Жаңалықтар

Жастар – жемқорлыққа қарсы

Қарағанды қаласында «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармамен бірге студент-жастар қозғалысының көшбасшыларымен кездесу өткізді.

«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асуда. Жобаның мүддесі – жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім деңгейін арттыруға бағытталған. – Жобаның басты міндеті – «тұрмыстық» жемқорлықты жойып, қарапайым халықтың алаңсыз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Жоба аясында еліміздің барлық саласында бірқатар іс-шара атқарылып, аз уақыт ішінде халық арасында оң бағасын алып үлгерді. Жоба ең алдымен, адамның санасына сәуле түсіріп, адамды, қоғамды түзетуге бағытталған. Сондықтан, адалдық, әділдік жолындағы басты құндылығымыз – қоғам, ал қоғамды өзгертер күш – білім мен адал еңбек, – дейді «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Малика Кусенбаева.

«Адалдық алаңына» келгендер жоғары оқу орындарындағы келеңсіз оқиғаларға тоқталды. Жиында сөз алған Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің комплаенс офицері Александр Урмашов:

– Өздеріңіз білесіздер, жемқорлық – қоғам дерті. Біздің университетте сыбайлас жемқорлыққа – жол жоқ. Осы мақсатта арнайы штаб құрылған. Мысалы, біз, бүгінгі күні басқа қалалардағы медициналық университеттермен бірге жұмыс істейміз. Мақсатымыз – жастардың бойына адалдықты сіңіру. Жоғары оқу орындарында әлі күнге дейін «тұрмыстық» жемқорлық тыйылар емес. Осы бағытта атқарылар жұмыс көп. Шет елде, егер студент бір оқу орнынан екіншісіне ауысып барса, оның арнайы толтырылған парақшасында «неге» кеткені туралы нақтылап тұрып жазылады. Бұл – оқытушыларға да қатысты. Ал, бізде ондай жоқ. Жемқорлықпен көзге түскен оқытушы қайта жұмысқа тұрса, студент басқа оқу орнында оқи береді. Алдағы уақытта бұл жүйе бізде де қолға алынады, – деді.

«Жас Отан» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов жастарды жаман әдеттен аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар, қазіргі таңда жастар үшін барлық жағдайлар жасалып жатқанын тілге тиек етті.

– Әр оқу орнында арнайы жәшіктер қойылған. Оған кез келген студент өзінің арызын қалдыра алады. Тоқсан сайын қарап, талаптарға көз саламыз. Осының арқасында біршама жұмыс қолға алынды. Мысалы, бірнеше оқу орнында жатақхана салынды. Әрине, студенттерге оқу үшін жағдай керек. Мұны да ұмытпаймыз. Сондықтан, адалдықты ту етіп ұстауымыз керек, – дейді Ержан Хамитов.

Жиын соңында ақын, әнші әрі студент Ұланғасыр Қами «Адал ішкен ас – тәтті» дей келе өз репертуарындағы танымал әнін орындап берді. «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Малика Кусенбаева алдағы уақытта облысқа қарасты қала мен аудандардағы оқу орындарында да осындай кездесулер өткізетінін жеткізді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button