Бас тақырып

Жастардың 3 пайызы – құмар ойынға тәуелді

Облыс халқының 30 пайызға жуығы – 15-35 аралығындағы жастар. Олар әртүрлі әлеуметтік-экономикалық шараларға қатысатын қоғамның белсенді тобы. Осы орайда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бірнеше тақырыпта әлеуметтік сауалнамалар жүргізген. Облыстың 6 қаласы мен 7 ауданындағы жастар белсенді қатысып, өздерін толғандырған оймен бөлісті. Әлеуметтік сауалнамада «Әлеуметтік жетімдіктің себептері мен салдары: Қарағанды облысының тәжірибесі» атты өзекті мәселе қозғалған.    

Сурет: azattyq-ruhy.kz сайтынан

– Жастарды қорғау бағытындағы мемлекет қолға алған шаралардың тиімділігін бағалау – осы санаттағы тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін таразылаумен, бақылмаумен байланысты. Бұл тұрғыда Жастар басқармасы тарапынан жыл сайын әлеуметтік зертеулер жүргізіледі. Зерттелеулердің тәжірибелік мәні бар. Қорытындысына сай, келер жылдың нақты жоспарын жасаймыз, – дейді облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Басқарма мамандарының сөзіне сүйенсек, әлеуметтік сауалнамаға өңірдің 5000-нан астам жастары қатысты. Бірқатар өзекті мәселер анықталды. Зерттеуге өзекті тақырып қатарында әлеуметтік желіге тәуелділік пен әлеуметтік жетімдік бар. Өкінішке қарай, Қарағанды облысы жетім балалардың саны бойынша көш бастап тұр.

Заңның 27-бабында «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» делінген. Өкініштісі сол – қоғамда жетім қалған балалар саны артуда.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы Татьяна Резвушкинаның айтуынша, әлеуметтік жетімдік соңғы жылдары едәуір ұлғайды. Оның негізгі себептері ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің төмендеуімен байланысты. Оған қоса жас отбасының материалдық-тұрмыстық қиындықтарға төзе алмауы бар.  

– Көп жағдайда біз биологиялық ата-анасы бар, бірақ, ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, немесе өлдi деп жариялануына байланысты балаларды әлеуметтік жетім қатарына қосамыз. Сондай-ақ, ата-анасы баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтарса, жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған бала болса да осы қатарға қосылады.

Қазіргі таңда Қазақстанда ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың саны – 4 706. Жетім қалғандар арасында ұл балалар саны – 2095. Жетім балалар санының көбеюі сот шешімімен ата-ана құқығынан айырған отбасыларда кездесіп отыр. Шамамен балалар 7-10 жасында ата-ана қамқорлығынсыз қалады, – дейді Татьяна Резвушкина.

Ал, сауалнамаға қатысқан судьялардың пікірінше, ата-ана құқығынан айырылатындардың дені – жұмыссыз, алкогольдік ішімдіктер немесе есірткіге тәуелділер.

Әлеуметтанушының сауалнамасынан түйгеніміз, әлеуметтік жетімдік қолайсыз отбасынан шығады. Жауапкершіліктен бас тартып, ішкілікке салынған ата-ананың әсерінен бала қадағалаусыз жүреді. Ата-анаға керексіз болып қалған бала тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, құқықбұзушы қатарын толтырады.

Бұл орайда елдегі отбасы институтының жұмысы әлсірегенін айта кеткен жөн. Бұлай қорытынды жасауға ел көлемінде баласын тастап кеткен ата-аналар санының 101-ге артуы себеп. Некесіз бала туу мен ажырасу санының көбеюі де ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала санын арттырып тұр.

– Әлеуметтік жетімдік – өзекті мәселе. Өкінішке орай балалар әртүрлі себептерге байланысты ата-ана қамқорлығынсыз қалып, түрлі жағдайға ұшырайды. Бұл жағдайда қоғам мен мемлекет балаларды дамыту және тәрбиелеу жауапкершілігін өз мойнына алады. Бірақ, отбасы институтының ата-аналармен жұмыс жүргізуі арқылы балаларға қорқынышсыз, жарқын өмір сыйлауға болады. Отбасындағы тəрбиеден кеткен қателік баланың қоршаған ортаға көзқарасын бұзады, оның қандай адам болып қалыптасатынына теріс ықпал етеді, – дейді Татьяна Резвушкина.

Оған қоса әлеуметтік жетімдікті болдырмау мақсатында  баланы отбасына қайтару жұмыстарына әке-шешелері атсалыспайды. Баласын тәрбиелеуден оңай бас тартқан ата-аналарға жаза қолдану мәселесі де жүзеге аспай тұр.

Брифингке қатысқан облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңес мүшелері, ЖОО проректорлары өз пікірлерін білдірді. Онлайн сауалнамада студенттер ойынқұмарлыққа қатысты ойларын білдірді.

Әлеуметтанушының айтуынша, ойынқұмарлық дерті елімізде өршіп тұр. Аталған дерт медициналық мекемелерде емделмегендіктен, психологиялық ауру ретінде де тіркелмейді. Бәс тігуге бастайтын ойынқұмарлық сондай-ақ қаншама жастың өліміне әкеліп соғуда.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, еліміздегі 14-28 жас аралығындағы жастардың әрбір бесіншісі лудомания құрбандары. Биыл құмар ойын ойнайтын жастардың саны өскен. 2022 жылғы зерттеуде жастардың 1,2%-ы құмар ойынға тәуелді екені анықталса,  биыл  бұл көрсеткіш 3%-ды құраған.

Брифинг ұйымдастырушыларының айтуынша, аталған әлеуметтік зерттеулер арқылы жастарды дамыту бағытын қолға алып, атқарып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау үшін осы санаттағы тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйін жүйелі түрде бақылап, таразылап отыру қажет.

Мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру үшін жастардың негізгі мәселелері мен үрдістеріне, ерекшеліктеріне қатысты тұрақты сараптама жасап отыру – маңызды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button