Қарағандыдағы №45 мектеп-гимназиясында спортқа бейім жастардың қарасы қалың. Апта сайын оқушылар түрлі байқаулардан мектеп қоржынына жүлде салып жүр. Одан бөлек, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің жеңіл атлетикадан дәстүрлі түрде өткізетін эстафетасынан да бірнеше жыл қатарынан жеңісті қолдан бермей келеді. Бір сөзбен айтқанда, мектеп басшылығы баса басымдықты спортқа берген. Осы мақсатта мектеп қабырғасында Олимпиада чемпионы, «Вэл Баркер» кубогының иегері Серік Сәпиев оқушылармен кездесіп, спорт мансабы жайында айтып берді. Аталған шараны «Шахтёр» КМҚК арнайы ұйымдастырған.
Сөз басында аталған кәсіпорынның инспектор-әдіскері Қайыржан Тілеубергенов бастаманы биылдан қолға алғандығын сөз етті.
– Жастар – спортқа әуес. Түрлі додалардан топ жарып жүрген жастарымызға қарап көңіл марқайып қалады. Ал, осындай жастарға ерік-жігер беріп, намысын қайрау үшін аға буынның ақылы керек-ақ. Осы мақсатта Серік Жұманғалиұлын арнайы шақыртып, жас спортшылармен кездесу өткізуді жөн көрдік. Арамызда отырған жастардан ертең Олимпиада чемпионы шықпасына кім кепіл? Әрі Олимп шыңын бағындырған өзіміздің жерлесіміз. Сол себепті жас спортшылар чемпионға қарап бой түзеп, бәрі мүмкін екендігін көрсін деген ниетпен арнайы шақырттық, – деді Қайыржан Кәрімұлы.
Кездесу барысында мектептің жас спортшылары чемпионмен фотоға түсіп, естелікке қолтаңбасын алды. Одан бөлек, көкейде жүрген алуан сұрақтарын жолдады. Тіпті, ақыл-кеңес те сұрады. Ал, чемпион болса, жас спортшыларға жаттығуды үзбеу керектігін баса айтты.
– Кейде қарсыласыңнан жеңілгеніңде қолыңды бір сілтеп, спортты тастап кеткің келеді. Бірақ, жақындарың қолдау көрсеткенде бәрін ұмытып кетеді екенсің. Қолбағыңды қайта киіп, жаттығу залына қалай келгеніңді де білмей қаласың. Бастысы – тұрақтылық. Қателігіңмен жұмыс істеп, жаттығуды үзбей жасауың керек. Менің спортқа келуіме әке-шешем себепкер болды десем, артық айтқаным емес. Балалық шағымызда интернет, ұялы телефон болмады. Сонда әке-шешеміз: «Бос жүрмей жаттығу залына бар» деп мені залға әкелген. Қарсыласымнан жеңіліп, спорттан кетемін деп ойлап жүргенімде де әке-шешем қолдау көрсетті. Сол кісілердің қолдауымен тұрақтылықты үйрендім. Ал, тұрақтылықтың жемісі – жеңіс, – деді Серік Жұманғалиұлы.
4-сынып оқушысы Дамир Ярулиннің бокспен айналысып жүргеніне төрт жылдан асқан. Сонымен қатар, таэквондоны да қатар алып жүр. Жасы небары онда болса да, облыстық, республикалық турнирлерде үздіктер қатарында. Жас спортшы «Олимпиада чемпионымен кездесу өтеді» дегенді естіген соң өзінің бокс қолғабын қол қойдыруға алып келіпті. Бір ерекшелігі, бұл қолғапта әлемдік бокс жұлдыздары Майк Тайсон мен Костя Цзюдің, отандасымыз Геннадий Головкиннің және басқа да спорт саңлақтарының қолтаңбасы бар.
– Мен көп жарысқа бардым. Медальдарым да көп. Әр турнирге барған сайын әкем қолғабыма белгілі боксшылардың қолын қойдыртып береді. Енді «Серік ағамның қолын қойдырамын» деп күтіп жүрген едім. Сәті бүгін түсті. Бір арманым орындалды. Мен де Серік ағам секілді керемет боксшы болғым келеді, – деді жас спортшы.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Надежда Маханова болса, жастарды саламатты өмір салтына баулу үшін басымдықты спортқа бергенін баса айтты.
Мектептегі оқушылардың басым бөлігі спортпен айналысады. Әсіресе, бокс, жекпе-жек өнері және жеңіл атлетикамен айналысатындар көп. Әр апта сайын мектеп жиынында орын алып келген спортшыларымызды марапаттап тұрамыз. Оқушыларымыздың әр жетістігі – біз үшін зор мәртебе, – деді Надежда Анатольевна.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ