Жастардың жолын ашқан жоба
Жастар жылын қорытындылайтын сәтке де жақындап қалдық. Атаулы жылдың аясында жастардың әлеуметтік мәселесін шешу, кәсіпкерлікке баулу және қоғамдық белсенділіктерін арттыру бағытында ілкімді істер атқарылды. Мәселен, теміртаулық жастар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» пилоттық жобасы аясында бизнес саласындағы білімдерін шыңдап, арнайы грант иеленді. Сондай-ақ, қалада экология мәселесін шешуге бағытталған «Эко-City» жобасы жүзеге асты. Толығырақ тоқталсақ.
Кәсіп ашқанға қолдау көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Бірге іске асырамыз» жалпыұлттық акциясы аясында қоғамда елеулі өзгерістер орын алуда. Солардың бірі – “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жас кәсіпкер» жобасы. Яғни, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға жол сілтеп, материалдық қолдау көрсету. Осы арқылы әлеуметтік ахуалды жақсарту және масылдық психологияны жою көзделген. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз немесе соңғы үш жылда кәсіпкерлікпен айналысқан азамат қатыса алады. Қазіргі таңда Теміртау қаласында жобаның биылғы жылғы соңғы кезеңіне қатысушылар іріктелуде.
«Жас кәсіпкер» жобасына қатысушылар бизнесті қалай және неден бастау керек екенін және қандай мемлекеттік органдардың көмегіне жүгінуге болатынын үйренді. Сонымен қатар, бизнес-жоспар құрып, жеке кәсібін бастайды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы белгілеген кәсіби маман оларға жөн сілтеп, ақыл-кеңес береді. Арнайы комиссия мүшелері жастардың бизнес-жоспарларын тыңдап, ең үздік және ерекше идея ұсынған азаматтарға мемлекеттік грант ұсынады.
Егер, үміткер бизнес-жобасын қорғай алмаса, онда «тыңдаушы» деген сертификат алады. Ол екі жылға жарамды. Яғни, келешекте жаңа идея тауып, оны жүзеге асырғысы келсе, аталмыш сертификат арқылы грант алуына болады. Сонымен қатар, жастарға 6% жеңілдікпен 6,5 жылға 8000 АЕК көлемінде несие беріледі.
Теміртау қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының дерегінше, бүгінге дейін «Жас кәсіпкер» жобасына 103 адам қатысқан. Олардың ішінде 33 адам өздерінің бизнес-идеяларын сәтті қорғап, 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде грант иеленді. Мемлекет қолдауына арқа сүйеген жастар мал өсіру, аяқ-киім жөндеу, киім тігу, тәтті тағамдар пісіру, 3D баспа, ұлттық нақыштағы бұйымдар шығару, ағылшын тілін үйрету, сән салондарын ашу және басқа да кәсіп түрлерін игереді. Бұл ең алдымен жұмыссыздардың азаюына ықпал етіп, жастардың әлеуметтік ахуалын арттыруға ықпал етпек. Әрі, шағын және орта бизнестің қанат жаюы ел экономикасына тың серпін берері анық.
Жастар – идея жаршысы
Теміртаулық жастарға Көкшетау қаласынан келген бизнес-тренер Жанна Айдосқызы дәріс берді. Сонау тоқсаныншы жылдарды тоқырау кезеңінде алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлікпен айналысқан келіншектің өмірден түйгені мол екен.
– Үкімет кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастарға үлкен мүмкіндік ұсынып отыр. Біздің жас кезімізде мұндай болған жоқ. Жұртпен жағаласып жүріп саудамен айналыстым. Кейін нан өнімдерін шығаруды қолға алдым. Әуелде тәулігіне небары алты бөлке ғана пісіретінмін. Үнемі ізденісте болдық. Қайтсем осы кәсіптің шыңына шығамын, барынша көп табыс табамын деген ойда болдым. Соның арқасында өнім көлемін тәулігіне 4 мың бөлкеге дейін өсірдім. Балаларым ер жеткен соң бұл бизнесті сатып, жылжымайтын нарық саласына бет бұрдық. Ұлдарымды жастайынан еңбекке баулып өсірдім. Қазір олардың да өз бизнестері бар, – дейді Жанна Айдосқызы.
Жастарға бизнесті тек кітаптағы жазбадан ғана білетін теоретик маман емес, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған тәжірибелі маман білім беруде. Мұның тиімділігі де жоғары болары сөзсіз. Өйткені, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген жан оларды алда кездесетін қиындықтардан сақтандырып және қай саланың тиімді екенін дөп басып айта алады. Сондай-ақ, бизнес-тренердің өзі де осы жобаның аясында жеке кәсібін дамытуға қатысты көптеген жаңа идеяларға кенелгенін айтып отыр.
– «Жас кәсіпкер» жобасының негізгі артықшылығы – негізгі аудитория жастар. Олардың бойында өмірге деген құлшыныс, энергия бар. Кез келген технологияны меңгеріп кете алады. Әрі бірнеше тілде еркін сөйлейді. Жаңашыл. Мұндай азаматтардың бизнесте жолы болары анық. Өйткені, кәсіпкерлікпен айналысу үшін адамға ең алдымен білім және жаңа нәрселерді үйренуге деген ұмтылыс болу керек. Жастармен пікірлесе жүріп, оларға түрлі бизнес идеяларды ұсындым. Сондай-ақ, өзім үшін тың ақпараттарды алдым, – дейді Жанна Айдосқызы.
Қаржылық сауаттылық керек
Нарық заманында таршылық көрмеудің басты талабы – қаржылық сауаттылық. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында білім алған азаматтардың бәрі кәсіпкер болып шықпайды. Кей адамдардың бойында бизнесті алып жүруге қажетті қарым-қабілет болмауы мүмкін. Десек те, бұл оқу пайдасыз дегенді білдірмесе керек. Өйткені, оқу барысында жастар ақшаны дұрыс жоспарлауды үйренеді. Ал, қаражатты дұрыс жұмсай білу – табысты болудың кілті. Жанна Айдосованың айтуынша, оқу курсына жазылған азаматтардың арасында масылдық психологиядан арылмаған, тек «тегін» ақшаны алып қалуды ғана көздейтін жандар кездескен. Әйтсе де, дәрістен соң олардың көпшілігі түпкі ойынан айнып, кәсіпкер болуға мотивация алыпты.
Қоғамда «мен мемлекетке не беремін?» деп емес, «мемлекет маған не береді?» деген көзқарасты ұстанатын азаматтар кездеседі. Өкінішті әрине. Қоғам болған соң мұндай келеңсіздіктердің де орын алып тұратыны рас. Десек те, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірге іске асырамыз» акциясы аясында қоғамдық санаға өзгеріс енгенін де атап өткен жөн. «Жас кәсіпкер» жобасына қатысқан жандардың көпшілігі оқу курсынан кейін түбегейлі өзгеріп, өмірге басқа қырынан қарай бастайды. Бұл – жағымды құбылыс. Себебі, олар дәл қазір кәсіпкер болып кетпесе де, түбінде осы салаға келеді. Бастысы масылдық психологиядан арылу жолына түсті ғой. Қаржылық сауаттылық негіздерін меңгерген адам келешекте табысты болары анық, – дейді бинес-тренер.
Қоршаған ортаны қорғау – ортақ парыз
Жастар, тек, еңбекте ғана емес, қоғамдық жұмыста да белсенді болуы керек. Теміртау қаласының экологиялық ахуалы баршаға аян. Оны қалай жақсартуға болады? Келешекте қаланы көркейту үшін не істеу керек?
Биыл Теміртауда қалалық жастар ресурстық орталығының ұйтқы болуымен «Эко-City» жастар жобасы жүзеге асқан болатын. Оған төрт жүзге жуық жас қатысты. Екі айдың ішінде жоба қатысушылары қаланың тазалығы, тұрмыстық қатты қалдықтардың зардабын жою, жасыл желекті күтіп-баптау мәселелеріне қатысты ізденісте болды.
Қоқыс мәселесі, тек біздің елімізді ғана емес, барша әлемді алаңдатып отыр. Адамзат баласы экологияға орасан зор зиян тигізуде. Мәселен, Қазақстанда бір адам жылына 2,5 тонна тұрмыстық қалдық шығарады екен. Ал, дамыған елдерде бұл көрсеткіш тіптен жоғары.
«Эко-City» жастар жобасының аясында жасөспірімдер қоршаған ортаны қорғаудың қаншалықты маңызды екенін ұғынды. Мәселен, пластик бұйымдардан бас тарту, дүкенде экошоппер алу және тұрмыстық қалдықтардың орынсыз шашылмауына жағдай жасау. Бұл үшін қалада арнайы семинарлар, кездесулер және дәрістер ұйымдастырылған.
ТЕМІРТАУ қаласы.