Ресми

Жастарды қолдау – басты міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте «Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін маңызды міндет» деп жастарға ерекше назар аударды. Жастарға сапалы білім берумен қатар еңбек нарығында да үлесін арттырудың маңызына тоқталды. Әрі жастар бастамасын қолдауға 40 млрд. теңге бөлініп, аймақтарға жолданғанын, бизнес саласындағы үздік жобаларға конкурс жарияланатынын жеткізген болатын.

– Қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келеді. Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілді. Оның 2,2 миллионы жастар болуы тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Аймақтарда жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар, – деді Мемлекет басшысы.

Жастарды қолдауда жүзеге асып келе жатқан жобалар тың бастамалардың бағыт алуына жол ашады. Осы орайда, өңірде жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдау мен олардың жұмысқа орналасуына зор қолдау көрсетілуде. 14-34 жас аралығындағы жастардың саны – 325 мың 201, яғни өңір халқының 28,4%-ын құрайды. Оның ішінде – 251 мың 427 жас қала халқының, 73 мың 774 жас ауыл тұрғындарының қатарын толықтырып отыр.

Жастар саясаты мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болғандықтан жастардың әлеуметтік бағыты мен өмірлік бағдарын анықтауда әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп отырады. Нәтижесінде, олардың қай салаға икемі бары және қандай әлеуметтік қолдаулардың сұранысқа сай екендігі анықталып, қажетті іс-шаралар жоспары жасалуда. Өңір жастары арасында анықталған зерттеу нәтижелері олардың 90,2%-ның мемлекеттегі жастар саясатына көңілі толатындығын көрсеткен. Яғни, жастарды қолдауда жүргізіліп жатқан кешенді жобалар мен бағдарламалар оң нәтижесін беруде.

Кейінгі жылдарда қолға алынған NEET жастар жобасы олардың әлеуметтенуіне ықпал етті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталмыш жоба аясындағы жастар үлесі 8,6%-ды құрады. Яғни, 2021 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға төмендеген. Сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысында жұмыссыз жастар көрсеткіші 4,5%-ды құрады. Жұмыссыз жастар санын азайту, жұмыссыздық деңгейін тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы жүзеге асуда. Биыл өңірдегі 8 мың 143 жасты аталмыш жоба аясында жұмыспен қамту көзделуде. Бүгінде өтініш білдірген 2 мың 758 жастың 1 мың 903-і жұмысқа орналасып, 105 адам «Жастар практикасына» жіберілген. 517 жас «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқуда.

Биыл «Дипломмен ауылға» жобасы аясында көтерме жәрдемақыны 35 жасқа дейінгі 112 маман алды. Мұндағы жастардың үлесі – 95 пайыз.

– Сондай-ақ, өңірде жастардың бизнес жобаларын қолдауға мақсатты гранттар бөлу тәжірибесі енгізілді. 2023 жылы облыс әкімінің, қалалар мен аудандар әкімдерінің гранттарының жоспарланған бюджеті 256,0 млн. теңгені құрайды (облыс – 100 млн., қалалар мен аудандар – 156,0 млн.). Былтырғы жылмен салыстырғанда 20 млн. теңгеге артты, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Рауан Таран.

Қоғамдағы басты мәселенің бірі – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету. Өңірде де бұл мәселе өзекті. 2020-2022 жылдар аралығында 480 пәтер берілген. 2023-2027 жылдар аралығында 470 пәтер беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жас мамандарға өңірлік ипотека бағдарламасы іске асырылуда. Биыл бұл бағдарламаның шарапатын Саран, Балқаш, Теміртау қалаларындағы кәсіпорындарда еңбек ететін жастар көрмек.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button