Жастарды шыңдайтын мамандық
Мемлекет басшысының «Жұмысшы мамандықтары» жылын жариялау барысын іске асыру аясында бірқатар шаралар қабылдануда. Бүгінде жұмысшы маманның беделін арттырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын іске асыруда жұмыс тобы құрылып, жоспар бекітілді. Бұл жайлы толығырақ облыс әкімінің аппараттық кеңесінде облыстың білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова баяндады.
Дуальды оқытуды дамыту көзделген
– Бүгінде адал еңбекті және еңбек адамын насихаттайтын материалдарды орталық алаңдар мен негізгі көлік бағыттарына орналастырдық. Түрлі салалардағы инновациялар, жетістіктерді, сондай-ақ мансаптық өсудің табысты мысалдарын көрсететін жұмысшы мамандықтары жетістіктерінің облыстық көрмесін өткізуге дайындық жұмыстары жалғасуда. Бұл жастардың жұмысшы мамандығын таңдауына қосымша ынталандыру болмақ.
Өңірдегі ірі кәсіпорындардың соңғы технологияларды қарқынды енгізуін ескере отырып, бірінші кезекте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау арқылы кадрларды даярлау сапасын арттыру бойынша нақты шараларды қабылдаймыз. Бүгінде облыста 33 мыңнан астам студент оқитын 52 колледж жұмыс істейді. Кадрларды даярлау 126 мамандық, 178 біліктілік бойынша жүргізіледі. Биыл біз колледждердегі мемлекеттік тапсырыс көлемін 1100 орынға көбейтіп, 9 244 адамды қабылдадық, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясында дуальды оқытуды дамыту көзделген. Бұл ретте кәсіпорындармен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа форматын енгізіп, колледждерді ірі бизнестің қамқорлығына беру маңызды.
– Мақсатты тапсырысты кеңейтуде халықаралық стандарттардың талаптарын ескере отырып, жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмыстарын жалғастыру керек, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Бүгінде колледждерді кластерлеу 8 жетекші бағыт бойынша жүргізілуде. Бұл тізімде білім беру, құрылыс, көлік, энергетика, IT және байланыс, тау- кен өндіру, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы бар.
– Әр сала бойынша тірек (құзыреттілік орталығы) және магниттік колледждер, кәсіпорындар және облыстағы мектептермен бағыттар айқындалды. Бұл жұмысқа жоғарғы оқу орындары да тартылады. Осы мақсатта өңірдің жаңа мамандықтар атласы әзірленді. Ол мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында ескерілетін болады. Осыған орай, ағымдағы жылы «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану», «Гидротехникалық құрылыс» және «Гидротехникалық мелиорация» мамандықтарын ашатын боламыз, – деп атап өтті облыстың білім басқармасының басшысы.
Кәсіптік бағдар беріледі
Алдағы уақытта кәсіптік бағдар беру жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылмақ. Бұл жұмысқа мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер де тартылмақ. Өңірлік WorldSkills чемпионаты аясында «Жас Skills», сондай-ақ, алғашқы рет «Бөбек Skills» кәсіби шеберлік конкурсы өткізіледі. Оқушылар үшін жергілікті кәсіпорындарға экскурсиялар, «мансаптық апталар» ұйымдастырылады. Мектептерде профильді сыныптар құру жұмыстары жалғасын табады.
Қазіргі уақытта мектептерде қызмет көрсету, авто, агро, құрылыс, ІТ және басқа да бағыттар бойынша 50 профильді сыныптар құрылуда. Жазда колледждер базасында профильді лагерьлер ұйымдастырылады.
Биыл сондай-ақ, түрлі себептермен мамандығын өзгертуге шешім қабылдаған ересек адамдарға көңіл бөлінеді. «Жұмыс тап» жобасы жалғасып, түрлі жастағы азаматтарға арналған бағдарламалар колледждер базасында жүзеге асырылатын болады.
Жұмыспен қамту, мансаптық өсу және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері ақпараттық науқан аясында «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар», «Бірінші жұмыс орны», «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» сияқты негізгі мемлекеттік бағдарламаларды, сондай-ақ «Күміс жас» және «Алтын жас» сияқты әртүрлі жас топтарын қолдауға бағытталған жобаларды қамтуға ерекше назар аударылатын болады.
Заманауи шеберханалар мен зертханалар
Биыл сонымен қатар, өңірдің жетекші компанияларында түрлі кәсіби сайыстарда жүлделі орын алған 50 үздік түлек мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.
Облыс колледждерінде заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 2 заманауи құзіреттілік орталығы және 10 шеберхана құрылатын болады.
– Біз бұл бағытта «Qarmet» АҚ, «KazakhmysSmelting», «QazTehna», «Kama-TyresKZ», «Silk Road Electronics» ЖШС және өңірдің басқа да ірі кәсіпорындарымен белсенді жұмыс жасаймыз. Моноқалаларда және ауылдық жерлерде орналасқан колледждердің қызметіне ерекше назар аударып, Балқаш және Теміртау қалаларында орналасқан шағын колледждерді ірі колледждерге қосу арқылы ірілендіру жұмысын жүргіздік. Бұл ірі колледждердің ресурстары арқылы шағын колледждердің потенциалын көтеруге мүмкіндік береді. Биыл аталған ғимараттарда өңірлік сұранысқа сай су шаруашылығы, туризм бойынша заманауи шеберханалар мен зертханалар ашылатын болады, – деді Гүлбақыт Серікжанқызы.
Сонымен қатар, биыл студенттер саны аз ауылдық колледждердің базасында кәсіптік бағдарлаудан бастап, ересектерді оқытатын орталық құру жоспарда. Бұл жоба ауылдағы бүлдіршіндер, жасөспірімдер ғана емес, 10-11 сынып оқушыларының және ересек азаматтардың жұмысшы мамандықтарды игеруіне мүмкіндік беретін заманауи орта болмақ.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда Теміртау және Қарағанды қалаларында орналасқан екі жоғарғы политехникалық колледжді халықаралық аккредиттеуден өту мәселесі пысықталуда. Бұл да түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Алдағы уақытта еңбек адамының оң имиджін қалыптастыру мақсатында жұмыскерлер арасында кәсіби шеберлік конкурстары ұйымдастырылып, ардагерлер, үздік шеберлер мен жас жұмысшылар туралы шағын сериалдар мен әлеуметтік роликтер жасалады. Осылайша «Еңбек адамы» үздік бейнесі үшін конкурс өткізу арқылы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру жоспарланған.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz