АймақБас тақырыпЖаңалықтар

Жастарды толғандырған сұрақ: Жаңа Конституция өмірімізді қалай өзгертеді?

Өңірдегі белсенді әрі дарынды жастар жаңа Конституция жобасын талқылады. Еркін пікір алаңында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейге жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Конституциялық өзгерістердің әр азаматтың өміріне әсері жайлы ерекше пікірлер сарапталды.

Суреттер Жастар басқармасынан

Кездесу барысында Конституцияның даму тарихы айтылды. Әлемдік тәжірибеде негізгі заңға өзгеріс енгізу қалыпты үдеріс екені атап өтілді. Әлібек Үсенұлы АҚШ-та Конституцияға 27 түзету енгізілгенін, Францияда 1791 жылдан бері бірнеше конституциялық акт қабылданып, Қытай мен Сингапурда да негізгі заң бірнеше рет жаңартылғанын атап өтті.

Сонымен қатар жастар кездесуде қазақ даласындағы құқықтық дәстүрлерге тоқталды. Атап айтқанда, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сияқты тарихи заңдар ел бірлігін сақтауда маңызды рөл атқарғаны да кездесудің ойталқысына айналды.

Кездесуде Конституцияның жаңа редакциясында билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейетіні, қоғам пікірінің маңызы артатыны түсіндірілді. Сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық құндылықтарды дамытуға ерекше мән берілетіні атап өтілді.

– Бүгінгі жас буын күрделі мәселені қарапайым тілмен түсіндіргенді қалайды. Сондықтан Конституцияның бұрынғы және қазіргі нұсқасын салыстыра отырып, елдегі саяси үдерістердің мәнін ашуға тырыстым. Атап айтсақ, бұрын басқару жүйесінде орталықтың салмағы басым болып, азаматтың құқығы мен еркіндігі екінші кезекте қалып қойғанын атап өттім. Ал бүгінде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік күшейіп, олардың өзара ықпалын реттейтін тетіктер нақтылануда. Қоғам пікірі мемлекеттік шешім қабылдауда маңызды факторға айналады. Сонымен бірге, жаңа редакцияда тарихи-мәдени мұраны сақтап, төл мәдениетімізді қолдауға ерекше мән берілгенін тілге тиек еттім. Ең бастысы – өзгерістердің өзегінде Адам, оның қадір-қасиеті, құқығы және өз әлеуетін іске асыру мүмкіндігі тұр.Өз ойын ортаға салып, ұсыныс тастаған жастардың жігер, ынтасынан байқағаным: елінің ертеңіне бейжай қарамайтын ұрпақ қалыптасып келеді. Ойлы сұрақ бар жерде қозғалыс бар, ал қозғалыс бар жерде оң нәтиже шығаратын зор әлеует бар, деді облыс әкімінің орынбасары. 

Жастар кездесуде өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін дәйекті жеткізуі арқылы ел болашағына бейжай қарамайтынын байқатты.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button