Қарағанды өңіріндегі 3 мың жастың басын біріктіріп, ауқымды жұмыс атқарған «Жасыл ел» еңбек жасағының биылғы XIX еңбек маусымы өз жұмысын қорытындылады. Еңбек маусымының жабылуы С.Сәпиев атындағы бокс орталығында салтанатты жағдайда өтті.
Аталған шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов, сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасағының штаб қызметкерлері, сарбаздар тұратын облыстың барлық қалалары мен аудандарының делегациялары, еріктілер, мәслихат депутаттары, атақты спортшылар, қоғам қайраткерлері және жастар – барлығы 800-ге жуық адам қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов сөз сөйлеп, жастарды еңбек маусымының аяқталуымен құттықтады.
– Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының маусымына 3 мың жауынгер қатысты. Келесі жылы одан да көп жұмылдыруға тырысамыз. Сонымен қатар, біз «Жасыл ел» жасағынан басқа құрылыс және педагогикалық жұмыстарды бастауды жоспарлап отырмыз. Жобаны қысқы демалыста жалғастыру ойда бар. Тағы бір еңбек маусымының аяқталуымен құттықтаймын! – деді Ербол Шымкентбайұлы.
Айтқандай, биыл облыс бойынша жобаға 3000 адам қатысқан. Олардың 30%-дан астамы – мемлекет тарапынан ерекше қолдауға мұқтаж санаттың өкілдері. Олардың арасында жобаға бірнеше жыл қатысып келе жатқандары да бар.
Мәселен, «Жасыл ел» еңбек жасағында екінші жыл қатарынан жұмыс істеген Әнуар Жетпісбай демалысын тиімді өткізе алғанына дән риза.
– Мен «Жасыл елде» екінші рет жұмыс істедім. 30 адамнан тұратын команданың биыл командирі болдым. Еңбек маусымында қосымша ақша тауып қана қоймай, жаңа достар таптым, демалысты тиімді өткіздім. Жалақыма жаңа телефон сатып алдым. Болашақта да жобаға қатысуды жалғастырсам деймін, – дейді 16 жастағы қарағандылық Әнуар Жетпісбай.
Ал № 17 ЖББ мектебінің 11-сынып оқушысы Назарым Владимир еңбек жасағына биыл алғаш рет қатысты.
– Бірінші рет мен өзімді командир ретінде сынап көрдім. Одан басқа, жетістіктерге жеттім. Біз тек жұмыс істеп қана қоймай, қызықты әрі пайдасы мол тимбилдингтерге, кездесулер мен тренингтерге қатыстық. Өз жалақымды ағылшын тілі курстарына төледім, – деді Назарым Владимир.
Облыстың барлық қалалары мен аудандарынан келген делегаттар Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты бөлім жергілікті және қазақстандық жұлдыздар қатысқан концерттік бағдарламамен жалғасты. Қазақстандық танымал әнші Sadraddin де қатысып, жастарға керемет көңіл-күй сыйлады.
Еске сала кетейік, «Жасыл ел» жобасы Қарағанды облысында 2005 жылдан бері іске асырылуда және жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау, еңбек құндылықтарын дәріптеу, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, патриотизмге, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу секілді маңызды міндеттерді қамтиды. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Еңбек жасақтары елді мекендерді көгалдандырумен, аумақтарды тазалаумен, өсімдік көшеттерін отырғызумен айналысады және экологиялық акцияларға қатысады.
Ал орындалған жұмыстың мерзіміне және көлеміне байланысты жалақы төленеді, жауынгерлер фирмалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»