Жаңалықтар

«Жастар жылынан» не күтеміз?

Online skype” – тікелей байланыс сөзінің баламасы. Бұл айдарда әлемнің әр қаласында «Болашақ» бағдарламасымен білім алып, тәжірибе жинап, қызмет етіп жүрген қазақстандық жастармен тікелей байланысқа шығатын боламыз. Бүгінгі жастар алаңында Қытай, Корея елдерінде білім алып жүрген қарағандылықтар.

Арайлым МЕДИ,

Кимпо университетінің студенті:

«Кореяның білімі – сапалы»

Кореялықтар дүние жинамайды, керісінше, жан-жақты дамуға көп уақытын жұмсайды. Өзге елдерге саяхаттағанды дұрыс көреді. Қаражаты көп болса да, үй-жайы кішігірім, әрі қарапайым боп келеді. Қазақтарға ұқсас дәстүрлері бар. Мысалы, бала бір жасқа келгенде дастархан жайып, қонақ шақырады. Кәмелеттік жасқа толған балалар үшін той жасайды. Біздегі Наурызға ұқсас «чусок» атты мереке күні бар. Ел жастары ізденіп жүріп, бірнеше тіл меңгергенді жөн санайды.

Біздің қазақ жастары да жеке дамуға талпыныс жасаса деймін. Әсіресе, оқуға және жұмысқа тұруда пара беруге тоқтау қойса. «Жастар жылында» осындай өзгешеліктер қатаң түрде жүргізілгенін қалар едім. Кореяның білім беру жүйесі сапалы. Сондықтан, әзірге тәжірибе жинап жүрмін. Қазіргі таңда елде экологиялық мәселелер көп талқыланады. Мысалы, қоқысты сұрыптау мәселесіне үлес қосқым келеді. Қазақстандық студенттер кездескенде осындай мәселелерді ортаға саламыз. Сонда қазақ жастарының айтары көп, әрі болашағы жарқын екеніне сенімім арта түседі.

СЕУЛ қаласы.

 

Тоғжан ИСКАНДИРОВА,

Сычуань ғылыми-техникалық университетінің студенті:

«Қытайда тәртіп қатал»

Қытайда қай салада да өте қатаң тәртіп қалыптасқан. Мысалы, мектеп оқушысы себепсіз 12 рет сабақтан қалса, оқудан шығарылады. Таңғы 6-да университет алдында немесе бақ ішінде қолына кітап алып, дауыстап оқып, жаттап жүрген студенттерді көргенде таң қалғаным бар. Студент пен оқытушы арасында еркін қарым-қатынас қалыптасқан, соған қарамастан, ұстазға деген құрмет ерекше. Биыл Елбасымыз «Жастар жылын» жариялады. «Жастар жылында» Қазақстанның дамуына үлес қосатын айқын қадамдар жасалғанын қалар едім.

Біздің елде барлық жоғарғы оқу орындарында бірдей нақты жүйе қалыптаспаған. Болондық жүйенің әр оқу орнында әртүрлілігі, қосымша пәндерге көп көңіл бөлу сияқты мәселелер де біржақты ететін кез жеткен сияқты. Елге нақты бір саланың мықты маманы болып оралып, білім саласының дамуына үлес қоссам деймін.

Ал, қазір жат жұртта жүргенде елімді барынша жақсы жағынан танытып, әлемде қазақ дейтін дархан елдің бар екендігін көрсетуге тырысамыз.

Айтпақшы, қытайлықтардың қолдарын кеудесіне қойып, иіліп амандасатыны қазақтарға ұқсас. Неғұрлым төмен иілсеңіз, құрметіңіздің жоғарылығын көрсетесіз.

Көшеге шыға қалсаңыз, ауыр жұмыстарды ер-азаматтар мен бірге әйелдердің қатар атқарғанын байқайсыз. Сонымен қатар, әр жерде топ болып би билеп, спортпен айналысқан халық көп. Мұнда барлығы – тең.

Сычуань қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button