АймақБұқар жырау

«Жасыл ел» жастары тыл еңбеккерлеріне көмектесті

«Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары тыл еңбеккерлері Анатолий Викторович пен Раиса Ивановна Леоненколардың үйіне барды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жастар үйдің сыртқы қабырғаларын әктеп, аула ішін тазалады, қоқыс шығарды, терезе жуып, бақшада шаруашылық істеріне қолғабыс етті.

– Бұл біз үшін үлкен қуаныш, – деп алғысын білдірді Раиса Ивановна. – Қазір бәрі таза, қарап отырып көңіл көтеріліп қалды.

Акцияға қатысушылардың бірі Айша Қонысбаева да әсерімен бөлісті:

– Биыл «Жасыл елге» алғаш рет келіп отырмын. Алғашқы күндері физикалық тұрғыда қиын болды. Бірақ ұжым тамаша, бәрі қолдап, көмектесті. Екі апта өте шықты, қазір бәрі ұнайды. Бүгін әже қолымды ұстап, алғыс айтқанда, жүрегім елжіреп кетті. Осындай сәттер үшін еңбек етуге тұрарлық. Бәрі бекер емес екенін сезіну – мен үшін өте құнды.

Анатолий Викторович – 91 жаста, Раиса Ивановна – 89-да. Екеуі де өмір бойы Ботақара кентінде тұрып, көп жыл еңбек еткен: ол – жүргізуші, ал Раиса Ивановна аудандық аурухананың рентген кабинетінде жұмыс істеген. Соғыс жылдарында олар әлі бала болғанымен, өз замандастары секілді ерте есейіп, тылда еңбек еткен.

Қазіргі таңда олар зейнет демалысында, өздері ғана тұрады.

– Жастарды мұндай шараларға тарту – олардың экологиялық жауапкершілігін және азаматтық белсенділігін арттыруға үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар, «Жасыл ел» сарбаздары үшін бұл тек жазғы жұмыс емес, мейірім мен жанашырлықты үйренудің жолы, – деп атап өтті Жастар ресурстық орталығының директоры Мейірлан Қалиев.

Басқа материалдар

Back to top button