанашырларының қоғамдағы маңызды миссиясын ерекше атап өтті. Әрі маусым бойы қызмет атқарған өңірлік штабтарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
– Өңірде «Жасыл ел» жобасының іске асырылып келе жатқанына 20 жылдан асты. Осы жылдың ішінде әр сарбаз қоршаған ортаға үлкен пайдасын тигізді. Сондықтан, бүгінгі іс-шараның басты қаһармандары – сарбаздар. Сіздерге алғысымды айтамын. Бір қарағанда ағаш отырғызып, қоқыс жинау, аула тазалау аса қиын жұмыс емес секілді. Алайда, әр сарбаздың күн сайынғы жазғы жұмысы өлкеміздің көркеюіне септігін тигізуде. Сіздер отырғызған әр ағаш ауаға 120 келі көмірқышқыл газын бөледі екен. Бұл дегеніңіз үш адам оттегімен қамтамасыз етілді деген сөз. Биылғы еңбек маусымы аяқталғанымен, жыл сайын жалғаса бермек, – деді ол.
Өңірде биылғы жаз маусымында 15 пен 35 жас аралығындағы бес мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған. Оларға орташа еңбекақысы 110 000 теңгемен қамтылған жұмыс ұсынылыпты. Ал, Қарағанды қаласының өзінде 2 000-нан астам жас еңбек еткен. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев та іс-шараға арнайы қатысып, сарбаздардың еңбегін жоғары бағалады.
– «Жасыл ел» – елімізде жастар арасында кеңінен қанат жайған игі жобаның бірі. Қаланың өзінде 2 000-нан астам жас жұмыс істеді. Олар жазғы демалысын тиімді өткізді деп ойлаймын. Себебі, жаңа дос, жаңа орта тапты. Жасыл елдіктер өңірімізді көгалдандырып, тазалыққа үлес қосып қана қойған жоқ. Еліміздің өркендеуіне атсалысты деп білемін. Келер жылы да ауқымды жобамыз жалғасын табады. Биылғы маусымның табысты аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Дархан Сәулеханұлы.
Құттықтау сөзінен кейін Дархан Сәулеханұлы жаз бойы Қарағанды қаласының «Жасыл ел» қатарында еңбек еткен командирлерді марапаттады.
Қарағанды қаласы бойынша әрбір саябаққа жеке-жеке «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының отрядтары бөлінген. Ал, әрбір отряд құрамында 50-ге дейін сарбаз еңбек етеді. Мәселен, Майқұдықтағы саябаққа жауапты отрядты биылғы жазда Рауан Қайкенова басқарып шықты. «Жасыл елдің» тәжірибелі командирі ретінде үш ай жазда жастарды жұмылдырып, сапалы нәтижеге қол жеткізді. Маусым айында Рауанның отрядында 34 сарбаз жұмыспен қамтылған. Шілде айында олардың саны 58-ге жетсе, тамызда 52 сарбаз еңбекке тартылыпты. Нәтижесінде, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
– Осы жобада екі жыл қатарынан командир болдым. Әрине, бұл балалар үшін таптырмас жоба. Себебі, олар жаз бойы уақытын бос өлтірмей жұмыс істеп, ақша табады. Әрі осы жоба арқылы өскелең ұрпақты еңбекке баулып келеміз. Қоршаған ортаны таза ұстау, тазалыққа үлес қосу – мәдениеттіліктің белгісі. Ал, оның әр жағында үлкен тәрбие жатыр. Менің міндетім – балаларды жинап, оларға жұмыс үйлестіру. Біз жаз бойы өзімізге тиесілі аумақты таза ұстадық деп айта аламын. Келер жылы тағы да осы жобаға келу ойда бар, – деді Рауан Кабкенқызы.
Биылғы еңбек маусымында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы жаңа деңгейге көтерілген. Жобаға қатысу процесі толықтай цифрландырылыпты. Енді жастар үйден шықпай-ақ, ұялы телефон немесе компьютер арқылы онлайн тіркеліп, қажетті құжаттарын жүктеп, келісімшартқа дейінгі бүкіл рәсімді қашықтан жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, еңбек уақытының есебі де заманауи жүйеге бейімделіп отыр. Яғни, жұмыс уақытының есебі QR-код арқылы автоматтандырылған.
Бұқар жырау ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Ернат Әбутай жобаға қатысуға ниет білдіруші ауыл жастарының қатары жыл санап артып келе жатқанын баса айтты.
– Биыл ауданымызда жүзден аса сарбаз еңбек етті. Олар Ботақара кентінде, Ғабиден Мұстафин ауылында және Ақбел ауылдық округінде жұмыс істеді. Ағаш пен гүл егіп, жасыл желектерге күтім жасады. Елдімекендерді абаттандыруға атсалысты. Келер жылы жасақ санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Себебі, жобаға қатысқысы келетіндердің саны көп. Сондықтан, келер жылы да жұмысқа құлшыныспен кірісеміз, – деді ол.
«Жасыл ел» жобасы – болашаққа салынған үлкен көпір іспетті. Себебі, жастарды табиғатты аялауға, елге адал қызмет етуге, еңбек арқылы өз орнын табуға баулитын бірден-бір құрал. Сондықтан, біз бұл жобаны үлкен мектеп деп білеміз…
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»