Білім

Жастарды еңбек шыңдайды

Қарағандыда «WorldSkills Karaganda – 2025» оныншы өңірлік чемпионаты қорытындыланды. Бұл жолы жарысқа облыстың 38 колледжінен 286 студент қатысты. Олар үздік атану үшін 46 құзыреттілік бойынша бақ сынасты.

Сурет облыс әкімдігінен

Жастар инженерия мен аспаздық, мейрамхана сервисі мен кірпіш қалау, бағдарламалау мен флористикадан өнерлерін көрсетті. «Жастар» спорт кешенінде орталықтандырылған түрде 20 бағыт бойынша жарыстар өтті. Сондай-ақ өңірдің 14 колледжі қалған құзыреттерге арналған мамандандырылған алаңдарда өнер көрсетті.

Сарапшылар чемпионатқа қатысушылардың деңгейі айтарлықтай өскенін, ал оқиғаның өзі жұмысшы мамандықтарының нағыз мерекесіне айналғанын атап өтті.

– «Жұмысшы мамандықтарының жылында» WorldSkills өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізу ерекше мәнге ие болды. Жастар құрмет пен танымалдыққа ие болатын алаңға айналады, – деді білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Татьяна Нартова.

Барлығы 148 жүлдегер анықталды. Олардың қоржынында 55 алтын, 48 күміс және 45 қола медаль бар. Сондай-ақ, 40 қатысушы кәсіпқойлығы үшін арнайы медальға ие болды.
Жеңімпаздар «WorldSkills Kazakhstan – 2025» республикалық чемпионатында өңірдің намысын қорғайды.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button