Жаңалықтар

Жастардың сағы сынбайды

Шахтинск қаласында кәсіпкерлікке ден қойған бір топ жасқа қала әкімінің гранты табыс етілді. Кәсіп ашуға ниеттенгендер арасында темір ұстасы да, жиһаз жасауға ықылас қойғаны да, білім орталығын ашуға ынта білдіргені де бар. Көлік, ұялы телефон жөндеу қызметін шағын қалада жолға қоюды мақсат тұтқан жастар да ұмыт қалмады. Түлік өргізіп, көкөніс өсіргісі келгендердің де меселі қайтқан жоқ. Мұндай мақсатқа қала бюджетінен 15 миллион теңге бөлінген. Бір грант – 1 миллион теңге.

Айталық, 25 жастағы Дәурен Охай өткен жылы МДФ-қасбеттер мен корпустық жиһаз өндіретін цех ашыпты. Бүгінде ол тек Шахтинск қаласының тұрғындарына ғана емес, жақын маңдағы елдімекендерге де қызмет көрсетіп отырса керек. Кәсіпкер алған грантына өнім түрлерін көбейтуд көздейді.

Жиһаз қымбат екені жасырын емес. Биыл материалдар мен керек-жарақтардың құны айтарлықтай қымбаттаған. Шахтинск, Долинка, Шахан тұрғындарына жиһаз үшін Қарағандыға бару қиындықтар тудыратыны рас. Сондықтан, өткен жылы осы істі қолға алдым. Екі адам жұмыс істейді. Енді тауар түрін көбейтемін, – дейді Дәурен. Тағы бір грант алушы – Мирас Мейрам. Ол темір ұстаханасын салуға ниетті. Бұған дейін Мирас мазарлар салып, металл дуалдар, қоршаулар, торлар мен loft-жиһаздар жасаумен айналысып келген.

2019 жылы мен «Бастау Бизнес» бағдарламасымен оқып, дәріс алдым. Сонда 500 мың теңге көлемінде грант иелендім. Бұл маған дем берді. Үш жылдан бері ел арасында өнімдеріміз сұраныс иеленіп үлгерді. Металл бұйымдарын бұрын басқа компаниялардан тапсырыс беретінбіз. Енді грант арқылы өз ұстаханамызды ашамыз, – дейді Мирас.

Мақсат Тоханов қаңтар айында ТЖО ашуды жоспарлап отыр. Жасынан автокөлікке қызыққан Мақсат кәсібін сонымен байланыстырған. Қарағанды политехникалық колледжін «Автосервис» мамандығы бойынша бітірген.

Менің өмірім автомобильмен байланысты. Грантқа ТЖО ашуды жоспарлап отырмын, онда автоэлектрик, май ауыстыру және шиналарды жөндейміз. Боксты жалға аламын. 10 қаңтарда жұмысқа кірісу жоспарда. Төрт адамды жұмысқа орналастырамыз, – деді Мақсат.

Сондай-ақ, шаруа қожалығы, барбершоп, отбасылық кафетериі бар кондитерлік цех, жылыжайлар, тез тамақтану кафесі, ұялы телефондарды жөндеу бойынша білім беру және сервистік орталықтар ашу жобалары қолдау тапты.

Ұсынылған жобалардың әрбірі қызықты, әрі шаһар үшін маңызды. Алдағы уақытта біз грант алушыларға барынша көмектесіп, идеяларының іске асуын қадағалаймыз, – деп атап өтті Шахтинск қаласының әкімі Әскербек Халтонов.

Өз тілшімізден.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button