Жаңалықтар

Жастар жайы – талқыда

Жыл басынан бері облысымызда 185 келіден астам есірткі тәркіленген. Соларды жарнамалап, саудасын қыздырып отырған 65 сайт пен аккаунт бұғатталған. Мұны әкімдікте өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа жауапты мамандар мәлімдеді.

Облыс әкімі полицейлерге есірткі саудасымен күресуде тың әдістерді ойластыруды тапсырды. Өйткені, уақыт өткен сайын саудагерлер тауар таралымының ауқымын кеңейту үшін түрлі айла-тәсілге барып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы танымал блогерлер мен қоғам белсенділерін есірткімен күресте қол ұшын созуға шақырды.

– Бұл жаһандық проблема. Нашақорлыққа қарсы профилактикалық жұмысты күшейту қажет. Жасөспірімдер өз әрекеттерінің салдарын түсінбейді. Бір рет қолданғаннан ештеңе болмайды деп санайды. Оларға жүрген ортасы әсер ететіні мәлім. Ата-аналар да баласына қажетті деңгейде көңіл бөлмейді. Осының бәрі балаға әсер етеді. Жасөспірімдерді спортқа баулып, пайдалы шараларға тарту керек. Ол үшін қызықты шаралар жасаған жөн, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Полиция қалалық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеп, ғимарат қабырғаларынан есірткіні жарнамалайтын 700-ден астам графитиді өшірген. Сонымен қатар, 100-ден астам ойын-сауық мекемесінің басшыларымен психотроптық заттардың таралуына жол бермеуге қатысты меморандумға қол қойған.

Былтыр оқушыларға есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымы, сондай-ақ солардың зияны туралы бейнероликтер көрсетіліп, мыңнан астам дәріс оқылған.

– Статистикаға және зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, адам есірткіні алғаш рет 15-17 жасында татып көреді. Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысқа полиция, тұрғындар мен еріктілер жұмылдырылған, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманғали Исмағұлов.

Екі апта бұрын облыстық полиция департаментінің базасында еріктілер қозғалысының форумы өткен. Оған екі мыңнан астам оқушы мен студент қатысқан. Форумда нашақорлықтың алдын алу бойынша одан әрі бірлескен жұмыс формуласы әзірленді. Саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған белгілі тұлғалардың қатысуымен бірқатар спорттық шаралар жоспарланыпты.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button