Бас тақырыпБасты тақырып

«Жасыл ел» жасақтарының XXI еңбек маусымы өз мәресіне жетті

2005 жылдан бері «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жобасы мемлекет деңгейінде құрылып, күні бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Содан бері Қарағанды өңірінде мыңдаған жас аталмыш жоба аясында табиғатты қорғау мен елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысуда. Биылғы еңбек маусымы да жемісті аяқталды. Өңірде жасаққа қатысушылар үшін ашылған жұмыс орындарының саны өткен жылмен салыстырғанда 4820-дан 5000-ға артқан.

Сәйкесінше, қала мен аудандарда қаржыландыру көлемі ұлғайып, жас сарбаздардың жалақысы да едәуір өскен. Биылғы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXI еңбек маусымы ресми түрде жабылды. Жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей арнайы қатысып, сарбаздардың қоғамдағы маңызды миссиясын ерекше атап өтті.     

Суреттерді түсірген А.Марченко

– Өңірде «Жасыл ел» жобасының іске асырылып келе жатқанына 20 жылдан асты. Осы жылдың ішінде әр сарбаз қоршаған ортаға үлкен пайдасын тигізді. Сондықтан, бүгінгі іс-шараның басты қаһармандары — сарбаздар. Сіздерге алғысымды айтамын. Бір қарағанда ағаш отырғызып, қоқыс жинау, аула тазарту аса қиын жұмыс емес секілді. Алайда, әр сарбаздың күн сайынғы жазғы жұмысы өлкеміздің көркеюіне септігін тигізуде. Сіздер отырғызған әр ағаш ауаға 120 келі көмір-қышқыл газын бөледі екен. Бұл дегеніңіз үш адам оттегімен қамтамасы етілді деген сөз, – деп биыл маусым бойы қызмет атқарған өңірлік штабтарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады Әлібек Әлденей.

«Жасыл ел» жобасы жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сананы қалыптастыруға ықпал етуде.

Сонымен қатар, экологияға қосқан үлесі арқылы табыс табуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Өңірде биылғы жаз маусымында бес мыңға жуық 15 пен 35 жас аралығындағы жас жұмыспен қамтылған. Оларға орташа еңбекақысы 110 000 теңгемен қамтылған жұмыс ұсынылыпты. Ал, Қарағанды қаласының өзінде 2000-нан астам жас еңбек еткен.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев та іс-шараға арнайы қатысып, сарбаздардың еңбегін баса айтты.

– «Жасыл ел» елімізде жастар арасында кеңінен қанат жайған игі жобалардың бірі. Қаланың өзінде 2000-нан астам жас жұмыс істеді. Олар жазғы демалысын тиімді өткізді деп ойлаймын. Себебі, жаңа дос, жаңа орта тапты. Жасыл елдіктер өңірімізді көгалдандырып, тазалыққа үлес қосып қана қойған жоқ. Еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Келер жылы да ауқымды жобамыз жалғасын табады. Биылғы маусымның табысты аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді  Дархан Сәулеханұлы.

Құттықтау сөзінен кейін Дархан Сәулеханұлы жаз бойы Қарағанды қаласының «Жасыл ел» қатарында еңбек еткен командирлерді марапаттады.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы нұсқасынан оқи аласыздар

Ербол ЕРБОЛАТ

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button