«Жасыл балабақша» табиғатты сүйетін ұрпақ тәрбиелеуде
Қазіргі заман талабына сай өскелең ұрпаққа экологиялық білім мен мәдениет қалыптастырудың маңызы ерекше. Осы мақсатта «Бәйтерек» балабақшасы базасындағы «Жасыл балабақша» жобасы аясында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтеріне арналған қалалық семинар-практикум өтті. Аталған жоба арқылы балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық сананы ерте жастан қалыптастыру басты назарға алынды.

Семинарға қалалық білім бөлімінің мамандары, балабақша директорлары мен тәрбиешілерімен 50-ге жуық адам қатысты. Кездесу барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, экологиялық тәрбие берудің жаңа әдіс-тәсілдерімен танысты. Ашылу рәсімінде заманауи лазерлік шоу қойылып, «Жер-ана» қойылымы ұсынылды.
Педагогтер үшін бөбекжайдың әр қабатында «Экологиялық балабақшадағы тиімді әдіс-тәсілдер» таныстырылып, оларды күнделікті балабақша практикасына енгізудің жолдары көрсетілді. Семинар барысында қатысушылар экологиялық тәрбиені ойын арқылы дамыту, табиғи материалдармен жұмыс істеу, дәнді-дақылдарды топырақсыз өсіру, қарапайым тәжірибелер жүргізу және балалардың зерттеушілік қабілеттерін арттыру әдісін іс жүзінде қолданып көрді.
Реджио педагогикасы арқылы жапырақтар, тұқымдар, тастар, бұтақтармен практикалық жұмыс та жүргізілді. Педагогтер балаларға табиғатты аялауды түсіндіру, экологиялық ұғымдарды қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға баулу жолдарын көрсетті. Сондай-ақ, топырақ түрлерін салыстырып, тұқымның әртүрлі ортада өнуін зерттеді. Әрі пластик бөтелкеден жасалған тамшылатып суғару жүйесін пайдалану арқылы суды үнемдеудің маңыздылығы да түсіндірілді.

Семинар барысында педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісті. Әрі экологиялық тәрбие беру кезінде кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдарын талқылады. Тәжірибелі мамандар шеберлік сыныптарын да өткізді. Сонымен қатар, балабақшадағы табиғи материалдармен жұмыс жасау тәжірибесі, балалардың зерттеушілік қабілетін дамыту әдістері және ойын арқылы білім беру тәсілдері практикалық тұрғыда көрсетілді.
Іс-шара соңында қатысушылар экологиялық тәрбие беру бағытындағы жаңа идеялар мен практикалық әдістерді өз тәжірибесінде қолдануға дайын екендіктерін атап өтті. Ал, семинар мектепке дейінгі білім беру саласында тұрақты және жауапты болашаққа ұмтылған жас ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған нақты қадамға айналды.
Табиғатты аялау – болашақ ұрпаққа жарқын өмір сыйлаудың кепілі. Сондықтан, әр педагог өз тәрбиеленушілерінің бойына табиғатқа деген қамқорлықты сіңіру қажет. Біздің балабақша ұжымы осы жоба аясында балалардың экологиялық ой-өрісін дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар мен шығармашылық жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінгі семинар да осы бағыттағы үздік тәжірибелермен бөлісуге, пікір алмасуға, жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға кең мүмкіндіктер беретінін сеніммен айтуға болады.
Арайлым КАЛИБЕКОВА
«Бәйтерек» бөбекжайының директоры



