Осакаров ауданында жасыл энергияға бағытталған жарқын жоба жүзеге асуда
Осакаров ауданында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі жүзеге асып жатыр. Қуаттылығы 150 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, инвестициялық белсенділікті күшейтіп, экологиялық тұрғыдан таза қуат өндіруге жол ашпақ.

«Жасыл» энергия: жаһан үдерісі
Желдің күші – табиғаттың сарқылмас байлығы. Соңғы жылдары әлем елдері осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріп келеді. Еліміз де жаһандық үдерістен шет қалып отырған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын әртараптандыру және экологиялық қауіпсіздікті күшейту мақсатында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөнінде нақты міндет қойғаны белгілі. Соған сәйкес алдағы жылдары елімізде өндірілетін электр энергиясының кемінде 30 пайызы жасыл энергетика көздері арқылы алынуы тиіс.
Осы стратегиялық бағытты жүзеге асыру жолында еліміздің әр өңірінде бірқатар ірі жобалар қолға алынуда. Солардың бірі – Қарағанды облысының Осакаров ауданында салынып жатқан жел электр станциясы. Құрылыс жұмыстары бүгінде қарқынды жүргізіліп, жоба өңірдің энергетикалық тұрақтылығын арттыруға әрі өндірістік әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды бастамаға айналып отыр.
Жел электр станциясы толық іске қосылған кезде аймақтың электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтардың азаюына да оң әсерін тигізеді. Мамандардың айтуынша, жел энергиясын пайдалану көмір мен басқа да дәстүрлі отын түрлеріне тәуелділікті азайтып, экологиялық тұрғыдан таза әрі тұрақты энергетикалық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен-біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде», – деп атап өткен болатын. Бұл – энергетика саласын жаңғыртып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған нақты бағдар.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның табиғи-климаттық ерекшеліктері жел энергетикасын дамытуға қолайлы. Әсіресе, орталық және солтүстік өңірлерде желдің жылдамдығы жоғары болғандықтан, мұндай жобалардың экономикалық тиімділігі де зор. Осакаров ауданындағы жаңа станция осы әлеуетті тиімді пайдаланудың жарқын мысалдарының бірі болмақ.
Инвестиция игілігі
Соңғы жылдары Осакаров ауданы инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге қол жеткізді. Былтыр аудан экономикасына тартылған негізгі капитал көлемі 134,8 пайызға өсіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді.
Осакаров кентінде «Гиперборея» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 42,6 миллиард теңге болатын жел электр станциясының құрылысын қолға алған. Биыл аудан экономикасына тартылатын инвестиция көлемін 47 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл қаржы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.
Жалпы аудан аумағында құны 301 миллиард теңгеге бағаланатын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның бірі – қуаттылығы 150 МВт болатын осы жел электр станциясы. Сонымен қатар қазақстандық-қытайлық «Алтын Алқап KRG» серіктестігі кірпіш зауытын салуды көздесе, тағы бір бірлескен кәсіпорын – «North Wind Park» компаниясы қуаттылығы 500 МВт болатын жел паркін іске қосуды жоспарлап отыр.

Серпінді технология сенім сыйлайды
Қазіргі уақытта қуаты 150 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба аясында әрқайсысының номиналдық қуаты 7,7 МВт-ты құрайтын 21 жел энергетикалық қондырғысы орнатылады. Сонымен қатар қосалқы станция салынып, электр жеткізу желілері тартылуда. Бұл нысан іске қосылған соң өңірдің энергетикалық жүйесіне қосылып, тұрақты қуат көзіне айналмақ.
Жобада әлемдік тәжірибесі мол жетекші компаниялардың озық технологиялары қолданылуда. Электр жабдықтарының бір бөлігі Германияның әйгілі өнеркәсіптік концерні – Siemens AG өндірген құрылғылармен жабдықталған. Мамандардың айтуынша, бұл жабдықтар кемінде жиырма жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетуге қабілетті.
«Гиперборея» ЖШС техника жөніндегі директоры Дмитрий Силантьевтің айтуынша, станция толық іске қосылғанда өндіріс үдерісі толық автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылатын болады.
– Жасыл энергетика – болашақтың сенімді қуат көзі. Ол көмір мен газға тәуелділікті азайтып қана қоймай, қоршаған ортаға келетін зиянды да төмендетеді. Қазірдің өзінде жеті жел энергетикалық қондырғысы орнатылды. Жалпы саны – 21 қондырғы. Қазіргі уақытта елімізде ТМД мен Еуропада орнатылған ең қуатты жел генераторлары пайдаланылуда. Әрбір генератордың бірлік қуаты – 7,7 МВт және қызықтысы, осындай бір генератор бүкіл бір елдімекенді толық энергиямен қамтамасыз ете алады. Барлық жүйе толық автоматтандырылып, жел турбиналарының жұмысын операторлар компьютер арқылы бақылап отырады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына 150-ге жуық адам тартылған, – дейді ол.
Жел электр станциясының құрылысы басталғанға дейін мамандар желдің күшін алдын ала өлшеу үшін арнайы мұнара орнатқан. «Бұл мұнара әлі де тұр және ауа ағынын өлшеп отыр», – дейді директор. Әртүрлі биіктікте төрт сенсор орналастырылып, жел ағынының деректері тіркелген.
– Өлшеу нәтижелері бойынша қаржылық модель жасалды. Ол станцияның тиімді екенін көрсетті және осы аудандардағы желдің орташа жылдамдығын анықтады. Әзірге нақтыланған жылдамдық – секундына 8,5 метр. Өте жақсы көрсеткіш. Бізге осындай станцияларды салуда тәжірибесі бар Қытай, Германия, Франция және басқа елдердің кеңесшілері келеді. Олар генераторлардың биіктігіне, желдің күшіне, сондай-ақ станцияның далалық және таулы жерге орналастырылуына таң қалуда, – дейді Дмитрий Силантьев.
Экология мен экономикаға тиімділігі
Энергетикалық нысан өз жұмысын бастаған соң 20 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, станция көмір мен газдан өндірілетін энергияға деген тәуелділікті азайтып, зиянды шығарындылардың төмендеуіне мүмкіндік береді.
– Бізде жаңа, заманауи жабдық бар. Ол Германия мен Қытайдан жеткізілген және стандарттар бойынша электротехникалық жабдықтың қызмет ету мерзімі – 20 жыл. ЖЭС-тің өзі де осы уақыт аралығында сенімді жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ақаулар мен төтенше жағдайлардың болмайтынына сенімдіміз. Тек қажет болған жағдайда ғана қызмет көрсету жүргізіледі. Біз өндірген энергияны ортақ желіге жеткіземіз, ол өңірлер бойынша бөлінеді. Ал Осакаровка қосалқы станциясы Қарағанды мен Астана арасындағы жоғары вольтты желілерді байланыстырады. Бұл біздің өңірлерге тұрақты, сенімді электр энергиясын қамтамасыз етуімізге мүмкіндік береді. Жел генераторларының турбиналары Қытайда жасалған, ал модель шамамен екі жарым жыл бұрын әзірленген. «Эксперименттік модель бір жылға жуық Қытайда жұмыс істеп, өзін сенімді көрсетті. Сол себепті компания осы турбиналарды таңдауға шешім қабылдады, – дейді техникалық директор.
Турбиналар өз саласындағы ең танымал компания – американдық-канадалық UWL Solutions сертификатынан өткен. Бұл олардың сапасы мен сенімділігін растайды және станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Болашақтың қуат көзі
Қарағанды өңірінде жасыл энергия бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Алдағы уақытта Теміртау қаласында қуаттылығы 500 МВт болатын жел электр станциясын салу жоспарланып отыр. Ал Қарқаралы ауданында 200 мегаваттық тағы бір жоба жүзеге асуы мүмкін. Қазір бұл бастамалардың техникалық-экономикалық негіздемелері әзірлену үстінде.
Сарыбелде бой көтерген алып турбиналар – жасыл экономиканың жарқын көрінісі. Бұл жоба сәтті іске қосылғанда, өңірдің ғана емес, тұтас елдің энергетикалық жүйесіне серпін беріп, экологиялық тұрғыдан таза әрі тұрақты болашаққа бастайтын игілікті бастама ретінде бағасы артпақ.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



