Бас тақырыпПрезидент

Жастар жылы – жаңа леп, жаңа толқын

Сәрсенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Астана төріндегі «Нұр Әлем» кешенінде Жастар жылының ашылу салтанатына арналған форум өтті. Шараға бизнес, ғылым, өнер, спорт, журналистика, әскер сынды түрлі сала үздіктері, «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпаздары, жас депутаттар, қоғам белсенділері қатысты, сондай-ақ, өңір жастары онлайн режимде байланысқа шықты.

БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН БАСТАМА

Өткен жылы Президент «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру мақсатын көздей отырып, «Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деген болатын. Кейін, Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойған еді.

Елорда төрінде өткен еңселі басқосу – Жастар жылының басталуы, анығында, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдаудың бірегей мүмкіндігіне айналды. Әрине, бұған дейін де жастарымыз елепескерусіз қалмаған болатын. Мәселен, шет мемлекеттерде білім алуға ұмтылған жастар «Болашақ» бағдарламасына басымдық берсе, жас футболшыларымыз ала доп отаны ретінде айғақталған Бразилияда шеберлік шыңдау мүмкіндігіне ие болған еді. «Дипломмен ауылға!», «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Серпін – 2050» жобалары тағы бар. Бұдан бөлек, жастар мен жас отбасылардың баспаналы болу мәселесі де мемлекет тарапынан қолдау тапты. Яғни, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 2012 жылы қолға алған «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы екі бірдей бағытта жүзеге асырылса, соның бірі – «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» жобасы. Өткен жылы Президенттің бес әлеуметтік бастамасында «Жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек» деп айрықша айтылды.

Бұл – жастарға бұған дейін жасалған қамқорлықтың бір парасы ғана. Десек те, осы бастамалардың бас-аяғын түгендеп, бір арнаға тоғыстырып, кешенді бағдарлау, қырағы қадағалау мәселесі қолға алынбай келді. Әр сала төңірегінде жіліктеліп, басқармалар аясында бұтарланып қала берді. Кешенді түрде қолға алынбаған бастамалардың келешегі де бұлыңғыр еді. Сенімді серпіліс, өнімді өзгеріс қажет-ақ. Оның да оңтайлы жолын Президент бастап берді. Сондықтан, бұл бастамадан ел жастары ерекше үміт күтеді. Жастар жылы деп айдарланып, жастар мәселесіне қатысты осындай ауқымды жоба да, құжат та қабылданған емес-тұғын. Тарихи оқиға ретінде таразылау қажет!

Сонымен, Жастар жылының ашылуы несімен есте қалмақ, нендей өзгеріс күтеміз? Бүгінгі жастардың қажетіне құлақ түріле ме? «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалмас үшін қандай қадам жасау қажет? Бұл ретте, Елбасы Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктеді. Айшықты шараның ашылу салтанатында сөз алған Мемлекет басшысы «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр» деді. Бұл ретте, жас қазақстандықтардың қажеттілігін қамтитын қарапайым да түсінікті қолдау құралдарын әзірлеу мәселесі ескерілді. Қажеттілік деп отырғанымыз, қолжетімді әрі сапалы білім, жұмысқа орналасу мен баспаналы болу, отбасын құру мүмкіндігі. Осы тұрғыда, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке негізгі 5 бағыт бойынша қолдау шараларын әзірлеу туралы нақты тапсырма да берді. Ол – жастарды жұмыс, тұрғын үймен қамту, өнерлі, талантты жастарды қолдау, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік жасау. Сондай-ақ, жас отбасыларға қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау, әлеуметтік инклюзив салаларында тиімділікті арттыру тәсілдерін өзгерту де айтылмай қалмады. Сөйтіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жастар мәселесін шешуге арналған Жол картасын әзірлеуді қолға алмақ. Ал, осы өңір жастарын қолдауға қатысты қандай байыпты бастама, нақты іс-шаралар жоспары бар?

«ҚОЛДАУ. СЕНІМ. МҮМКІНДІК»

 Өңіріміздегі Жастар жылы осы ұранды ұстанбақ. Әрине, Мемлекет басшысының бастамасы әдепкі науқанға айналып, Ұлы Дала жастары ұраншылап кетпесе игі еді. Берері шамалы басқосулар мен жиындар азайып, орнына жастар қажеттілігін қамтитын нақты міндет-мақсаттар күткен едік. Солай боларына да сенім білдірейік. Себебі, осы күні аймақ тұрғындарының 21,1%-ы – 14- 29 жас аралығындағы азаматтар. Яғни, облыстағы әр бесінші азаматы – жастар санатында дегенге саяды. Бұл көрсеткіштің аз, не болмаса, көп екенін алға тартқымыз келмейді. Мәселе онда емес. Мәселе – аталған 21,1%-дың Жастар жылында тиімді қамтылуында. Осы тұрғыда өңір жастарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған, кең ауқымды, ұзақ мерзімді әлеуметтік жобалар жүзеге аспақ ойда. Оның басым бөлігі мекенжайлық, ақпараттық жұмысты ұйымдастыруға негізделген екен.

Сөйтіп, жыл көлемінде барлық мүдделі органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе отырып, бірнеше бағытты қамтитын кешенді жұмысты қолға алады. Яғни, ұзын-ырғасы 140-тан астам әлеуметтік маңызы бар шара өткізу жоспарлануда. Ал, Елбасының жастарды қолдау шараларына қатысты Үкіметке жүктеген негізгі 5 бағыты бойынша өңірімізде жүйелі жұмыс жасалмақ.

«7-20-25»

 Соның алғашқысы – жастардың баспана мәселесі. Мемлекет басшысы Астана, Алматы және Шымкент сынды ірі қалалардағы жастарды тұрғын үймен қамтуға қатысты жылына 1 мың пәтер құрылысын бастауды алға тартқан еді. Бұл ретте, осы өңір атаусыз қалғанымен, аймақ жастарын қолжетімді баспанамен қамту мақсатында кешенді әлеуметтік жобалар қолға алынбақ. Жастарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің», Қазақстан ипотекалық компаниясының өкілдерімен жүздесулер ұйымдастырылып, «7-20-25» жобасының негізі шарттары мен ережелері түсіндірілетін болады.

ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ САПАЛЫ БІЛІМ

Елбасы көтерген екінші мәселе – жастар жұмыссыздығы. Жыл көлемінде облысымызда «Jastar u‘shin» қозғалысы жүзеге аспақ. Мұндағы мақсат – жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап, кәсіпкерлікке баулу, оқыту, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі басымдылықтыран жеткізу. Бұл ретте, «Жастар – жастарға!» атты ақпараттық-мәдени керуен жолға шықпақ. Ол – кәсіби бағдарлау, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуді көздейді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кәсіпкерлік тұрғысынан қысқы және жазғы студенттік оқыту жүргізіледі. Ауыл жастары кәсіпкерлігін ынталандыру мен дамытуға бағытталған облыс әкімі Гранты бойынша конкурс өткізіледі. «Заманауи бизнес үлгісінің жеті қыры» тақырыбында республикалық жастар бизнес-конференциясы ұйымдастырылады.

Аймақ инфрақұрылымының мемлекеттік және халықаралық стандарттарға жауап бере алу мүмкіндігі сарапталады. Жастарға арналған коворкинг-орталықтары ашылып, Жастар үйінің негізін қалау мүмкіндігі қарастырылмақ. Сондайақ, білім сапасын арттыру мен ғылым саласын дамытуға қатысты «Open English» атты 3 жоба қолға алынады. Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында кәсіпкерлік негізі оқытылады. Робототехника алаңы іске қосылып, инновациялық жобалар конкурсы ұйымдастырылады. Сөйтіп, биыл Сәтбаев қаласында Оқушылар сарайы ашылып, өңіріміздегі білім ордаларында жаңадан 4 жатақхана бой көтереді.

ӨНЕРЛІ ЖАС – ӨҢІР МАҚТАНЫШЫ

Елбасы ерекше тоқталған үшінші бастама – өнерлі жастарды қолдау Дарынды жастарға қолдау көрсету үшін өңірімізде 19 шығармашылық жоба қолға алынбақ ойда. Соның ішінде, облыс әкімінің «Қайнар» сыйлығы бар. Сондай-ақ, Қ.Аманжолов оқулары, Мәди Бәпиұлы, Ш.Ділдебаев атындағы байқаулар, «Текті сөздің төресі – терме» атты жыр-терме сайысы, «Жас қанат» конкурсы сынды ірі 5 шара ұйымдастырылатын болады. Жазушылардың облыстық форумы, «Кітапханаға кітап сыйла», аймақтардағы республикалық жастар ұйымы күндері сынды 2 республикалық акция тағы бар. Республикалық «Өнеріміз саған, Қазақстан!» фестивалі мен әлеуметтік жастар театрын құру жобасы да ескерусіз қалмайды.

Әрине, жастар саясаты қоғамдық жастар бірлестігінің, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді араласуы негізінде жүзеге асады. Сондықтан, жыл көлемінде жастармен жұмыс жасайтын мамандар үшін үкіметтік емес жастар ұйымдары мен медиа-ресурстарды дамыту мақсатында оқыту семинартренингтері, вебинарлар өткізіледі. Азаматтық бастамалар форумы, жас журналистер мен блогерлер слеты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарын елге танытуды мақсат ететін ақпараттық-имидждік шаралар ұйымдастырды.

ОТАНДЫ СҮЮ – ОРДАЛЫ ІС

Мемлекет басшысы айрықша атаған төртінші мәселе – патриоттық тәрбие. Өңірімізде жастардың отансүйгіштік қасиетін нығайта түсу, ұлтаралық келісімді бекем етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жыл көлемінде 40-қа жуық жоба жүзеге асады. Соның ішінде, әскери-патриоттық кешенді тәрбие шаралары тағы бар. «Мемлекеттік қызметші мектебі», «Сарыарқа – адалдық алаңы», «Жастар кадрлық резерві» сынды әлеуметтік маңызы бар жобалар, еріктілер қызметін қолдауға бағытталған «VolteQ» бастамасы қолға алынады. Әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, республикалық, облыстық форумдар, түрлі акциялар мен кездесулар ұйымдастырылмақ. Солардың қатарында «Менің үлесім», «Ассамблея жастары», «Отаншыл», «Ұлы Дала елінің сокралды мұрасы», «Достық шаңырағы», «Юрта-life», «Өз өлкеңді танып біл» жобалары бар.

ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫНА ОРЫНДЫ НАЗАР

Жастар жылындағы берекелі бесінші бастама – жас отбасыларға қолдау көрсетіп, салауатты өмір салтын ұстануға ұйытқы болу. Бұл ретте, өңірімізде «Бақытты отбасы» клубының жұмысы қолға алынып, жас отбасыларға психологиялық және заңнамалық тұрғыда көмек көрсететін кабинет ашылатындығы туралы айта кету қажет. Бұл бастамалар отбасы құндылықтарын насихаттай отырып, ел жастарына ерекше серпін беретініне сенгіміз келеді.

Ал, салауатты өмір салтын ұстануға қатысты биыл облыста түрлі деңгейдегі 27 шара ұйымдастырылып, жастарды спортпен айналысуға шақыратын болады. Сөйтіп, осы жылы облыстық жастар денсаулығы орталығы, 32 спорт алаңы, 20 хоккей корты, Абай және Қарқаралы аудандарында 2 дене шынықтырусауықтыру кешені ашылады. Сондайақ, облыс орталығында Қ.Байшолақов атындағы күрес орталығы мен бассейні бар сауықтыру кешенінің құрылысы басталмақ. Мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған бұқаралықспорттық шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек, өмірлік қиын жағдайларға тап болған жасөспірімдер арасындағы өзөзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алуға бағытталған жобалар жүзеге аспақ.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button