Приозерск

Жастардың жәрдемі

Жұртты алаңдатқан коронавирусқа байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Приозерск қаласының жастары барынша белсенділік танытуда.

Жуырда Приозерск қаласы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «BIZ BIRGEMIZ» атты акция барысында 153 адамға көмек көрсетілді. Аталған акция аясында жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, «ASAR» волонтерлік корпусының жəне «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері бірлесе отырып, қаламыздың тыл жəне еңбек ардагерлерін азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қоса, көпбалалы отбасыларға тегін медициналық бетперде таратты. Игі іске ризашылық білдірген шаһар тұрғындары жас буынға батасын беріп, алғысын жеткізді.

– Өздеріңізге белгілі, əлемді əуреге салған індеттің біздің елге де жетіп, оның саны күн өткен сайын артып келеді. Шара барысында əлеуметтік жағынан осал топтарға көмек қолын созуды мақсат еттік. 5 жалғызбасты зейнеткер мен тыл еңбеккерлеріне, 48 аз қамтылған отбасыға, 60 зейнеткерге, 40 көпбалалы отбасыға жəрдемдестік. Тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырдық, – дейді Приозерск қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Ұлан Алмас.

Бұл бастаманы Приозерск қаласының жас белсенділері алдағы күндері де жалғастыруды көздеп отыр. Демеушілер табылса, олардың ұсынған азық-түліктерін қала бойынша көпбалалы жəне əлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттарға табыс етпекші.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button