Жастықтың отын еңбек жандырады
Қарағандыда жабық кеңістіктердегі ауа сапасы – тек өндіріс орындары үшін ғана емес, пәтер, мейрамхана, балабақша, кеңсе үшін де күн тәртібіндегі мәселе. Осы қажеттілікті дер кезінде байқап, оны жүйелі қызметке айналдырған екі жас кәсіпкер – Мұқан Абдолла мен Әлішер Төлеген. Олар 2023 жылдан бері «Dysentery_krg» брендімен ауа алмасу және озондау (зиянсыздандыру) бағытында тұрақты жұмыс істеп, республика көлемінде тапсырыс қабылдайды. Екеуі де істі есеппен, ашық коммуникациямен жүргізуді басты қағида еткен.

2020 жылғы пандемия кезеңінде бұқара жабық кеңістіктегі ауаның қаншалықты маңызды екенін айқын сезінді. Сол тұста Шет ауданының Өспен ауылында өскен, заңгерлікті де, техника саласын да меңгерген Мұқан мен Нұраның Көкмөлдір ауылынан шыққан, өндірістегі инженерлік есеп пен тәртіпке машықтанған Әлішер алғашқы қадамдарын жасады. Ас үйдегі ауаны сорғыштар мен шағын озонаторлар құрастырып, бір тапсырыстан екіншісіне ұласып, жұмыстары біртіндеп өлшеу – жоба – монтаж – іске қосу тізбегіне түсті. Уақыт өте студенттік шақтағы таныстықтары сенімді серіктестікке айналған.
Ауаны желдету – кеңістіктегі лас ауаны шығарып, таза ауаны тұрақты енгізетін ұзақмерзімді шешім. Жүйе дұрыс есептелсе, иіс кетіп, ылғал мен конденсат азаяды, көмірқышқыл газы деңгейі қалыпқа келеді.
Озондау – иіс пен бактерия жиналған кеңістікті тез арада зарарсыздандыратын процедура. Әсіресе жертөле, цех, қойма, ескі иіс сіңген пәтерлер үшін тиімді. Озондау жайлы қоғамда сұрақ көп болғандықтан, олар әр клиентке түсіндіру жұмыстарын жүргізеді: өңдеу алдында үй жануарлары мен өсімдіктер уақытша шығарылады, нысан көлеміне қарай концентрация мен экспозиция есептеледі, процестен соң міндетті желдету жасалады.
Жеке үй иесі Гүлнұр Асқарқызы болса, өз әсерін былай жеткізді: «Бұрын үйде тамақ пісіргеннен кейін иіс ұзақ кетпейтін. Енді бір сағат өтпей жатып, үй іші жаңбырдан кейінгі даладай таза». Кәсіп иелерінің айтуынша, озондау технологиясы ғимараттағы микробиологиялық фонды айтарлықтай төмендетеді, өйткені озон – табиғи антисептик, оның молекулалары ауада бактериялар мен вирустарды жояды. Бұл әдіс көптеген елдерде ауруханаларда, қоғамдық орындарда және тамақ өнеркәсібінде қолданылады.
Негізгі жұмыс алаңы – Қарағанды облысы, бірақ, нақты келісім болса, республика бойынша да қызмет көрсетеді. Ірі нысандарда бригада саны ұлғаяды, алайда, сапаны екеуі өздері бақылайды. Жабдықты Қытай мен Ресейден алады, себебі Қытай нарығында баға да, қосалқы бөлшектер де қолжетімді. Бүгінде пәтерлерде герметик терезелер мен есіктер, созылмалы төбелер жылуды сақтағанымен, ауа алмасуды шектейді. Мұндай жағдайда олар адам санына қарай есептелген кіріс клапандарын орнатуды ұсынады. Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қауымдастығы деректеріне сүйенсек, елімізде жаңа салынған көпқабатты үйлердің 80%-ында табиғи желдету жеткіліксіз, бұл ішкі ауа сапасына теріс әсер етеді. Бүгінде олардың еңбегі бір реттік орнату не озондау шарасымен шектелмейді. Әр клиентпен орнаған байланыс – ұзақ жылдарға жалғасатын сенім мен жауапкершіліктің алтын көпірі. Бір үйдің төріне таза ауа дарытса, бір кеңсенің ішін микробтан арылтып, тынысы кең, жайлы кеңістік сыйлайды.
«Кейде жұмыстан соң алғысын айтып, дастархан жайғандар да болды», – деп жымия еске алады жас кәсіпкерлер. Мұндай сәттер – бұл кәсіптің тек техникалық емес, ең алдымен адамдық, жүректен шыққан қырын айқын көрсететін шақтар.
Бәсекеде басты қару – сапа. Салада бәсекелестік артып келеді. Көптеген мамандар – өзге ұлт өкілдері. Бірақ, Мұқан мен Әлішер сапаға, уәдеге, беріктікке және сервистік қарым-қатынасқа арқа сүйейді. Бәрін өз қаражатына дамытып келеді. Алғашқы тәжірибелерін таныстардың шағын тапсырыстарынан бастаған. Алдағы жоспарлары да айқын компания атауын қазақшалау, әрі қарай кеңейіп, осы кәсіпті үлкен деңгейде дөңгелету. Ең бастысы – әр нысанда өлшенетін нәтиже көрсетіп, клиентпен ұзақ жылдар бойы сақталатын сенімді қарым-қатынас қалыптастыру.
Бұл – екі жас жігіттің адал еңбегімен өрілген, әр тынысты бағалауға шақыратын кәсіп. Олар орнатқан желдеткіш не озонатор – тек темір мен сымның жиынтығы емес, әр үйге, әр кеңсеге жаңа тыныс, таза өмір әкелетін үміттің желі. Мұқан мен Әлішер үшін ең қымбат сый – жұмыстан соңғы рақмет пен қанағат, өйткені олардың ісі – технологиядан бұрын жүректің жылуымен өлшенетін мамандық.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»