Ресми

Жастар жасампаздыққа жол ашады

Аймақ жастары жылды қорытындылап, жоспарын бекітті. Жастар кеңесінде болашақта қоғамға пайда әкелетін жобаларға көңіл бөлініп, орта буынның әлеуетін арттыру сөз болды. Келер жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларды ұлғайту мүмкіндігі қарастырылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынның төрағалығымен өткен өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында биыл қол жеткізген нәтиже талқыланды. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов жұмыссыз жастар мен NEET санатындағыларды жұмысқа орналастыруға баса көңіл бөлінгенін айтты. Сондай-ақ, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, біліктілік арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Жастар саясатын іске асыруға 14 ресурстық орталық ықпал етеді. Балалар үйінің түлектері үшін психологтар мен заңгерлер кеңес беріп, әдістемелік көмек көрсетеді. Осы уақытқа дейін Ақтоғай ауданында коворкинг, Теміртау қаласында Жастар орталығы, Қарағанды медицина университетінің студенттеріне арналған 400 орындық жатақхана ашылды.

Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-де 500 орындық жатақхананың құрылысы басталады, – деді Біржан Әлімжанов.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жыл сайын жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға гранттар бөлінеді. 2023 жылы 50 әлеуетті бизнес-жоспар мақұлданды. Биыл іске қосылған жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жеңілдетілген шағын несиелеу бағдарламасы бойынша 365 несие берілді.

Сондай-ақ, тұрғын үймен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Биыл 121 пәтер берілді. Сондай­ақ, жас мамандар үшін өңірлік ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Биыл оған Теміртау қаласының жастары қатысты. Бағдарламамен облыстың басқа өңірлерін қамту және «жетім балалар» санатын қосу жоспарлануда.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында 14 мыңнан астам қарағандылықтарды жұмыспен қамту шараларымен жұмылдыруға мүмкіндік туды. Бұл бағытта жастарды жұмысқа орналастыру биліктің басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Осы мақсатта «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» сияқты мемлекеттік жобалар іске асырылуда.

Сондай-ақ, кеңес отырысында жастардың мәдени бос уақытын қамтамасыз ету және бұқаралық спортты дамыту мәселелері сөз болды.

– Кеңестің әрбір мүшесі патриотизмнің, парасаттылықтың, адалдықтың елшісі болуға тиіс. Біздің әрқайсымыз осы ұғымдар мен құндылықтарды көпшілікке жеткізуіміз керек. Сонда ғана жұмысымыздың мәні болады. Жастар саласында шешілмеген мәселелер қалса да, орасан зор жұмыс атқарылды. Әлі де жастармен жұмыс істеуге, жетім балалар бойынша жұмысты күшейтуге көп көңіл бөлу керек, – деп атап өтті Ерлан Құсайын.

Жиында жастар ісі жөніндегі кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button