Білім

Жастардың жалақының аздығына көңілі толмайды

Қарағанды облысында жыл сайын өңір жастары арасында өзекті мәселелерді анықтауға арналған әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп келеді. Жастардың әлеуметтік жағдайы мен құндылық бағдарларының 2024 жылғы зерттеу нәтижесі «Қарағанды облысының жастары» әлеуметтік зерттеу қорытындылары» тақырыбында өткен брифингте талқыланды.

Суретті түсірген автор

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармада брифинг интерактивті режимде өтті. Брифингке облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Жанар Дюсетаева, педагог-психолог Әлия Искиндирова, «Азаматтық бастамалар орталығы» ҚҰ төрағасының орынбасары, заң ғылымдарының магистрі Мадина Салпенова қатысып, әлеуметтік зерттеудің нәтижесін таныстырды.
Өткен жылдың әлеуметтік зерттеулері бойынша Қарағанды облысының жастары арасындағы өзекті мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары айтылды. Сарапшылардың сөзінше, мұндай зерттеулер аймақтағы жастардың пікірін ескеруге және нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

– Бұл зерттеудің өзектілігі – мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруде жастардың негізгі мәселелері мен ерекшеліктерін анықтап, сараптау және талдау жүргізу үшін өте маңызды.
Өйткені жастар қоғамда үлкен рөл атқарады, – деді Жанар Дюсетаева.

Талдамалық баяндамада өңір жастары арасындағы қоғамдық-саяси жағдайлар, өзекті мәселелер, жастар арасындағы шиеленіс пен қақтығыс динамикасы анықталған. Сонымен қоса, жас азаматтардың психоактивті заттарды тұтынуы, зиянды әдеттерге бейімдігі, әрі оған қарым-қатынасы назарға алынып, жастардың құндылық бағдарлары қамтылған. Әлеуметтік зерттеуге өңірдегі 1000 адам қатысты.

– Сауалнамаға қатысатын адам саны әрбір өңірлерге бөлінді. Әлеуметтік зерттеудің өз әдісі бар, сондықтан, онда көп адамды қамту мақсат емес. Мұнда жастардың жас ерекшеліктері де ескеріледі. Біз Теміртау университетінің студенттері мен «Kazakhmys» және «Qarmet» компанияларының жастарын қамтыдық, – деді «Азаматтық бастамалар орталығы» ҚҰ төрағасының орынбасары Мадина Салпенова.

Зерттеу барысында әлеуметтік-экономикалық жағдай бойынша жастар арасында 5 бірдей маңызды мәселе анықталған. Олар – негізгі азықтүлік пен тауарлар бағасының өсуі (80%-ы), қымбатшылық қысқан заманда
өмір сүрудің қиындығы, яғни, жалақының аздығы (66%-ы), тұрғын үй қолжетімсіздігі (57,1%-ы), коммуналдық қызмет тарифтері мен жанармай бағасының өсуі (54,7%-ы), білім беру жүйесіндегі мәселелер (52,8%-ы). Сауалнама барысында жастардың басым көпшілігінің осы жайттарға көңілі толмайтын болып шықты. Жастардың қоғамдық-саяси жағдайға көзқарасы және қарсылық әлеуеті негізінде жүргізілген зерттеулерде көпшілігі бірқатар факторларға наразы екені байқалды. Бұл факторларға жаппай жұмыстан босату мен қысқарту, азықтүлік пен коммуналдық қызмет бағасының негізсіз күрт өсуі, сондай-ақ жалақы, зейнетақы және стипендия төлемдерінің кешіктірілуі жатады.
Сонымен қоса, өңір жастарының ақпарат көздеріне және БАҚ өкілдеріне қаншалықты сенетініне де әлеуметтік зерттеу жүргізілген.

– Қарағанды өңірінің бүгінгі жастары – табысты, әлеуметтік тұрғыда қорғалған және өз үні естілгенін қалайтын ұрпақ. Жастар өздеріне не қажет екенін ашық айтып, басқару органдарымен бірлескен коммуникация, әлеуметтік қолдау және ашықтық секілді өзекті мәселелерді атап өтті. Сауалнама нәтижелері жастардың өмір сапасын жақсартуға және тұрақтылықты нығайтуға бағытталған шараларды қолға алып, іске асыруға пайдасы тиюі мүмкін, – деді Әлия Искиндирова.

Оның айтуынша, зерттеу барысында анықталған мәселелерді шешуге болады. Қарағанды облысында белсенді және білімді жастар көп, ал, билік өкілдері әрі қарай жұмыс істеудің қажеттілігін түсініп отыр. Сондықтан, мұндай ұзақ мерзімді процесс бірлескен күш-жігердің арқасында ғана мүмкін болмақ. Брифинг барысында жастардың өзекті мәселелері сұрақ-жауап форматында талқыланды. Қатысушылар әлеуметтік зерттеулер негізінде өз ұсыныстарын айтты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button