Жаңалықтар

Жастардың жанарында от бар

Бүгінгі Қазақстан – жасампаздықтың жаңа дәуіріне аяқ басқан, болашаққа бағыт алған ел. Ал болашақтың негізін қалаушылар – білімді, ұлтжанды, белсенді жастар. Елімізде осындай жастардың басын біріктіріп, ел ертеңіне бағыт көрсетіп келе жатқан жетекші ұйым бар. Ол – «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты. Біз мерекеге орай әрбір жастың өз әлеуетінің шыңдалуына мүмкіндік беретін қоғамдастықтың жай-жапсарын білу үшін «Жастар Рухы» жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Арафат Мәжитовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Сурет автордан

– Арафат Азаматұлы, күні кеше Жастар күні тойланды. Бұл күннің жастар үшін маңызы қандай?

– Жастар күні – жас буынның қоғамдағы орны мен үлесін атап өтетін, олардың әлеуетін танытатын ерекше күн. Бұл мереке – әрбір жасқа өз идеясын жүзеге асыруға, шабыт алуға және жаңа таныстықтар орнатуға мүмкіндік береді.
Күні кеше өткен Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Озық ойлы жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, білімпаздығы, еңбек етуге және өзін-өзі дамытуға құштарлығы қуантады. Өйткені еліміздің бүгіні де, ертеңі де – сіздер.
…Қазақстан жастары – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, жасампаз азаматтар. Еліміздің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қолында», – деп жастарға зор сенім артты. Біз, жастар, сол үдеден шығуды мақсат тұтамыз.

– «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымының миссиясы не, бағыты неде? Қарағанды облысының жас қауымына қандай мүмкіндіктер ұсынады?

– Біздің басты бағытымыз – жастар саясатын дамыту, олардың саяси белсенділігін арттырып, болашақ кадрларды даярлау. Ел дамуының белсенді қатысушысы ретінде жастарға бағыт-бағдар береміз.
Қарағанды облысының жастарына біз түрлі акциялар, лагерьлер, қоғамдық бастамаларды іске асыруға және жеке тұлғалық дамуға арналған алаңдар ұйымдастырамыз. Мұндай мүмкіндіктер жастардың жаңа идеяларды жүзеге асырып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға жол ашады.
«Жастар Рухы» – жас қауымның өзін-өзі танытуына арналған үлкен алаң. Біз жастарға өз қабілетін көрсетуге, жаңа бастамаларын жүзеге асыруға және өмір жолында алғашқы серпін алуға мүмкіндік береміз. Біздің орта – нағыз өмір мектебі, мақсаты айқын жас осы жерден шыңдалып шығады. Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дегеніндей, елдің беделді азаматы болып қалыптасуына «Жастар Рухы» даңғыл жол салады.
Әр жастың өз басымдықтары мен даму бағыттары бар, ал, біз сол жолда нұсқау беріп, қолдау көрсетеміз. Мәселен, біздің қатарымыздан өз стартапын бастағандар да, үлкен ұйымдарда мансабын құрғандар да, қоғамдық қызметке етене араласып кеткендер де көп. Жастардың бойындағы дарын мен қабілетті танып, оларды өз арманын жүзеге асыруға жетелеу – біздің ең маңызды миссия­мыз.

– Облыстағы жас толқынның белсенділігі қандай деңгейде деп ойлайсыз? Қай жобаларға жиі қатысады?

– Қарағанды жастары белсенділігімен және батыл идеяларын жүзеге асыра білуімен ерекшеленеді. Олар экологиялық акция­ларға, қайырымдылық бастамаларға, интеллектуалды ойындарға, сондай-ақ, саяси-ағартушылық жобаларға белсене қатысады. Әсіресе, еріктілер қозғалысы мен көшбасшылық дағдыларды дамытуға арналған іс-шараларға жастар қызығушылықпен атсалысады.
«Жастар рухы» соңғы жылдары өңірде әлеуметтік қолдау, қауіпсіздік, патриотизм, экология, тіл мен мәдениетті дамыту бағытында ондаған жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, жастар «Ардагерлерді ардақтайық» бағыты аясында жалғызбасты ата-әжелерге үй шаруасына көмектеседі, «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша тұрғындарға қауіпсіздік туралы құлағдар етіп, ашық кәріз құдықтары мен қауіпті нысандарды тексереді. «Қауіпсіз қоғам» акциясында полиция департаментімен бірге түнгі уақытта ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың болуына қатысты рейдтер өткізеді. Сондай-ақ, «Сарбаз болғым келеді» жобасы арқылы колледж студенттерін әскери бөлімдер мен өрт сөндіру станцияларына экскурсиямен апарып, оларға кәсіби бағдар мен патриоттық тәрбие беруге атсалысамыз.
Патриотизмді нығайтатын тағы бір бастама – «QAISAR» әскери-патриоттық ойындары. Онда облыстық іріктеуден өткен мектеп жастары республикалық жарыстарға жолдама алады. Айта кетсек, биыл Қарағанды жастары бұл жобада бірінші орынды жеңіп алды. Экология саласында «Таза Қазақстан» акциясын өткізіп, ағаш отырғызу, аумақтарды тазалау, тіпті, Ақмола-Алматы тасжолы бойындағы қоқысты жинап, үлкен ауқымды «Road» эстафетаны өткіздік. Нәтижесінде 100 тонна қоқыс қалдықтары жиналды. Сонымен бірге «Есірткіге жол жоқ» бастамасында есірткі жарнамаларын жоямыз және жастарға оның зияны туралы түсіндіреміз.
«Жастар Рухы» жастар қанатының тағы бір жұмысы – тіл мен мәдениет бағытында «Менің елім – менің тілім» жобасы шеңберінде «Сөйле» клубында қазақ тілін тегін үйретеді. Сондай-ақ, «BirTolqynda» диалог алаңында түрлі сала мамандарымен ашық кездесулер ұйымдастырамыз. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында 600-ден астам жастың қатысуымен облыстық жастар слеті өткізілді. Биыл «Жастарға жұмыс» жобасы аясында 30-дан астам жұмыс берушінің қатысуымен бос орындар жәрмеңкесінде 200-ден астам жастың еңбекке орналасуына ықпал еттік. Біз облыс көлеміндегі осындай ауқымды шаралардың бел ортасында жүрміз.
Біздің өңірдің белсенді жастары республикалық деңгейде де көзге түсуде. Мысалы, 2025 жылғы рес­публикалық жастар саяси лагерінде олар Мәжіліс депутаттарымен, «AMANAT» партиясының төрағасымен және Атқарушы хатшымен кездесті. Ал, былтырғы «Рухтас­тар» премиясында біздің филиал «Үздік филиал» атанып, белсенді Олжас Қайдарұлы «Белсенді рухтас» номинациясын жеңіп алды. Мұның бәрі – Қарағанды жастарының белсенділігін айқындап, жастар бірлігінің үлгісіндей.

– «Жастар Рухы» жастар қанаты қандай маңызды бастамаларды қолға алды? Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Бүгінде Қарағанды облыстық филиалы жанында Жастарды қолдау кеңесі жұмыс істейді. Онда біз өңір жастарының өзекті мәселелерін талқылап, республикалық кеңеске ұсынамыз. Бұл мәселелер одан әрі Үкімет деңгейінде қаралады. Мысалы, вейп өнімдерін сатуға тыйым салу – біздің бастамаларымыздың бірі.
Сонымен қатар, жастар қанаты Жас көшбасшылар платформасын жүзеге асырды. Бұл жоба арқылы жас лидерлер оқытылып, партияның болашақ кадрлары қатарына қосылды.
Жақында өткен 2025 жылғы республикалық жастар лагерінде партия Төрағасы Ерлан Қошановтың алдында Мәжіліс жанындағы Жастар парламенті жобасына тарту туралы ұсыныс жасалды. Бұл бастама – ел дамуына үлес қосқысы келетін дарынды жастар үшін зор мүмкіндік.

– Қарағанды жастары ар­а­сынан шыққан жарқын үлгі боларлық тұлғалар бар ма? Кімдерді атай аласыз?

– Жастар ұйымында өзін-өзі тапқан, табысты жолын бастаған және қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтар жетерлік. Олардың арасында Асылхан Сейдахмет, Дастан Сағынаев, Ақсанат Тулесова және басқалары бар. Бүгінде олар «AMANAT» партиясының орталық аппаратында қызмет атқарып, ел дамуына үлес қосып жүр.

– Өсіп келе жатқан жас толқынға айтарыңыз. Жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Жастар ең алдымен білімге құштар, жауапкершілігі мығым, табанды және жаңашыл болуы керек. Сонымен қатар, өз халқының бай мәдениеті мен тарихынан хабардар болуы да маңызды. Әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуға ұмтылу – табыстың басты кілті. Ең бастысы – жастар өз орнын табудан қорықпауы тиіс, өйткені олар – елдің ертеңгі күші.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button