Приозерск қаласында «Жасыл ел» жасағы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтсақ, жақында экологиялық акция ұйымдастырып, қала аумағынан 3,5 тоннаға жуық қоқыс шығарып, Балқаш көлінің жағалауларын қоқыстан тазартты. Бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған 95 жас маусым басталғалы таңертеңгі уақыттан бастап, кешке дейін өздеріне белгіленген аумақты мұнтаздай етіп тазалап, ағаштарды суарумен айналысуда.
– Еңбек маусымында «Жасыл ел» жасағының сарбаздары қаланы көркейту шараларына белсене атсалысып келеді. Бұл жолы да жастар бір үйдің балаларындай жұмылып, қызу жұмыс істеп жатыр. Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың міндеті. Әр адам тазалық пен тәртіпті өз айналасынан, қоршаған ортасынан бастаса, елге деген сүйіспеншіліктің айқын белгісі болары анық. Бұл жоба – ең табысты және ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі болып табылады. Бұл жастармен жұмыс жасаудың өте маңызды құралы. Олардың өз Отанына деген сүйіспеншілігін оятып, өздерін туған жердің иесі ретінде сезінуге жетелейді. Таза еңбекпен табыс тауып, ата-ананы қуантуды да осы еңбек жасағындағы алғашқы еңбектері арқылы сезіне алады. Маусым айының сарбаздары бірінші болып арнайы формалармен қамтамасыз етілді. Аталған еңбек жасағының сарбаздары аптаның жұмыс күндері күн сайын, күннің ыстығы мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан қала аумағында қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізуде, – деді Приозерск қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжаһан Шәрбекова.
Байқағанымыздай қазіргі таңда бекітілген жұмыс жоспары бойынша қала көшелерін арамшөптен тазартып, ағаштарды әктеп, түптеп, қураған бұталарын кесіп, ағаш отырғызу, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен айналысуда.
Айта кетейік, Приозерск қалалық «Жасыл ел» штабының жасақтары қала аумағында он бірінші жыл өз жұмысын атқаруда. «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары жоспарлы түрдегі жұмыстан бөлек түрлі байқаулар мен мәдени іс-шараларға қатысуда. Сонымен қатар, жас сарбаздар волонтерлік жобаларға қатысып, мұқтаж отбасылар мен ардагерлерге көмек көрсетіп келеді.
Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz