Ресми

Жастарды қолдау – тұрақты дамудың кепілі

Біздің облыстың әрбір бесінші тұрғыны – жас адам. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қарағанды облысында 14-28 жас аралығындағы 266 081 (19,3%) жас азамат тұрады. Қала жастары – 205 696 адам (77,3%), ауыл жастары – 60 385 адам (22,7%). Өздеріңіз білетіндей, 2020 жыл – Еріктілер жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еріктілер жылын қорытындылау салтанатында: «Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қолұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық»,- деп волонтерлерге ыстық ықыласын жеткізген болатын.

Ел ағалары тарапынан айтылған алғаусыз алғыс Арқа төсіндегі ақжүрек жастардың көңілдеріне қуаныш сезімін ұялатты деп білемін.

Оған себеп, Еріктілер жылы аясында Қарағанды облысында да ауыз толтырып айтарлық ауқымды істер жүзеге асырылды. Еріктілер қозғалысын дамыту бойынша іс-шаралар кешенді негізде жүргізілді. Волонтерлердің өңірлік фронт-офисі құрылды, «Qoldau» волонтерлік орталығы ашылды.

2020 жылдың басынан бері 3 700 волонтердің қатысуымен 1 112 акция өткізілді (154 763 адам қамтылды). Облыс бойынша 7 мыңнан астам адамды қамтитын 97 волонтерлік топ жұмыс жасайды (2019 ж. – 87 / 5 мың. волонтер).

«Saryarqa jastary» облыстық волонтерлер штабы 1 580 отбасыға көмек көрсетіп, 4 971 адамды қамтыды.

Пандемия кезінде барлық мұқтаж жандарға көмек көрсету бойынша 778 акция өткізіліп, жалпы 15 мыңға таяу отбасы қамтылды (14 251). Жалпы алғанда волонтерлік қызметке облыс бойынша 4 4420,0 мың теңге бөлінді. Оның 2 1420,0 мың теңгесі өңірлерге тиесілі. Өткен жылдың 25 желтоқсанында «Qoldau» орталығында волонтерлер жылының салтанатты жабылу рәсімі жүзеге асырылып, волонтерлік қызметті дамытуға арналған гранттар мен белсенді волонтерлер марапатталды.

Волонтер жылы аяқталғанмен, бұл еріктілер қозғалысының белсенді дамуының басы деп айтқым келеді.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 19 Жастар ресурстық орталықтарының қызметі өз үлесін қосады. 2020 жылы 599 037 адамның қатысуымен 4 139 іс-шара өткізілді (2019 ж. – 280 мың адам / 3256).

ЖРО психологтарымен және заңгерлермен балалар үйінің түлектеріне консультациялар мен әдістемелік көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, облыстық ЖРО-мен 2020 жылы 76 құқықтық, 91 психологиялық көмек, 3 ақпараттық-түсіндіру консультациясы берілді.

Кеңесші-консультативтік орган қызметін атқаратын Қарағанды облысы әкімінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңесте жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелер қаралады. Осындай кеңестер қала және аудан әкімдері жанында қызмет жасайды. 2020 жылы жастар саласындағы өзекті 107 мәселені қарастырған 38 отырыс өтті.

Жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу бойынша келесідей шаралар қабылдануда: жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті қолдау, ақпараттықтүсіндіру жұмыстары.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» Мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамту органдарына 46 148 адам өтініш білдірді, оның ішінде жастар қатарынан 16 003 адам өтініш білдіріп, жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде бос жұмыс орындарына 10 513-і жұмысқа орналастырылды; жастар тәжірибесімен 1 436 адам қамтылды; 283 әлеуметтік жұмыс орны құрылды; қоғамдық жұмыстарға 3 768 жас адам жіберілді, еңбек нарығының талаптарын ескере келе, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 700 адам жіберілді, жұмыс берушілердің өтінімдері және еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 432 адам жастар қатарына жіберілді, 251 шағын несие берілді.

Жұмыспен қамту және жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мәселесін шешу «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жүзеге асырылады. 2020 жылы 1013,9 млн. теңге сомасына әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешеннің 257 маманы тұрғын үй сатып алды (165 білім беру қызметкері, 66 – денсаулық сақтау, 1 – әлеуметтік қамсыздандыру, 9 – мәдениет, 6 – спорт, 12 – агроөнеркәсіптік кешен); 160,8 млн.теңгеге 587 маман (386 білім беру қызметкері, 154 – денсаулық сақтау, 14 – мәдениет, 13 – спорт, 19 – агроөнеркәсіптік кешен, 1 мемлекеттік қызметші) көтерме жәрдемақы алды. 2020 жылы көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредиттер алған мамандардың жалпы санынан жастардың үлесі 83,8%-ды құрады. Бұл 29 жасқа дейінгі 626 маман (747 маманнан).

Облыс ЖОО-да білім алған «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» («Серпін») бағдарламасының қатысушылары, шамамен 60% (378 адам) жұмысқа орналастырылды.

Оқушылар мен студент жастардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында жазғы демалыс кезінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы ұйымдастырылады. Облыстық бюджеттен қызметті қамтамасыз етуге 54105 мың теңге бөлінді. 2020 жылы 1413 адам жұмыс атқарды (жоспар – 1200).

Жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. 2020 жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жалпы сомасы 100 млн. теңгенің 100 гранты бөлінетін болады (2019 ж. – 10 грант, 10 млн. теңге).

Биылғы жылы облыста «ZhasProject» жобасын іске асыру басталды. Жалпы облыс жастарымен 646 жоба немесе 3 мыңнан астам адам ұсыныс берді. Оның ішінде, 155 жоба немесе 527 қатысушы грант ұтып алды.

Жастар арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ақпараттық роликтерді танымал әлеуметтік желілерге орналастыру арқылы жүзеге асырылуда. Онда жастардың қызығушылығына қатысты қолданыстағы бағдарламалар мен жобалар туралы, еріктілер жұмысы мен еріктілер қозғалысы туралы бейнероликтер орналастырылған (қаралым 120 мыңнан астам жастар құрады).

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету кешенді жоспар жүзеге асырылды. 2020-2022 жылғы кезеңдерде 618 пәтер бөлу жоспарлануда. 2020 жылы 169 пәтер бөлінді немесе 101,8% (жоспар – 166). Аталмыш бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Кешенді жоспарды жүзеге асырумен қатар баспананың болмауы мәселесі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы арқылы шешіледі.

Жастармен жұмыстың жаңа нысандары сәтті енгізілді. Мысалы, облыстық Жас ғалымдар кеңесі белсенді жұмыс істей бастады, ғылыми-зияткерлік клубтар, зерттеу жұмыстары мен жастар стартаптарына арналған алаңдар құрылды. Бұл IT-технологиялар мен робототехника, әлеуметтік-гуманитарлық және ғылыми-техникалық салалар. Сондай-ақ, өңірде «Зияткерлік клубтардың қызметін ұйымдастыру» жобасы жүзеге асырылуда.

2020 жылы облыстық бюджеттен 9 млн. теңге бөлінді. Жобада жастардың зияткерлік бастамаларын қолдау қарастырылған. 2020 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Қайнар» жастар сыйлығы жастар арасында жемісті ғылыми, шығармашылық, кәсіби және қоғамдық қызметі үшін танылған облыстың 14-28 жастағы азаматтарына беріледі (10 номинация бойынша жалпы сомасы 2 млн.750 мың теңге).

Осылайша, біз жастар саласындағы өзекті және проблемалық мәселелерді шешудің тетіктері мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырамыз. Жастарға қолдау көрсету – бұл еліміздің одан әрі ілгерілеуіне ұзақ мерзімді инвестициялар, өйткені жас ұрпақ әлемді өзгертіп, жаңашыл идеяларды енгізіп, өз болашағын құруы тиіс.

2021 жылы жастар саласының өзекті мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетін болады: жұмыссыз жастармен және NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс, мемлекеттік жастар саясаты саласында қызмет ететін жастардың біліктілігін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, жастардың қаржылық сауатын арттыру, жастар кәсіпкерлігін қолдау және дамыту, ауыл жастарының проблемалық мәселелері және т.б.

Сөзімді қорытындылай келе, аймақ жастарын мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, еліміздің дамуына белсенді үлес қосуға шақырамын.

Біржан ӘЛІМЖАНОВ,

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Басқа материалдар

Back to top button