ЖАСТЫҚ ШАҚТАН БАСТАЛҒАН ДОСТЫҚ
Сөз басы
Биылғы жыл Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті үшін ерекше айтулы жыл – Қарметкомбинат жанындағы ЖТОО-зауыттың 1967 жылғы түлектерінің оқу бітіргендеріне 50 жыл толады, біздің университетіміз бұрын осылайша аталған. Біз оны «алтын» түлектер жылы деп атаймыз, өйткені, сол жылғы түлектердің қатарында – Ұлт Көшбасшысы, біздің Нұрсұлтан Назарбаев бар.
Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен 1962 жылдың жазында таныстық. Барлығымыз құрдаспыз, әртүрлі жолмен инженер мамандығын игердік. Нұрсұлтан Назарбаев Днепродзержинск қаласындағы кәсіптік-техникалық училищені үздік бітіріп, Қарметкомбинатта жұмыс жасайтын.
Қарағанды политехникалық институтына Нұрсұлтан Назарбаев «Домна өндірісі» мамандығы бойынша оқуға түсті. Бірінші екі курста жалпы пәндер оқытылатын, біз ортақ дәрісханада, студенттер тілінде бір «поточкада» оқыдық, төрт топтан құралған жүздеген студенттер домнашы, болат балқытушы, болат құюшы мамандықтарын игеріп жатты…
Бірінші уақытта бір-бірімізді жақсы танығанша жай араласып жүрдік, кейін үш-төрт ай өткен соң – бірге тыңдаған лекцияларда алған білімдеріміз басымызды біріктірді. Кейін 1963 жылдың қаңтар айында барлық болашақ металлургтерді өндірістік практикаға Теміртау қаласындағы кәсіпорындарға жіберді. Болат балқытушылар Қазақ металлургиялық зауытына, ал домнашылар, оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды металлургиялық зауытына жіберілді.
Металлург мамандығы өте ауыр. Әсіресе, ыстық цехтарда домна, мартен пештерінде жұмыс жасайтындардың, болат балқытушылардың жұмыстары ауыр. Негізгі жұмысшы құрал сүймен және күрек. Қазіргі жастармен кездесу кезінде олар менен сұрайды: «Неге артта қалған өндіріс?», мен оларға: «осындай технология», – деп жауап беремін. Егер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолында» кітабын алып оқитын болсаңыздар, онда оттықшының еңбегі жайлы толық жазылған. Президент бұл ауыр еңбектің қыр-сырын толық біледі…
Жастар ауыр жұмыстан қорыққан жоқ, олардың алдарында өнеге алатын тәлімгерлері болды, олар нағыз ер-азамат атқаратын жұмыстың қыр-сырын үйретті, негізі – от және қайнаған металды басқаруды үйретті: Алексей Шатилин, Борис Яговитов, Иван Еськов, Федор Ващенко, Алтынбек Дәрібаев, Арғын Жүнісов, Еламан Байгазиев, Алексей Панченко және т.б. олардың атымен еліміздің қара металлургиясының тарихы жазылған.
Өндірістік практикадан кейін біз институтқа қайтып оралып оқуымызды жалғастырдық. Өндірістік практикадан кейін біз мамандық бойынша теориялық білімді игерген кезде пәндер нені оқытады және не жайлы айтатынын жақсы түсінетінбіз. Оқу жеңіл және қызықты болды.
Біз бір ұрпақтың өкілдеріміз, біздің отбасымыздың өмір сүру деңгейі және қоғамда құрметті инженер-металлург мамандығын игеруге деген ұмтылысымыз жақындастырды. Осы жайлы менің достарым Жақсылық Аскеев, Төлеутай Сүлейменов, Қуаныш Омашев, Виктор Никонов және т.б. жігіттер армандады. Нұрсұлтан Назарбаев біздің ортамызда әрқашан жеке өзі бір төбе болатын. Ол өзінің сабырлылығы, өзіне деген сенімділігімен өзінің маңайына жастарды топтастыра білді, ол әрқашан өзінің пікірін ашық айтатын. Құрбыларының арасында болашақ Президент өзінің білімділігімен, саяси қырағылығымен, ойға жақсы сақтау қабілеттілігімен, туған тілін және орыс тілін жетік білуімен ерекшеленетін.
Сонымен қатар, жоғарғы оқу орнында техникалық пәндерден басқа біз ғылыми коммунизм, диалектикалық және тарихи материализм және тағы басқа гуманитарлық пәндерді оқыдық, болашақ саяси қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде де өзінің білімділігімен көзге түсетін және оны оқытушылар да жақсы көрді. Ашық айтсақ, оның жан-жақты білімділігі сол кездегі қоғамдық пәндер бойынша өтетін семинарларда оқытушыға әртүрлі сұрақ берумен оқытушының көңілі басқа жаққа бұрып, студенттерден сабақ сұрауға уақыт қалдырмайтын. Оқытушы өзі қойған сұраққа жауап беремін деп уақыттың қалай өткенін білмей қалатын. Сол кезде Нұрсұлтанның барлық саладан хабары барына таң қалатынбыз.
Біздің талантты курстасымыз сол жылдар ішінде көптеген шетелдік сапарларға барды, көптеген шетелді және ондағы халықтың өмір сүру деңгейін көрді. Теміртау қаласының жұмысшы жастарының көшбасшысы Хельсинки қаласында өткен ІІІ Дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысты. Осы сапардан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алған әсерлерімен бізбен, жастармен бөлісті.
Жас металлург бірінші ғарышкер Юрий Гагаринмен кездескен, онымен фотоға түскен, сол фото “Комсомольская правда” газетінде жарияланды. Біздің жерлесімізді БЛКЖО ОК Валерий Быковскиймен бірге ғарышта болған комсомол белгісімен марапаттаған. Осы ғарышта болған комсомол белгілері 10 дана, онымен үлкен елдің үздік жастарын марапаттаған. Нұрсұлтан Назарбаев қазірше айтқанда «жұлдызды ондық» топтамасында болған. Біз сол кезде біздің жолдасымызға қоғамдық жұмыстарды атқару ұнайтындығын байқағанбыз, өйткені, ол атқарған қоғамдық жұмыстардың нәтижелері оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары деңгейде екендігін айқындайтын.
ЕҢБЕКШІЛ ҚҰРЫЛЫС ОТРЯДТАРЫ
Біздің таныстығымыздың жалғасуына сол кездегі СҚО себепші болды. Ол кезде студенттік құрылыс отрядтары жаңа даму үстінде еді, осы қозғалыс еліміздің ауылды жерлерінің дамуына ықпал етті және бізге студент жастарға табыс табуға мүмкіндік берді. Бізді Қарағанды облысының батысында орналасқан «Балықтыкөл» совхозында тұрғын үйлер салуға жіберді. Жүзден астам жастар жаңа совхоз құрылысын салуға келдік.
Құрылыс жұмыстарын үздіксіз жүргізу үшін материалдарды уақытында жеткізу қажет. Нұрсұлтан Назарбаев облыс бойынша қажет құрылыс материалдарын тауы, оны жеткізумен айналысты. Қалқандар жиынтықта жеткізілетін, ал кірпіш пен цементті құрылыс трестері мен комбинаттарынан, жергілікті атқарушы органдар арқылы алу қажет еді. Оның жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілеттілігі арқасында 8 екі пәтерлі үй құрылысын уақытында бітіріп, оны қыркүйектің басында пайдалануға бердік, ал басқа құрылыс отрядтары үйлерді қыркүйек айының соңында тапсырды.
Таңның атысынан кеш қарайғанға дейін жұмыс жасаған біздің металлургиялық СҚО тек қана үйлерді салған жоқ, келісім-шартта қарастырылмаған қораларды да салды. Қорасыз қалай ауылда өмір сүруге болады. Бірақ, осы қораның құрылысы үшін қосымша материалдар қажет еді.
Сол жылдары фотоаппарат отрядтағы бір жігітте ғана болды. Ол түсірген сурет бүгінде тарих куәсі. Біздің салған тұрғын үйлер құрылысын жақсы деген бағамен тапсырдық, жұмыс тізіндемесі уақытында жабылды. Барлығымыз үйімізге қайттық. Әрқайсымыз екі мың рубль еңбекақы алдық. Ол біз үшін жақсы қаражат еді. Өзіміз киіндік, отбасымызға көмектестік. Жаңа оқу жылына осылайша дайындалдық.
ЖАҢА КЕЗЕҢ
Біз институтқа қайтып келген кезде тосын жаңалық күтіп тұрды. Қарметкомбинат базасында ҚарПТИ Теміртау қаласының бөлімшесінде жеке ЖТОО-зауыт ашылды. Бұл Теміртау жастарының арманы еді. Үйдің жанында оқу арзан және қолайлы. Комбинат жастарының мүддесін ескерумен Нұрсұлтан Назарбаев БЛКЖО ОК мүшесі ретінде комсомол съездерінің бірінде жоғарғы органдардың атына сын айтқан.
Осы Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасынан кейін 1962 жылғы республикалық комсомол съезінде осы мәселе оңынан шешілді. Қара металлургияның гигантын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге арналған жоғары техникалық оқу орны 1964 жылы ашылды. Осы оқу орнына ҚарПТИ барлық металлургиялық мамандықтары: доменді өндіріс, металды қысыммен өңдеу, болат балқыту бөлімшесі ауыстырылды. Біздің алдымызда «қайда оқимыз?» деген таңдау тұрды.
1965 жыл басталды. Институтты аяқтағаннан кейін біздің құюшылар тобының түлектерін 1968 жылдың қаңтар айында жолдама бойынша ҚарМК-ға жұмысқа жіберілді. Онда оттекті-конвертерлі кешен құрылысы басталған еді. Біздің әрқайссымыз осы құрылысқа ат салыстық. Біздің әрқайссымыздың өміріміз қалай қалыптасқанынан хабардар болғанымызбен, біз іс жүзінде бір-бірімізбен араласпадық.
Металлургиялық комбинат – бұл тәулік бойы жұмыс жасайтын 30 мың адамы бар қала, онда әрбір өндіріс бір аудан, өзінің шекарасы және жолы бар, оның кестелері және нұсқауларын бірге жұмыс жасайтын кәсіпорындардың жұмысына зиян келтірмеу үшін уақытында орындау қажет. Басқа цехтарда және кешендерде жұмыс жасайтын достарымызбен жиі кездесуге мүмкіндік болмайтын.
Мен оқу бітіргеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев оттықшы және он жылға жуық газшы болып жұмыс істегенін білетінмін және ол кейін партиялық жұмысқа ауысып кетті. Мен ешқашан өзімнің курстасымның қызметтік жағдайын пайдаланған емеспін. Бірақ та Нұрсұлтан Әбішұлы жастық шағында, комбинатта бірге жұмыс жасаған таныстарымен әрқашан сыйластық қарым-қатынас жасайтын.
ҮЛКЕН ІСТЕР УАҚЫТЫ
Біздің кездесулеріміз 1991 жылдан бастап жиі бола бастады. Сол жылдың шілде айында комбинаттың 3-ТТЦ цехте үлкен апат болды. Өртті жылдам сөндіргенмен, салдары үлкен болды. Төбе құлады, жабдықтар су астында қалды, дрессирлеу станы қатты бүлінді. Осының барлығына жай қарау мүмкін емес еді. Енді осы апаттан бас көтеру мүмкін сияқты емес көрінетін. Цехтің жағдайы не болады деген ойлар бізді мазалайтын. Біз осы ойымызды Президентке айттық, ол: «Біз цех жұмыс жасау үшін барлық жағдайды жасаймыз»,- деді. Цех қысқа қарсы қалпына келтірілді, іске қосылды. Директор Александр Свичинский өндірісті іске қосу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Ол штаб құрды. Нұрсұлтан Әбішұлы қалпына келтіру жұмыстарын өзінің қадағалауына алды. Осы жұмысты атқаруға О. Сосковец те көмек көрсетті.
Тағы да Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзінде тұратындығына біздің көзіміз жетті. Ол жас кезінде де съездерде жастар мүддесін қорғайтын, үлкен істерді жүзеге асыратын. Ол комбинаттың партия ұйымының хатшысы болған кезде де күнделікті міндеттерді шешуді қолға алды. Оның бастамасымен стадион, сауықтыру санаториясы, балабақшалар және тұрғын үйлер салынды.
Нұрсұлтан Әбішұлы ҚКП ОК бірінші хатшысы және Қазақстанның Жоғары Кеңесімен сайланған Президент Теміртау қаласына келді, өрттен кейінгі комбинат жағдайымен танысты. Бұл біздің Назарбаевпен оның Алматыға кеткеннен кейінгі бірінші кездесуіміз еді.
1991 жылдың маусым айында Теміртау қаласында тұратын курстастар кездеспекші болдық. Осы кездесуді курстасымыз Борис Шуголь ұйымдастырды.
Осы кезде ол Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғап, ЖТОО-зауытта «Құю өндірісі» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейтін. Ескі қалада Тольятти көшесінде тұратын ол Нұрсұлтан Әбішұлын және бізді отбасымызбен, Қара металлургия министрі Олег Сосковецті үйіне қонаққа шақырды. Жаздың күншуақты жайдарлы күні үйінің алдындағы бақшада дастархан жайылған, жақсы бір отырыс болды, студенттік жастық шағымызды есімізге алдық. Біздің әйелдеріміз “Весна на Заречной улице” кинофильмінің әуеніне салып, өлең жазып оны біздің Президентке арнады. Біз өзіміздің жастық шағымызға қайтып оралғандай әсерде болдық. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қай кезде, қай ортада болмайын өзімнің өсіп қанаттанған ұямды еш ұмытқан емеспін. Күрделі мәселелерді шешкен кезде, мен әрқашан сіздер туралы ойлаймын да сіздерді арқа тұтамын», – деген сөзі есімде. Қай-қайсымызды болсын осы сөздер толғандырмай қоймайды.
Осы кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы барлығымызды Алматыға 6 шілде күні туған күніне шақырды, бірақ, ешқайсымыз барамыз деп уәде берген жоқпыз: қалай болады, ол күнге дейін әлі өмір сүру керек деп шештік. Біз Президентімізді жақсы білетін едік, ол әрқашан қонақжай, ақ көңіл, дархан жан еді, ешқашан өзінің сөзін далаға жібермейтін, берген уәдесінде, сөзінде тұратын адам. Ол кезде комбинат директоры Александр Свичинский болатын, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бізді әйелдерімізбен бірге 30 адамды автобусқа отырғызып Алматыға жіберді. Алматыдағы кездесу көңілді, есте қаларлық кездесулердің бірі болды. Оңтүстіктің тамаша табиғаты есте қалды.
Маған әрқашан Нұрсұлтан Назарбаевтың кез келген адамды мұқият тыңдап, оған кеңес беруі, оның мәселелерін шешуге көмектесуге дайын тұратындығы ұнайтын. Мұқият тыңдап, нақты шешім қабылдау күнделікті күйбең тіршілікте сирек кездесетін қасиет. Нұрсұлтан Назарбаев айтқан мәселеге қатысты өзінің пікірін білдіреді, егер адамның пікірі дұрыс болмаса оған түсіндіруге тырысады, неге дұрыс еместігіне оның көзін жеткізеді. Бұл Көшбасшыға тән қасиет.
Бақытымызға қарай біз басқа республикалар сияқты бір-бірімізбен жауласпадық. Бірлікте, ынтымақтастыққа болашақ үшін жұмыс жасадық. Тәуелсіздіктің бірінші онжылдығында көптеген қиындықтар кездесті, жылу, жарық болмады. Бірақ, біздің азаматтарымыздың шыдамдылығы барлығын жеңді. Алдымызда жарқын болашақ болады деген сенімділік, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси стратегиясы бізді осы күнге жеткізді.
Сонымен, 1991 жылғы Президент сайлауында барлық теміртаулықтар Нұрсұлтан Назарбаевқа бірауыздан дауыс берді. Біз оны жақсы танимыз және оған сендік. Ол – біздің Президент. Ол комбинатты дамытуға көмектесті. Біздің қаламыз өркендеп келеді. Қазіргі таңда бізді, Қазақстанды әлем таниды. Біздің экономикамыздың дамуына әлемнің экономикалық дамыған елдері тамсануда. Еліміздің 26 жылдық тәуелсіздігінің нәтижесі осындай. Бұл – Президенттің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осының барлығына біз куәгерміз.
Біздің әрқайысымыз Мемлекет басшысының мына сөзімен келісеміз деп ойлаймын: «Мен бақыттымын, әлемде Қазақстан жайлы жақсы пікірлер айтылады. Мен қиын жылдары ұсынған бағдарламамның бүгінде жемісін көріп отырмын. Қазақстандықтар маған өзімнің серіктестеріммен бірге дамыған мемлекет болуға бағытталған еңбектерім үшін рахмет айтады. Біз экономика саласында айтулы табысқа жеттік, бюждетімізде қаржы бар, жыл сайын халықтың ауқатын жақсартуға мүмкіндігіміз бар».
Ермек Төлеубаев,
«Қазақстан Магниткасының» ардагері, ЖТОО-зауыт 1967 жылдың түлегі,
(қазіргі Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті).